​«Жаназада ешкім жылаған жоқ»: түркістандық азамат әйелінің ішімдікке үйірлігіне уайымдайды

0
1 788

«Ішпедім» деп бетіме бүлк етпей қарап тұрады, аузының арақ сасып тұрғанын ойламайды»


​«Жаназада ешкім жылаған жоқ»: түркістандық азамат әйелінің ішімдікке үйірлігіне уайымдайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адамның қандай болғаны, оның жүріп өткен жолы, айналасына жасаған жақсылығы мен жамандығы ол қайтыс болғанда таразыға түседі екен. Жаназаға жиылған жұрт бәрін айтады. Жақсы болсаң айқайлап айтады, жаман болсаң екеу-үшеу боп сыбыр-күбір әңгімені жібереді. Яғни сырт көзден ештеңені жасырып қалу мүмкін емес», - дейді Нұрғали есімді азамат.


Төрт бала тәрбиелеп отырған оқырманымыз амалсыздан ERNUR.KZ редакциясына хабарласып отырғанын айтты. Оның ең басты мәселесі – әйелі екен. Көпшіліктен ақыл-кеңес сұрағысы келіпті.


«Жаназа деп әңгімені бастағаным, таяуда алыстау бір құдамыздың әйелі қайтыс болды. Құданың өзі де үш жыл бұрын ковидтен өмірден өткен. Әпкемнің қайын жұрт жағы еді, көз көріп, дәмдес-тұздас болған соң барайық, қарияға, басқа құдаларға көңіл айтайық деп ағам екеуміз жолға шықтық. Барсақ мәйітті әлі үйіне әкелмеген екен, есіктің алды абыр-сабыр. Бірақ жылап жатқан адам жоқ. Тек әлгі, әпкеміздің абысыны ғана оқта-текте «Баламды алдың, енді келінім кетті, одан гөрі төрімнен көрім жақын қалған мені алмадың ба» деп қарлығыңқы үнімен жылағансып қояды. Сексеннен асып қалған апа ғой, қайтсін енді, қара шаңыраққа ие болар ұлы, артынан келіні кетті. Соған күйініп отырғаны ғой. Бір таңғалғаным, марқұмның артында қалған балалары да бір нүктеге қадалған күйі отыра берді. «Ойпырмай, аналарын жоқтамағаны несі» деп ойланып қалғам.


Құдағи ападан басқа ешкімнің марқұмды жоқтап жыламағаны кейін белгілі болды. Қара шаңыраққа ие боп қалған келін ішімдікке салынып кеткен екен. Үйіндегілерді, айнала-туғанды әбден масқаралап, көшеде аунап ішіп, ауылға атағы жайылған кісі болыпты. Араққа салынып кеткені соншалықты, соңғы кездері көзіне әрдеңе елестеп, өзінен-өзі шошып, көшеге қашып кете берген соң жүйке аурулары ауруханасына жатқызғанға ұқсайды. Сол жақта қайтыс болыпты. «Ел-жұртқа күйік болмай, кеткені де дұрыс болды, күйеуі марқұм жуас, жақсы адам еді» деп еркектер жағы күбір-күбір әңгіме айтып қалды.


Осы жағдай мені де қатты ойландырып қойды. Қазір менде ұйқы жоқ. Болашағымды ойлап, басым қатып кетті. Олай дейтінім, менің де келіншегім соңғы 3-4 жылдан бері ішкілікке үйір болып алды. Іздеп жүріп ішпейді, ондайға Құдай жеткізе көрмесін. Бірақ тоц-жиындарда тартынбай, ешкімнен қысылмай стаканды аузына атып ұрады.


Талай мәрте айттым, нәтиже шықпаған соң ұрдым, өтірік алдап қайтем. Кей кездері балаларға масқара болмасын деп үйге кіргізбей қойғанымды да жасырмаймын. «Оллаһи» деп ант-су ішеді де, біраз уақыттан соң берген уәдесін ұмытып, той-жиында сіміріп салып отыра береді. Жасымыз 45-тен асты, отасқанымызға жиырма жылдай уақыт бопты. Үлкеніміз бірінші курста оқиды. Балалар есейіп қалғанда «әйелім арақ ішкенін қоймайды» деп ажырасып кеткен де ыңғайсыз екен.


