​«Жұрттың сөзінен қорқып бақытсыз боп қалдым»: семейлік әйел өткен өмірінен сыр шертті

0
2 341

«Басқа қалаға кетіп қалғаныма күнде өкінем»


​«Жұрттың сөзінен қорқып бақытсыз боп қалдым»: семейлік әйел өткен өмірінен сыр шертті
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Әр нәрсе өз уақытымен екен. Жастық шақта ойнап-күлу керек, жасың жиырмадан асқанда тұрмысқа шығып, балалы болған дұрыс. Мансап қуып, дүниеге алданып, жігіт таңдап жүрсең, түбі өкінесің», - дейді Маржан есімді семейлік оқырманымыз.


Маржан оңтүстік өңірінің тумасы, бүгінде Семейдің жігітімен азаматтық некеде өмір сүріп жатқан көрінеді. Тағдыры жайлы ERNUR.KZ тілшісіне сыр шертті.


«Жасым биыл қырық екіге келді. Туған күн дегенді аса жақтыра бермеймін. Себебі бұл күні өткен өмірім көз алдыма келеді де, өмірде түк бітірмегеніме өкініп кетемін. Пұшпағым қанап, бала сүйе алмағаныма ішім удай ашиды...


Семейге келгеніме сегіз жылға таяп қалды, кейде мұнда не үшін жүргенімді өзім түсінбеймін. Тағдырымды біреу байлап тастаған сияқты ма, өзімнің емес, біреудің өмірін сүріп жүргендей сезімдемін.


Мен ең бақытты отбасында дүниеге келдім. Әкем талай жыл колхоз басқарып, қызметте істеді. Аудандық мәслихатта депутат болды. Екі ағам, екі інім бар, ортасындағы бір тал гүл боп жайқалып өстім. Мектепті үздік бітірдім. Бала күннен әкем «Менің қызым бастық болады, менің қызым қызметте істейді» деп құлағыма құйып тастағаннан ба, университетті үздік бітірген соң әкем айтқандай бастық болам деп қызметке тұрдым. Бірсарынды қалыпқа түсіп алған соң, одан шығу қиын екен. Өзіммен жасты сыныптастарымның алды тұрмысқа шығып, балалы болып жатты. Ал мен таңертеңнен кешке дейін қағаз «кеміріп» кеңседе отыратынмын.


Бір күні группалас құрбымның отырыста бір-екі мәрте көрген бөлесі алып қашып кетті. Үйінің жалғыз баласы екен, анасы мүгедек. Өзі жоғары оқу орнын бітірмеген, құрылысшы боп әркімнің үйіне жалданып жұмыс істейді екен. Әлгі жігітті мүлдем ұнатпадым.

«Мына үйде келін болып қалып қойсам менің армандарымның быт-шыты шығады ғой. Мына еркектің болашағы да жоқ қой» деп ішкі менмендігім оянып, ақыры артымнан қуып келген аға-жеңгелеріммен төркініме қайтып кеттім.

«Осыдан баламды жылатып тастап кетер болсаң екі дүниеде де бағың ашылмасын» деп шешесі артымнан қарғап қалып еді. Ол кезде әлгі әйелдің сөзін көңіліме алмағам. Қазір, жасым келе өткен өміріме көз жүгіртем де, мүгедек, жесір әйелдің наласы тиді ме деп ойланам.


«Есік көрген» деген атқа қалдым. Ауылдағы ағайын жеңгелер сыпсыңдап бүкіл ауылға өсектеді. Соның кесірінен ауылға айына бір-ақ рет баратын болдым. Барған сайын «қашан күйеуге тиесің, болсайшы, тойға барайық» деп сөздерімен түйреп тастайды. Жұмыстағылар да «қашан кетесің» деп миымды жеп қойды.


Бір күні агент арқылы бір жігітпен таныстым. «Семейде тұрамын, үйленіп, ажырасқанмын. Екі қызым бар» деп өзі жайлы жасырмай айтып берді. Оңтүстіктен шыққан, қазақи тәрбие көрген қыз іздеп жүрген екен. Екеуміздің әңгімеміз жарасып кетті. Алты айдай хат алмасып тұрдық. Ақырында Семейден жұмыс қарастырып, түйіндемемді жіберіп, бір мекемеге бас есепші болып орналастым. Үйдегілерге айтып, бір күнде өмірімде көрмеген, сыры беймәлім қалаға кетіп қалдым.


Басында пәтер жалдап тұрдым. Кейін әлгі жігітпен кездесіп, бір-бірімізді ұнатып, бірге тұратын болдық. Қайбір жылы жігітімді ертіп ауылға, әке-шешеме келгенбіз. «Балам, менің қызымда ақыры ойың бар екен, ұнатыпсың, ендеше әке-шешеңмен келіп, біздің алдымыздан өтіңдер» деп әкем қаттырақ батырып айтқан.

«Мен сіздердің қыздарыңызды Семейге зорлап шақырып алған жоқпын. Бір рет үйленген адаммын, екі қызым бар. Олардың көзінше екінші мәрте үйленіп, жүрегін жаралағым келмейді. Бұған келіспесеңіздер, Маржан тап қазір осында қала берсін» деп кесіп айтты.

Әкем екеуінің ә дегеннен сөзі жараспағанына қатты уайымдадым. Ақырында үйдегілерге «Бұл – менің өмірім, менің таңдауым. Ең бастысы, мен ол адаммен бақыттымын. Басқа нәрселер мен үшін маңызды емес» деп жігітімнің артынан Семейге тартып кеттім.


Содан бері жігітім ауылға аттап басқан емес. Менің туыстарым десе төбе шашы тік тұрады. Бірге тұрып жатқанымызға жеті жылдан асты. Бала сүйе алмадым. Көрінбеген дәрігер жоқ, бәрі жақсы дейді, бірақ нәтиже болмай жатыр. Жылына бір-екі мәрте соқа басым сопайып елге барып, әке-шешемнің жағдайын біліп қайтамын. Барған сайын «о баста Семейге кетіп нем бар еді, осы жақтан де бір жігіт табылар ма еді...» деп қимай қаламын.


Айтпақшы, мен менсінбей тастап кеткен жігіт қазір өз ауылының әкімі боп отыр екен. Намысқа тырысса керек, жоғары білім алып, өз күшімен көтеріліпті. Үш қыздың әкесі дейді. Группаласым айтып берді.


Осы жасқа келіп мынаны түсіндім: менің арманым басқа болған екен. Кішкентайымнан әкем «бастық боласың, мансап қуасың, сен ғана кереметсің» деп маған өз арманын таңып, санамды улап тастаған. Содан менде кісі менсінбеушілік, кісіні қызметіне, ақшасына қарап бағалау қалыптасқан. Соңы не болды? Өмірде ештеңеге қол жеткізе алмадым. Сондықтан, қыздар, жүрек нені қалайды, соны істеу керек екен...»