2019 - Сіз үшін ҚАНДАЙ ЖЫЛ болмақ? (тест)

0
4 708
Жаңа жұмысқа орналасарда, тұрмысқа шығарда (үйленерде) және келін түсірерде қобалжимыз. Неге? Өйткені, біздің санамызда «қандай болар екен?» деген сұрақ тұрады. Дәл сол сияқты ескі жылды шығарып салар сәт жақындаған сайын «2019 жыл қандай болады?» деген ойда жүрген боларсыз?! Иә, білуге болады!

2019 - Сіз үшін ҚАНДАЙ ЖЫЛ болмақ? (тест)

Жаңа жыл – ғажайып мереке. Барлық елде тойланатын осы мереке қарсаңында мынандай қызықты тест ұсынғанды жөн көрдік. Суреттегі шыршаның біреуін таңдай отырып, сіз өзіңіздің ішкі қалауыңызды біле аласыз. Сонымен қатар, сол қалауыңызға бағыт берер сиқырлы карта мен кілтті сыйға аласыз. Ал, ендеше, көп ойланбастан 6 шыршаның біреуіне тоқтаңыз.


№1 ШЫРША

Ішкі түйсігіңіз 2019 жылдың сіз үшін ДЕМАЛЫС ЖЫЛЫ болғанын қалайды. Бұл міндетті түрде демалыс орындарына бару, саяхаттау емес, аяқты жоғары көтеріп қойып жұмсақ көрпеде жалпайып жату да емес. Басқаның емес өз өміріңізді сүру, өзіңізге көңіл бөлу... Ең бастысы, өзіңізге қажетсіз ақпараттардан, мәселелер мен зиянын тигізетін адамдардан алыстау, тазару.

Жаңа жылдың кілті: Тұрмысқа шықпай жүрген қыздар (бойдақ жігіттер), жүкті болғысы келетін келіншектер, қызмет сатысында жоғарылағысы келетіндерге «тазар, босат» деп бағыт береді. Мысалы, саны бар сапасы жоқ жігіттерді (қыздарды) жүрегіңізден босатыңыз, олармен сөйлесуді де доғарыңыз. Ал, сәби сүюді армандап жүрген әйел «Мен аурумын немесе күйеуімде кесел бар. Емделу үшін көп қаражат керек», «Бала тусам ғана бақытты боламын» деген секілді сенімсіз ойлардан санасын босатуы керек.

Сиқырлы карта: Өмірдің бос кеңістік заңын білу және бұзбау.

Мысалы, үй адамға не үшін қажет? Оның ішінде кеңістік болмаса, бітеу болса қажет пе? Ойды шырмауық ойлардан азат етіңіз. Кеседегі ашыған тамақты төкпесеңіз, оған таза сүтті қалай құяды? Таза ауа жұту үшін, алдымен іштегі ауаны сыртқа шығару керек. Босатыңыз, босаңыз.


№2 ШЫРША

2019 жыл сіз үшін БАҚЫТТЫ ЖЫЛ ретінде есіңізде қалады, егер айналаңыздағы адамдарға «жоқ» деп, ал өзіңізге «иә» деп айтуды үйренсеңіз. Әйтпесе, 2019 жылы уақытыңызды, өзіңізді, жүйкеңізді жұртқа, туғанға да, танысқа да құрбан етесіз.

Неге балаңыздың, сіңліңіздің (қарындас) бақыты үшін тауды да, тасты да қопара аласыз да, ал өз бақытыңызға келгенде «қолымнан келмейді» дейсіз? Өз бақытыңызды ойлайтын жыл бұл.

Таңдаған шыршаңызға зер сала қараңызшы, ол әсем, сәнді. 2019 жылы өміріңізді өзгерткіңіз келсе, өзіңізге қуаныш сыйлайтын сәнді бұйымдар сатып алуда сараңдық танытпаңыз, әсемденіңіз. Күле біліңіз! Шынайы қуануды үйреніңіз.

Жаңа жылдың кілті: Ойыңыз қайда – қуатыңыз да сонда! Ойыңыздың қуатын не нәрсеге шоғырландырасыз, сол өсіп өркендейді. Демек, бақытты болғыңыз келсе, өз бақытыңызға қуат бөліңіз!

Сиқырлы карта: Өмірдің тартылыс заңын білу және түсіну.

Мысалы, ұқсас нәрселер ұқсас нәрселерді тартады, адамды досына қарап таны. Кейде көңіл күйіңіз көктем болмаса да, жағымсыз эмоция сіздің өзіңізді бақытты сезінуіңізге кедергі болмауын қадағалаңыз. Әрдайым жақсы ойда жүріңіз!


№3 ШЫРША

фото: ru.aliexpress.com

2019 жыл сіз үшін ОТБАСЫ ЖЫЛЫ болғалы тұр. Мүмкін көптен күткен үй кезегі келеді немесе үйленесіз (тұрмысқа шығасыз), я болмаса келін түсіріп, қыз ұзатасыз. Сонымен қатар, немере сүюіңіз де мүмкін. Бұл жылы отбасыңызға қатысты қуанышты оқиғаларға толы болмақ. Шаңырағыңызға бақыт құсы кеп қонады, жылулығы артады. Әйтеуір отбасыңызға қатысты ерекше жаңалықтары көп жыл. Бұрын-соңды өміріңізде орын алмаған, қол жеткізбеген мүлік, зат, жаңа нәрселердің иесі атанасыз.

