​«Жақсы күйеу табылса бәрін тастап тиер едім»: алматылық әйел байлықтан шаршағанын айтты

0
16 906

«Ағайынмен арқа-жарқа араласқанның өзі бір бақыт екен...»


​«Жақсы күйеу табылса бәрін тастап тиер едім»: алматылық әйел байлықтан шаршағанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Енеден шаршадым, күйеуім асырамайды, тұрмыстық өмір қажытып жіберді...» деп шағынатын әйелдердің жазбасын жиі оқимын. Әсілі, адамға ештеңе жақпайды екен. Біреу тәуелсіз болғанды қалайды, жанында жатқан жолдасынан жерінеді, ал біреулер отбасылық өмірді аңсайды. Мысалы мен, қызылды-жасылды өмірден шаршадым...» - дейді ERNUR.KZ ватсап желісіне хат жазған Ақмарал дейтін оқырман.


Алматыдағы мекемелердің бірінде бөлім басшысы боп істейтін бұл кісі он бес жыл бұрын болған оқиғасымен бөлісіпті.


«Ауылдың шаңын жұтып, суын ішіп өскен қарапайым қыз едім. Ата-анам мәпелеп өсірді, оқытты. Мектепте үздік болдым. Оны бітіргесін мен қалаға, қаржыгер мамандығына оқуға түстім. Әкемнің малы көп еді, қаладан бір пәтерді жалдап берген. Группаластармен, достармен күнде думан, күнде той жасап жүріп, төрт жыл өте шықты.


Оқу бітіре сала әкем бір құдасын араға салып жүріп мемлекеттік мекемелердің бірінеесепші етіп кіргізіп қойған. Білгенімнен білмегенім көп, десе де таныс арқылы келгесін мені жасы үлкендеу бір апай әбден үйретіп, өзінің орнына дайындады. Көз тартарлық көркім бар, оның үстіне есепшінің жұмысы бірінші басшымен тікелей байланысты болғасын, жасы қырыққа әлі жете қоймаған бастықпен жиі ұшырасып қалып жүрдік. Өзім кішкентайымнан өлеңге, әнге құмар боп өскем. Бастығым да жұмысында ара-тұра домбыра шертіп, өлең оқып қоятын. Соның арқасында әңгімеміз жарасып, қызметтік махаббатымыз басталып кетті.


Бірте-бірте бастығымның оң қолына айнала бастадым. Ым-жымымыз бір болды, мекеменің шаруаларын көбіне менімен ақылдасатын еді. Кей күндері түнделетіп те жұмысымыз таусылмайтын болды. Қайбір алып бара жатқан жұмыс дейсің, сол бастығымның көзіне түсу үшін кабинетімде тапжылмай отырамын ғой. Сөйтіп-сөйтіп мен оның нақсүйеріне айналдым.


Өзім қыздармен кездескенде «Қыздар, біреуге тиіп, оның кір-қоңын жуып, асты-үстіне түсіп, одан қалса ата-ененің қас-қабағына қарап өмір сүргеннің не рахаты бар? Одан да өзің қалаған қалталы біреуден бала туып алып, өзің үшін өмір сүрген артық» деп айтушы едім. Сол арманымды Құдай бере салды. Бастығымнан аяғым ауырлағанда бір-ақ білдім. Жаңалықты жігітіме айтып ем, «ажырасып, саған үйленем деп айта алмаймын, бірақ осы баланы өмірге әкелсең бар жағдайыңды жасаймын» деп уәде етті. Бірақ некесіз бала тапсам ата-анамның күйі не болмақ? Осылай бірнеше күн бір шешімге келе алмай басым қатты. Мұнымды жақын бір құрбыма айтып ем, бірден іске кірісіп кетті. «Қыз тауып берші» деп қоймай жүрген бір сыныптасы бар екен. Мені сонымен таныстырды. Екі аптада төрт мәрте кездестік те, үйленеміз деген шешімге келдік. Ата-анам мені қолдан ұзатты, үлкен той өтті. Тойдан кейін күйеуім менің қыз еместігімді біліп, қатты ренжіді.


Осылайша біздің арамыз суи берді. Күнде ішіп келетін болды. Сезіммен емес, есеппен күйеуге шыққан соң ба, мен де ол үйге сіңісе алмадым. Жұмысым көп деп үйге кеш қайтам. Ондай келінді кім жақтырсын, бір ай өткенде енем мені күйеуіме жамандап, ұрғызды. «Сыныққа – сылтау» демекші, сол сәтті пайдаландым да төркініме тартып отырдым. «Ішетін, ұратын күйеумен тұра алмаймын» деп жылап барып ем, әке-шешем бір сөзге келмей ажыратып алды.


Осылайша ай-күнім жетіп, ұл туып алдым. Екі-үш айдан кейін баланы қарайтын адам тауып, өзім жұмысқа қайта түстім. Сөйтіп өмір өтіп жатты. Балам қазір 15 жаста, бір өзім бағып-қағып өсіріп жатырмын. Жұрттың не ойлайтынын қайдам, балам әкесінің аузынан түсіп қалғандай. Обалы не керек, әкесі екеуі жақсы араласады. Ақшалай да, басқалай да көмегін аяған емес. Қаланың ортасынан ойып тұрып үш бөлмелі пәтер әперген. Қазір қызметі жоғарылап, басқа бір мекемеге басшы боп кетті. Десе де әлі күнге байланысып, кездесіп тұрамыз.


Жігітімнің арқасында жылына екі рет шетел асып, курорт кезіп, шалқып жүрмін. Астымда қымбат көлік, қалта толған ақша, жаныма не керектің бәрі бар... Бірақ жүрек тыныш емес. Бірдеңе жетпейтіндей аласұрады да тұрады. Қарап отырсам, маған күн сайын жанымда қолдау білдіріп, шүйіркелесіп шай ішіп, мұңымды тыңдайтын, сырымды бөлісетін күйеу жетпейді екен. Байлық та, басқа да күйеудің орнын алмастыра алмайтынын ұқтым. Балама да әкенің тәрбиесі, әкенің әңгімесі жетпейтіндей. Әкесі бір күнін баласына арнаса, сол күні төбесі көкке бір елі жетпей қалғандай қуанады. Жоқ болса жабырқаулы жүреді.


Егер күйеуің ұрып-соқпаса, жан-жаққа көз тікпей, үйге тіке келіп, тіке шығып жүрсе, онда одан артық бақыт жоқ. Балалардың у-шуы мен ағайынның абыр-сабыры да адамға керек екен-ау деген ойға қалдым. Жақсы күйеу табылса бәрін сарп етуге дайынмын».