2021 жылы сізге НЕНІ қалай ӨЗГЕРТУ КЕРЕК?

0
4 248

​Психологқа да, балгерге де бармай-ақ сіз өзіңіз туралы бәрін біле аласыз. Қиын емес.


2021 жылы сізге НЕНІ қалай ӨЗГЕРТУ КЕРЕК?

Жаңа жылдың басталуына бір-ақ ай қалды. Ойлағаныңыздай көп нәрсе өзгермеді ме? Жоспарыңыздағыдай бола қоймады ма?


Тұнжырамаңыз, алдағы жылы бәрін түзеуге де, өзгертуге де болады. Қалай?


Алдымен, сіз мынаны білуіңіз керек: айналаңыздағы заттар мен адамдарды емес, өзіңізді өзгертіңіз. Сосын ғана басқаларда, басқа нәрселерде өзгеріс болады. Бұл бұлжымас табиғат заңдылығы. Ал сіз табиғаттың бір бөлшегісіз.

Мысал:

  • Ағаштар гүлдеген соң көктем келмейді, көктем келгеннен соң айналаның бәрі жасыл желекке оранып, гүлдейді. Сол сияқты ағаш жапырақтары сарғайған соң күз келмейді. Алдымен, күз мезгілі келеді, содан соң жапырақтар жерге түседі.
  • Көбелек келгеннен соң гүл жайнап ашылмайды, гүл күлтеше жапырақтарын жайғаннан соң ғана оның жұпар иісіне көбелек келеді.
  • Аулаңызға өздігінен құс келмейді. Ағаш егіп, оны баптап өсірген соң ғана құстар келіп, сайрай бастайды.


Есте ұстаңыз: Сіз өзгермейінше, айналаңыздағы адамдардың сізге қарым-қатынасы да, өздері де өзгермейді ешқашан. Заттар мен бұйымдар да солай. Сіз жаңа бір нәрсе үйренбейінше, өмір сүру салтыңызды, әдеттеріңізді жаңартпайынша, үйіңіз, көлігіңіз т.б. сол қалпында қалады.

фото: i.pinimg.com

Бұл заңдылықты психологтар «Айна» деп атайды. Өмірдің «Айна» заңдылығының қалай жұмыс істейтінін түсініп алсаңыз, сізге балгер мен нумерологтың болжамы да, психологтың кеңесі де қажет болмайды. Қалай қарай қадам жасауды, қай мінезіңізді, нені өзгерту керек екенін ешкім айтпай-ақ бәрін өзіңіз білетін боласыз.

Сонымен өзіңізге дәл қазір не қажет екенін, не істеу керектігін білгіңіз келе ме? Олай болса психолог, белгілі философ Лиз Бурбоның кеңестерін орындаңыз. Ол «Айналаңыздағы заттар, оқиғалар, адамдар, жағдайлар бәрі-бәрін – сіздің айнадағы көрінісіңіз. Бұған еш күмәніңіз болмасын» дейді.



1 КЕҢЕС

фото: cdn.drweil.com

Не нәрсе көп көңіл бөлуді қажет етеді?

Жақын араласып, сөйлесіп жүрген, бір кабинетте отыратын адамдардың ең жиі айтатын сөзін еске түсіріңіз. Мысалы, Маржанның айналасындағы қыз-келіншектер 4-5 айдан бері «Арықтау керек», «Қалай арықтасам болады?», «Диета ұстадым», «Семіріп бара жатырмын» деген сөздерді жиі айтады. Демек, Маржанға сымбатына көңіл аудару қажет.

Ал Айжанның құрбылары, көршілері балаларының нашар тәрбиесі, бұзықтығы жөнінде көп әңгіме айтады. Демек, Айжанға балаларының тәрбиесіне назар аудару керек.



2 КЕҢЕС

фото: img.freepik.com


Қай мінезіңіз немесе әдетіңіз жағымсыз? Нені өзгерту керек?