Бастысы, тапырақтап жүгіртетін, абыржытатын жағымсыз оқиға мен мәселелерден ада жыл. Қазақта «бейнеттің зейнетін көрсетсін» деген сөз бар, дәл сол сияқты еткен еңбегіңіздің жемісін теріп жейтін бағбанға ұқсайсыз.

Жақын адамдарыңыздан жылылық пен сүйіспеншілікті, мейірімді көп көресіз. Еріксіз езу тартып, қуаныштан көзіңізге жас алып «Ия, мен бақыттымын» дейтін жыл болады.

Жаңа жылдың кілті: Бірақ, ол үшін бұл жылдың кілтін тек оңға бұрап отыруыңыз қажет. Солға бұрасаңыз, бәрі де құлыпталады.

Сиқырлы карта: Өмірдің қарымта заңы туралы ұғу, оны орындау. Досқа да, дұшпанға да тек бақыт тілеуді үйрену. Теріс пиғылдан, өзгенің бақытын ұрлайтын ойдан да, істен де аулақ болу.

Мысалы, картоп ексеңіз, сәбіз шықпайды.


№4 ШЫРША

2019 жылдың сіз үшін СӘТТІ, ТӘТТІ ЖЫЛ болғанын қалайсыз. Мүмкін 2018 жылы бастаған ісіңіз аяқсыз қалған болар, жауапсыз махаббат... әйтеуір сәтсіздік серейіп алдыңыздан шыға берген де шығар?! Сондықтан да ішкі қалауыңыз жаңа жылдан сәттілікті күтеді. Егер, жаңа жылдың кілтін дұрыс қолдана білсеңіз және сиқырлы карта бағытынан адаспасаңыз, 2019 жылы сіздің ең жиі айтатын сөзіңіз: «Әй, осы мен жолы болғыш адаммын ғой» деген болады. Ал, сіз туралы таныстарыңыз сыртыңыздан «Жолы болар жігіттің жөнге басар барлық ісі деген рас екен. Жарайсың!» дегенді айтады. Ол үшін не істеу керек?

Жаңа жылдың кілті: Қорқынышыңызды жеңіңіз. Айтыңызшы, ең басты қорқынышыңыз не? Неден немесе нені істеуден қорқасыз? Осыны орындаңыз, сәттілік әрдайым серігіңіз болады.

Сиқырлы карта: Сәтсіздікпен бетпе-бет кездескен сайын Томас Уотсонның «Сәттілік сәтсіздіктің арғы бетінде» деген қанатты сөзін еске алыңыз. Яғни, сәтсіздіктерден қорықпаңыз.


№5 ШЫРША

2019 жыл сіз үшін ДАМУ, ӨРКЕНДЕУ ЖЫЛЫ болады. Біліміңізді жетілдіруге, өміріңізге қажетті басқа салаларға бет бұруға көп уақыт жұмсайсыз. Рухани тұрғыда даму жолы сізді негізгі мақсатыңызға алып барады.

Жаңа жылдың кілті: Ең жақсы инвестиция – өз біліміңе құйған инвестиция!

Сиқырлы карта: Оқы, оқы, және оқы!

Өзіңізге не керек екенін анықтамайынша, жаныңыз неден рақат алатынын білмейінше және өмір сүру дағдыңызды өзгертпейінше, «Бұрынғы жартас сол жартас», адасып жүре бересіз. Алдымен, сіз өзіңізді ұғуыңыз керек, сосын басқалар сізді түсінетін болады.

Мысалы, бірінші өзіңізді басқарып үйреніңіз. Күнде таңғы 5-те тұру дағдысын қалыптастырудан бастаңыз.


№6 ШЫРША

2019 жыл сіз үшін ТАБЫСТЫ ЖЫЛ болады. Көңіл тоқ жыл. Қаншама жылдан бері қиын болған істің бәрі де жеңіл шешіліп, бәрі де өз орнына келетін жыл болады.

Жоспарға толы жыл. Кеңпейілді жомарт жыл. Тағдыр жолдағы кедергілерді, сіз теретін гүлдердің тікенектерін тазартып отырғанын байқайсыз.

Іздегеніңіздің бәрі алдыңыздан іздемей-ақ табыла беретін, сұрағаныңызға ешкім қарсылық білдірмейтін, қысқаша айтқанда өміріңіздің бағдаршамының тек жасыл түсі жанып тұратын жыл болады. Тіпті, басыңызға да небір ұтымды ойлар, идеялар келеді, тек түртіп алып, оны қажетіңізге жарата біліңіз.

Жаңа жылдың кілті: Ақша бақыт әкелмейді, бақыт ақша алып келеді!

Сиқырлы карта: Алмасу заңдылығын білу.

Тағдыр сізге көп табыс берсе, сіз ата-анаңызға, бауырларыңызға, әйел мен бала-шағаңызға көп көңіл бөліңіз. Табысыңыз көбейген сайын, сіз де біліміңізбен бөлісіңіз, көмекке мұқтаж адамның жұмысқа орналасуына қол ұшын созыңыз... Өмірдің қуаты осылай түрленіп алмасып отырғанда ғана табыс көбейе береді.

Әрине, бұл психологиялық тест сіздің ішкі ойыңызға болжам ғана. Ал, 2019 жылдың қандай болмағы ол әр адамның сеніміне, ниетіне байланысты болатыны белгілі. Жақсы ойда болайық, жақсылықты тілейік, оқырман!

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Бала неге өзін «КЕРЕКСІЗ» сезінеді?

КЕКшіл жансыз ба? ӨЗГЕРгіңіз келе ме? (тест)

Көздің орналасуына қарап адамның болмысын білуге бола ма?

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет