«Жеңгеме үйленейін десем, әйелімді қимаймын»: түркістандық азамат тығырықтан шығар жол іздейді

0
10 541

«Әмеңгерлікті қайта жаңғыртқым келеді»


«Жеңгеме үйленейін десем, әйелімді қимаймын»: түркістандық азамат тығырықтан шығар жол іздейді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Бұрын қазақта ағасы немесе інісі қайтыс болса, сол үйдің жесіріне әмеңгерлікпен үйленетін салт болған. Бұл өз бауырының балаларын бөтеннің қолына жаутаңдатпай, жесірін жылатпай, өз елінде тәрбиелеп, өсірудің тәсілі еді. Соңғы жылдары әмеңгерлікпен үйленген кісілерді жиі естімейтін болдық. Десе де ел ішінде осы салтты қайта жаңғыртқысы келетіндер бар екен. Мәселен, Нұрболат есімді азамат жеңгесіне ғашық болып, оны өзіне жар еткісі келеді.


Бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне өзі айтып берді.


«Жасым қырықтан асқанда жеңгемді ұнатып қаламын деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті, - дейді ол. – Өзім отбасылымын, бес балам бар. Алды үйленіп, бір немере сыйлаған. Келіншегім де өте жақсы адам. Аллаға шүкір, бақыттымын. Бірақ соңғы кездері жеңгемді өзгелерден қатты қызғанатынымды байқадым.


Біз атадан екі ұл едік. Өзімнен үлкен Еркін деген үш жыл бұрын ағам жұмбақ жағдайда қаза тапты. Соңғы жылдары ішімдікке сәл әуестеу болды да, ешкімді тыңдамайтын, мінезі шәлкес адамға айналып шыға келді. Ондайды қазақта «арқасы бар» дейді ғой. Ішімдік жақпайтын. Мас болып келген күні көзіне әрдеңе елестеп, өзімен-өзі сөйлесіп кететін. Бауыры болып, әпкелеріммен бірге талай емшіге, тәуіптерге қараттық. Бірақ нәтиже болмады.


Бір күні сол ағам үйіне ішіп келіп, аулаға кіре сала жан-жағына жалтақтап «Кетіңдер, кет, бармаймын!» деп айқай салыпты. Балалары, әйелі төсегіне жатқызбақ болған, бірақ ешкімге бағынбай, «Мені алып кетпекші, мақұл, барамын, болды, барамын» деп, аяғы аяғына жұқпай көшеге қарай қашып кетіпті. Артынан жүгіріп шыққан балалары ізінен адасып қалған.


Ертеңіне бүкіл ауыл өре түрегеліп, Еркінді іздеуге шықтық. Еш дерек жоқ. Қалада өзі секілді ішімдікке әуес достары бар еді, сонда кетті ме деп қаладағы орталық базардың маңын шарладық. Еш дерегі шықпады. Арада осылай екі апта өтті. Әпкелерім Түркістан жақта суретке қарап бал ашатын, көріпкел кісі бар деп естіген екен, салып ұрып сонда бардық. Әлгі кісі ағамның суретіне қарап отырып «Ауылдарыңның маңында ағынды өзен немесе көл бар екен. Тірілердің қатарынан көрмей тұрмын, судан табасыңдар» деп қойып қалды.


Еркін екеуміздің жас айырмашылығымыз әжептеуір, арамызда әпкелерім бар. Әкем қайтқан соң ол маған ерекше қамқор болып, әке орнына әке бола білді. Сондықтан оны қайтыс болған дегенде асқар тауым құлағандай есеңгіреп қалдым.


Дереу ағайын кісілерді жинап, ауыл маңынан ағатын өзенге барып, арнайы сүңгуірлерді шақыртып, іздедік. Екінші күн дегенде өзім үлкен айырды суға салып, қадап қалғанымда, әлгі айыр ағамның санына қадалып, ісініп кеткен денесін өзім тауып алғанмын. Өзеннің астында үлкен ағаш жатқан екен, соған тіреліп, тұрып қалыпты. Осы көрініс менің көз алдымнан әлі кетпейді. Есіме түскен сайын жүрегім тарсылдап, ауа жетпей қалады.


Дегенмен уақыт деген орнында тұрмайды. Тірі адам тіршілігін жасап жатыр. Былтыр ағамның үлкен қызын ұзатып, құтты орнына қондырдық. Енді екі баласы бар. Бұйыртса оларды да өзім үйлендіріп, қолымнан келгенше жәрдемімді беремін.


Бірақ, бір мәселе шығып тұр. Ауыл арасында өсек жатқан ба, соңғы кездері кейбір кісілер «Пәленшенің Еркіннің үйіне кіргенін көрдім», «Түгенше жеңгеңе жиі барғыштап жүр» деп әңгіме айтып келеді. Оны естіген сайын намысым келіп, ыза боламын.


Баяғының адамдары әмеңгерлікпен үйленуге болады дейтін. Олай етейін десем әйелім бой бермейді. «Айлығың өзіңнен артылмай жатқанда бұл қай жетіскенің?! Жеңгеңе жаның ашып, емешегің езіліп бара жатса, кет, сол үйге барып тұр!» деп ұрыс шығарады. Айрандай ұйып отырған шаңырағымның шырқын бұзып аламын ба деп, оны ойлаймын. Десе де ағамның шаңырағына кім көрінгеннің кіріп, төрін былғағаны жаныма батып барады. Бұл туралы жеңгеммен де ашық сөйлесе алмай жүрмін. Оны өзгелерден қызғанған сайын маған ұнап бара жатқан сияқты. Соңғы кездері әрнәрсені сылтауратып, жиі баратын болдым».


Осылай деп ағынан жарылған азамат тығырықтан шығар жол таппай отыр. Ол «өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай» дұрыс шешім жасау үшін көпшіліктен кеңес күтеді.