«Жатырымды жалға бердім»: Шымкенттік әйел себебін айтты

0
1 882

Ол бұл «қызметінен» тапқан ақшаны қайда жұмсады?


«Жатырымды жалға бердім»: Шымкенттік әйел себебін айтты

Студент бір жылда 4-7 миллион теңге таба ала ма? Әрине бүгінде интернет арқылы ақша табудың жолдары көп. Ал осыдан 10-15 жыл бұрын оқыған сутудентке ше, бұл оңай ма?

Сол уақыттарда үшінші курста оқыған Гүлзар бір жылда 5 миллион теңгені қалай тапқанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Бұл туралы ол былай дейді:

«Жалғыз інім бар. Ол менен алты жас кіші. Ата-анам жұмысбасты болғандықтан, бізді көбіне жалғыз тастап кететін. Бір күні мен інімді әткеншектен құлатып алдым.

Інімді әткеншекке отырғызып, әрлі-берлі тербеп жатқанмын. Қорқуды білмейтін бала емес пе, «қаттырақ, қаттырақ» деп қояды. Қасымызда ойнап жатқан өзім құралыптас баланы шақырып алдым да әткеншекті сермеуге көмектесуін сұрандым. Екеулеп, бар күшімізді салып әткеншекті тербей бастадық. Бір уақытта алға-артқа тербеліп жатқан әткеншек бір айналып, орнына келді. Ал інім әткеншектен ұшып түсті. Иә, құлады.

Аулада балаларын ойнатып жүрген көршілер «жедел жәрдем» шақырды. Інімді ауруханаға алып кетті. Жұмыстан келген соң, орын алған жайдан хабардар болған әке-шешем маған ұрсумен болды. Әрине, менің кінәм ғой, бірақ көршілердің «жазмыштан озмыш жоқ, қызыңа ұрса берме» деген сөзіне тоқтамаған ата-анам мені жылдар бойы кінәлайды деп ойламаған едім.

Інімнің омыртқасына ешқандай зақым тимегеніне қуандық. Бірақ дәрігер бас-ми бөлігінде марфологиялық өзгеріс бар екенін айтқанда, қуанышымыз су сепкендей басылды. Дәрігер әкеме «Балаңыздың миына зақым тигендіктен, эпилепсия кеселінің белгілері байқалады. Балаңыздың миындағы ұстаманы шақыратын эпилепсиялық ошақты операция арқылы алып тастауға болады. Алайда өкінішке орай, Қазақстанда миға операция жасайтын клиника қазірше жоқ. Операцияны шетелде жасата аласыздар. Неғұрлым баланың кішкентай кезінде немесе жасөспірім шағында жасалған операция нәтиже береді» деді.

Дәрігердің айтуынша, операцияны мүмкіндік болса 5-6 жыл көлемінде жасауға тырысу керек. Әйтпесе мидың барлық бөлімінде эпилепсиялық ошақ көбейіп, операцияның ешқандай көмегі болмай қалуы мүмкін екен. Бірақ бізде ол уақытта операция жасататындай жағдай, қаражат болмады.

фото: st3.depositphotos.com

Елімізде тек 2012 жылдан бастап қана эпилепсияға операция жасалып келе жатыр. Мұнымен айналысатын Астанада республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы да бар. Ал ол уақытта Қазақстанда тіпті, невропатолог-эпилептолог маманын табу қиын болатын.


Інім ауруханададан шыққаннан соң, дәрігер ескерткендей анда-санда талып қалатын болды. Анам «Сен кінәлісің. Қазір кішкентай білінбес, ал ертең ержеткен шағында қиналатынын білесің бе? Талма ауруы бар жігітке кім тұрмысқа шығады?» дейтін жекіп. Анамның жиі айтатын бұндай сөздері менің еңсемді езгілеп, ойға шомдыратын.

Мен анамның осындай айыптауымен, інімнің кінәлай қараған көздерінен қашқақтаумен және өзімді-өзім жазғырумен жүргенде арада 3-4 жыл уақыт жылдам өте шықты. Студент атандым.

Інім жоғары сыныпқа өтіп, ес кірген сайын өзінің кеселіне мені кінәлайтынын ашық айтатын болды. Тіпті, менімен сөйлеспей араздасып та жүретін.

Сондықтан пединститутта дәріс алып жүріп, інімді емдетудің жолдарын іздедім. Көршілес мемлекеттердегі нейрохирургия клиникалары туралы мәлімет жинадым. Бір оқытушы телефон арқылы клиника мамандарымен сөйлесіп берді.

Клиника мамандары миға жасалатын операцияның қай-қайсысы да күрделі екенін айтып түсіндірді. Ұстаманы тудырып отырған ошақтардың қай тұста орналасқаны анықтағаннан соң ғана, егер эпилепсия ошақтары самайда, маңдайда, шүйдеде орналасқан болса, операция жасалатынын, ал мидың жүйке жүйелерінен табылса, операция қауіпті екенін ескертті.

Келесі қадам - қаражат табу еді. Оқуымды тастап жұмыс істесем, қанша ақша табуға болады? Екі жұмыс істесем ше? Есептедім. Жетпейді.

Көп ойланып, бір жылда інімнің операциясына жететін ақша табуға болатын жолды таптым. Бұл жол – жатырды жалға беру, яғни суррогат ана қызметі.

