​«Бірінші күйеуім екі баламмен бірге қабылдаймын дейді»: алматылық әйел ешкімге ұқсамайтын тағдырынан сыр шертті

0
1 967

«Төрт балалы болсаң да ойланбай үйленер ем» деуші еді...»


​«Бірінші күйеуім екі баламмен бірге қабылдаймын дейді»: алматылық әйел ешкімге ұқсамайтын тағдырынан сыр шертті

иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Тағдырдан қаша алмайсың. Шыр етіп дүниеге келгенде Жаратушың маңдайыңа не сызып береді, сонымен жүресің. Мен де пешенеме жазылған өмірді бір кісідей сүріп келем. Бірақ адасып, тура келе жатқан соқпақтан тайып кеткеніме налимын. Мұндай өмірді Құдай емес, өзім қолдан жасап алдым-ау...» - дейді Кенже есімді алматылық әйел.


Кенже қазір екі баласын жалғыз өзі асырап отыр. Азаматым деп етегінен ұстаған күйеуі бір жылдан бері қарасын көрсетпепті. Басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Нұрлыбек екеуміз де оқуды бітірген соң мектепте мұғалім болып еңбек еттік. Бірге барамыз, бірге келеміз, қайда жүрсек те жұбымыз жазылмайтын. Елдер қызығып, сүйсініп қарайтын. Тіл-көз тиді ме, әлде маңдайымызға жазылғаны сол ма, бір перзентке зар болдық. Емделдік, тәуіптерге де бардық. Бәрі Нұрлыбекті кінәлі етіп шықты. Ұрығы бала көтертуге қабілетсіз деп диагноз қойды. Мұны есту күйеуіме өте ауыр тиді. «Мен сенің бағыңды байладым, жолыңды бөгемеймін, ажырасамын, кетемін десең рұқсат» деп талай айтты. Бірақ мен күйеуімді сүйгендіктен, қандай жағдайда да жанынан кетпеймін деп ойладым. Осылайша біз балалар үйінен бір қызды асырап алдық. Назерке деп атын қойып, жарасымды жанұя болып жүрдік.


Арада үш жыл өткенде мен білімімді жетілдіру үшін Астанаға оқуға баратын болдым. Екі апталық семинар еді. Сонда жүріп Асқар деген кәсіпкер кісімен танысып қалдым. Қызыл тілге шешен, сөйлегенде жаныңды ерітіп жіберетін, іші-бауырыңа кіргенде қалай сырыңды ақтарып қойғаныңды білмей қалады екенсің. Екі апта ішінде Асқарға ессіз ғашық болып, қалай беріліп қойғанымды түсінбей қалдым. Ол отбасылы, балалы-шағалы адам еді. Мен елге кетерде «қал, екінші әйелім бол, туғыза алмайтын еркекпен өміріңді қор етпе, бар жағдайыңды жасаймын» деп қиылған. Нұрлыбек пен Назеркені ойлап, оның ұсынысанан бас тарттым.


Ауылға келгесін ұрлық жасаған адамдай күйеуімнен әбден қуыстанып, көңіл-күйім бұзылып жүрді. Астанадағы жарқын күндерді аңсап, өзімнен өзім біртүрлі болдым. Осы аралықта аяғымның ауыр екенін білдім. Сол кездегі жағдайды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ана болатыныма бір қуансам, күйеуімнің бетіне шіркеу болғаныма бір өкіндім. Оның маған деген кіршіксіз ықыласын лайлағаныма налыдым. Бірақ іштегі баланы алдырып тастауға арым жібермеді.


Жүкті екенімді астаналық жігітке айтып едім, ол қуанып кетті. «Шаруаларыңды реттеп ал, бір аптадан кейін сені өзім барып алып кетемін. Күйеуіңмен ажырасуға арыз бер» деп бес-ақ минутта бәрін шешіп тастады. Ноқталанған бұзаудай соның айтқанын екі етпедім. Болған жағдайды Нұрлыбекке айтып едім, ол екі күн ләм-мим деп тіл қатпай қойды. Әйелінің біреумен ойнастық жасағаны кімге ұнасын. Жүрегіне салмақ түсті-ау. Екінші күні әңгімені өзі бастады. «Кенже, сенің ұрпақ сүйгің келгені табиғаттың заңы. Оған мен де, басқа да қарсы тұра алмайды. Сондықтан сенің бір қателігіңді кешіріп, іштегі баланы өз баламдай көруге уәде беремін. Кетпе, қателік жасама» деп өтінді. Ақымақ басым сол кезде тыңдамай, Астанаға кетіп қалдым ғой.


Мұнда келген соң Асқар ата-анасымен таныстырып, бір пәтер жалдап отырғызып қойды. Аптасына екі рет келіп, азық-түлігімді әкеп тастайды. Торға қамалған құстай болдым. Танитын ешкім жоқ, жұмыс істеуге рұқсат етпейді, мінезі тік, тез ашуланатын адам екен. Шынымды айтсам бәрін тастап осының артынан келгеніме өкініп кеттім. Бірақ, шегінерге жол жоқ...


Асқардың тоқалы деген атқа да, бірінші әйелдің маған жасаған қастандықтарына да балам үшін шыдадым. Ешкім мені құшақ жайып қарсы алған жоқ. Асқардың да маған деген сезімі бұрынғыдай емес, қыз көрсе қутыңдап кететін біреу екен. Менен кейін тағы біреуге үйленіп алды. Аптасына бір мәрте келіп, керек-жарағымызды әкеп, жұбайлық парызын орындап кетеді. Қалған уақытта бізбен шаруасы жоқ.


Осылай жүргенде екіншісіне жүкті болдым. Мен үшін күйеу емес, бала маңызды еді. Талай жыл құрсақ көтере алмай жүргенімнің есесі қайтқандай шын қуандым. Тоғыз айдан соң қызды болдым. Бірақ бұған қуанған әкені де, туысты да көргем жоқ. Ешкімнің бізде шаруасы жоқ сияқты, аптасына бір келетін күйеуім айлап төбе көрсетпейтін болды. «Керегіңді аларсың» деп азын-аулақ ақша салып жібереді. Қашан сұрасаң «іссапардамын» деген жауап алам.


Бір күні шыдай алмадым, төркініме де бармағалы көп болды, жиендерін көрсетіп қайтайын деп жолға шықтым. Шешем, бауырларым құшақ жая қарсы алды. Бірнеше күн мауқымды басып, есімді жинаған соң Назеркемнің жағдайын білгім келді. Тұңғышым, мені ең бірінші ана деген қызым еді ғой, көрейін деп бірінші күйеуіме телефон соқтым. Ол менің даусымды естігенде қуанып кетті. Қаладағы кафелердің біріне Назеркені ертіп келетін болды. Мына жақтан мен екі баламды жетектеп бардым.


Мен оңбай қателескен екенмін, Асқарды емес, Нұрлыбекті шын сүйіппін. Оны көргенде баяғы студенттік шақтағы сезімім қайта оянғандай болды. Қызым да мені әбден сағынып қалған екен, құшағымнан ажырамай, жылап жіберді. «Кенжеш, кетпеші, бізге сен керексің, Назеркені өзімізге аманат етіп алып едік қой. Оған ананың мейірімі жетіспейді. Екі балаңды да өз баламдай өсіруге уәде етем» деп Нұрекең шын пейілімен өз жүрегін ұсынды.


Баяғыда, қыз-жігіт боп жүрген кезімізде «Кенже, сен маған қартайған кезде де дәл қазіргідей ұнайтын боласың. Тіпті төрт балалы әйел болсаң да ойланбай үйленер едім» деп айтушы еді. Құдайдың құдіретін қарамайсың ба, екі баламмен қайта қабылдауға дайын екенін айтты. Ойланайын деп қоштастым.


Енді не істерімді білмей отырмын. Мені іздемейтін, балаларын керек етпейтін еркектің жолын тосып отырғаным дұрыс па, әлде өзімді құрметтейтін, тағдырымды түсінетін, бала десе ішкен асын жерге қоятын Нұрлыбекке қайта оралайын ба?»


«Қалай жатасың, жиіркенбейсің бе?»: тағдыры қиын келіншек енесінен көрген қорлығын жайып салды


«Қайта тіріліп келгендей болды»: астаналық азамат жан жарымен танысқан кезін еске алды


«Ағам дегенім арымды таптады»: зорлықтың құрбаны болған бойжеткен өмірден шаршағанын айтады