Алғашқы кездері құрдастармен бас қосқанда достарым мені қинайтын. Көлік жүргізетін болғасын ішпеймін, тегінде ішімдікті жақтырмайтын адаммын. Сосын олар «онда бір үйден бір адам ішсін, ырымын жасасын» деп әйелімді қолқалады. «Мейлі, онда тұрған не бар, көңілі көтеріледі» деп рұқсат берген өзім кінәлімін. Басында бір-екі стаканнан кейін «болды, рахмет» деп өзі де ішпей, аузын тыя білетін. Ал қазір қызара бөртіп, ішкенін көтере алмай, еркектермен дарақылана күліп, ұятсыз анекдоттар айтып отырғанда «сорлы, өзіңе де сол керек, рұқсат беріп нең бар еді» деп өзіме ұрысып, кірерге тесік таппай кетем.


Әулетімізде ішетін адам жоқ. Ағам әйелімен, інім үйіндегі келінмен бірге намаз оқиды. Ағайындардың той-жиынында менің әйелім қымсынбастан келген құдалармен қолды айқастырып тұрып ішеді. Жай ішіп қойса мейлі ғой, үлкендерден қысылмай ортаның шаңын шығарып тұрып билейді. Өткен жолы үлкен ағам «Нұрғали, сендер келінді алып қайта беріңдер, тойды өзіміз жайғастырып, жинастырып аламыз» дегенде әңгімесінің төркінін бірден түсініп қойдым. Әйелімнен ұялып тұр ғой бәрі. Тура айтса менің көңіліме тиіп кете ме деп тұспалдап тұр. Дереу оны сүйрелеп, көлігіме отырғызып үйге алып келдім.


Сол күні үйден береке кетті. Келе сала шу шығарып, екеуміз қырық-пышақ болдық. Жоғары сыныпта оқитын балам да «мама, не бәле мынау, ел-жұрт уже «мамаң қуады екен ғой» деп бетіме айтып жатыр. Ішкеніңізді қойсаңызшы» деп әңгімемізге араласып кетті. Есейіп қалған балаларға үлгі боп, тәрбие беріп жүрудің орнына осылай айтысып-тартысып өмір сүріп жатырмыз.


Қазір әйелімнің ішімдік ішкенінен ыңғайсызданамын деп, тойлардан да қашатын болдым. Соңғы рет ішкенінде әйеліме айтпайтын сөзді айтып, әбден айқайлап қол да жұмсадым. Жылап тұрып, кешірім сұрап, кейде еркіне бағынбай қалай ішіп қоятынын білмейтінін айтты. Аяп та кеттім. «Сені емханаға жатқызайын, ішкілікке құмарлықты басатын ем аласың ба» деп те айтып көрдім. «Ойбай, атама, өзім қоямын, ол жаққа апарма» деп уәдесін береді. Бірақ кейін ұмытып кетеді. Қазір менен қорқып қалған, көзімді ала бере көрсетпей ішіп алады. Сөйтіп «ішпедім» деп беті бүлк етпей бетіме қарап отырады.


Жалпы, ішімдік адамға қажет нәрсе емес екен. Әсіресе әйел адамдар мүлдем жоламағаны жөн. Балалар ержеткенде ажырасқан ыңғайсыз, бірақ бір үйде тұрған соң намысыңа да тиеді, осы күні той-жиындарға бармай, сыйлығымызды «каспиге» салып отыра беретін болдық. Қайтем енді, арақты қойдыратын айла-амал болса менімен бөлісе отырыңыздаршы. Әйелімнің болашағына алаңдаймын, ішпесе одан жақсы адам жоқ негізі. Бір кемшілігі – арақ, соны қойса бақытты боп кетер едік...»