фото: www.clinicaladvisor.

Алматыға барып, арнайы клиника делдалдарымен сейлестім. Олар еліміздің заңдарында «суррогат ана» ұғымы заң жүзінде бекітілгенін айтып, қорқынышымды сейілтті. Бәрі де келісім-шарт негізінде орындалатынын, менің денсаулығыма ешқандай қаупі жоқ екенімен танысып шықтым. Суррогат ана болғаным үшін мені ешкім қудаламайтынын да білдім.

Клиника мамандары денсаулығымды толық тексеруден еткізіп, суррогат ана болуға жарамды екенімді айтты. Тапсырыс беруші ерлі-зайыптылармен жолықтырды. Бір ерлі-зайыптыға менің көзімнің түсі, сұңғақ бойым ұнады да қызметіме уақытты созбай кірісуімді өтінді. Сол ерлі-зайыптылардың көмегімен мен оқуымды Алматыға ауыстырдым. Бұл бір жағынан әлгі ерлі-зайыптылардың көз алдында болуым үшін қажет болса, екінші жағынан әке-шешемнен, таныстардан тасада, алыста болуыма, жүктілігімді олардан жасыруыма да тиімді болды.

Етегі түрілмеген қыздың жатырын жалға беруі физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да қиын-ақ. Қанша қиналсам да бұл менің жазам деп түсіндім.

Менің құрсағыма сәбидің биологиялық ата-анасының гаметалары енгізілді. Ол уақыттағы менің жай-күйімді ешкім түсіне алмас.


Ауру інім өзінің отбасылы бола алмағанына мені кінәлағанын қаламадым. Өмір бойы ол мені бақытсыздығына айыптайтын болса, мен қалай бақытты бола алмақпын.

фото: static-cdn2.vigbo.tech

Осындай ауыр ойдан құтылғым келді. Сондықтан да мен қазаққа жат қадамға барған едім.

Генетикалық ата-аналар жүктілік кезеңінде, босану және босанған кейін елу күн ішінде барлық жағдайымды жасап, медициналық қызметтер шығынының бәрін төледі. Жүкітілік уақытында да, босануда да қиналмадым, тек...

Тек тоғыз ай жүрегімнің астында көтерген нәрестені басқа біреуге беру қиын болды. Бұл мен үшін азаптың ең үлкені болды деп айта аламын. Іштен шыққан тұңғышымды биологиялық ата-анасына тапсырардағы жан қиналысымды ойласам, әлі күнге дейін жүрегім шымырлайды...

Інімнің операциясы сәтті өтті. Операциядан кейін де 3-4 жыл бойы ішуге арнайы дәрі-дәрмектер нұсқалды. Дәрігерлердің ескертпелері мен кеңестерін бұлжытпай орындап, нұсқалған дәрі-дәрмектерді үзбей қабылдаған соң болар, інім эпилепсия кеселінен құлан таза айықты. Талып қала беретін әдеті тоқтады.

Інімнің алдындағы әпкелік парызымды орындап, еңсемді түсірген кінәдан құтылғаннан соң, мен де алаңсыз тұрмысқа шықтым. Інім қатарластарынан қалмай студент те болды, диплом алып, маман да атанды. Кейін өзіне ұнаған қызға үйленді. Менің де арманым осы күнді көру еді.


Әке-шешемнің, інімнің көздерінен бақытты көрген сайын, Аллаға мың да бір шүкір айтамын. Бірақ суррогат аналар жөнінде және Қазақстанда ЭКО орталықтары мен «Суррогат ана» агенттіктерінің жұмысы туралы естісем немесе басылымдардан оқысам, ескі жарамның бетін біреу тырнағандай күй кешіп қиналамын.


Қиналамын әрі қорқамын. Бұрын суррогат ана болғанымды әке-шешем, күйеуім мен ата-енем де білмейді. Бірақ мен олар біліп қояды деп қорықпайтын сияқтымын. Басқа бір қорқыныш бойымды билейді. Неден, кімнен қорқатынымды өзім де нақты білмеймін, бірақ қорқамын.

Осы бір қорқыныш қуанышты сәттерде жайнап-жадырап жүруіме кедергі болатындай. Ұдайы жаным қиналып, көздерім мұңға толып, ой тұңғиығына батып жүремін.

Бір балам бар. Алдағы уақытта тағы да екі бала сүю жоспарымда. Бірақ басқа жақта, басқа ата-ананы бақытқа бөлеп өсіп жатқан тұңғышым соңғы уақытта ойымнан шықпай жүр. Сағынатын сияқтымын, оны көргім келеді...»


Гүлзар інісін талма ауруынан құтқарғанын өмірдегі ең үлкен жеңісім деп біледі. Жатыры операция кезінде алынған әйелге бала туып бергенін ең үлкен сауап іс деп санайды. Сонымен қатар бұл ісін ең үлкен өкінішіне де балайды. Ал сіздің ең үлкен өкінішіңіз қайсы?


Тағы оқыңыз:


"Өз қолыммен бердім": Атыраулық келіншек күйеуін құрбысына "сыйлап жіберген"


"БӘЙБІШЕ де, ТОҚАЛ да болдым": Екі рет тұрмысқа шыққан әйелдің әңгімесі