Ең жақын құрбыңыздың (досыңыздың), әпке-сіңліңіздің, я болмаса бірге тұратын ініңіздің қай әдеті сізге ұнамайды? Қағазға тізіп жазыңыз. Өйткені олардағы ұнамсыз мінез, жағымсыз әдет сізде де бар. Оны өзіңіз байқамағаныңызбен, мойындамағаныңызбен, «айнаңыздан» көріп жүрсіз.

Мысалы, ініңіз айтқаныңызға құлақ аспайды. Сағаттап айтқан лекцияңызды тыңдағанымен, орындамайды. Демек, сіз де әлдекімнің айтқан ақылын тыңдамай жүрсіз. Ол – енеңіз, күйеуіңіз, анаңыз, тіпті бастығыңыз болуы мүмкін. Кімнің айтқанын тыңдаған сыңай танытқаныңызбен, орындамай жүргеніңізді саралаңыз.

Немесе әріптесіңіздің кабинетте телефонмен балаларымен сағаттап сөйлесіп, ұрысып отыратыны сіздің жұмыс істеуіңізге кедергі келтіретіні жақпайды делік. Дәл осындай әдет сізде де болмауы мүмкін емес. Кабинетте мен ешкімге кедергі жасамаймын деп ақтауға асықпаңыз. Үйдегі әрекеттеріңізді немесе автобустағы, қоғамдық орындардағы телефонмен кіммен, қалай сөйлесетіңізді еске түсіріңіз. Мүмкін сіз күйеуіңіз демалып жатқанда телефонда видеолар көріп, оның ұйықтауына кедергі жасайтын шығарсыз.

Осылай айналаңыздағы адамдардың жағымсыз әдетін өз бойыңыздан іздеп тауып, жөндеңіз.



3 КЕҢЕС


фото: meadowsandbyrne.com

Қандай ақымақтықтан сақтанған дұрыс? Не істеу керек? Сізге қандай кеңес қажет?

«Ақыл айту оңай, орындау қиын» дейміз. Бірақ сонда да басқаларға ақыл айтқымыз кеп тұрады. «Түнде ешнәрсе жеме, сонда арықтайсың», «Осы бір мінезіңді өзгертсең, өмірің де өзгеретініне сенімдімін», «Үйренемін деген адам уақыт табады. Қазір үйреніп алсаң, ертең қуанасың ғой», "Ақшаңды ақ шүберек, көк шүберекке жұмсай бермей жинасайшы. Онсыз да киімің көп емес пе" деген ақыл-кеңесті сіз де өзгелерге айтып жүрген боларсыз. Өзгенің сізге айтқанын емес, сіздің басқаларға жиі айтатын кеңесіңізді тізіп жазып шығыңыз. Бұл кеңестер – өмір-ұстаздың сізге айтып жатқан ақылы деп қабылдаңыз. Психологтардың айтуынша, адам өзіне керек, өзі зәру ақыл-кеңесті айналасындағыларға жиі айтады екен.



4 КЕҢЕС

фото: images.fastcompany.net


Кейбір өзгермейтін адамдарды, өзгерте алмайтын жағдайларды не істеу керек?

Кейбіреулермен немесе бірге тұрып жатқан кей адамның кейбір өзгермейтін мінезімен өмір сүру қиын боп жүрсе, оған бола өмір бойы түніліуге болмайды. Айнаға жақындап барып, қараңызшы. Сізге барлық жеріңіз 100 пайыз ұнай ма?

Қисық аяғыңыз немесе пұшық мұрныңыз ұнамауы мүмкін. Жасөспірім шақта ол үшін мұңайған шығарсыз, бірақ кейін оның кемшілік емес екенін, оның бақытты өмір сүруіңізге еш кедергі бола алмайтынын түсіндіңіз ғой. Сол сияқты кейбіреулердің, кейбір нәрселердің өзгермейтініне көзіңіз нақты жетті ме, оған уақыт пен қуатыңызды шығындамаңыз. Мысалы, әкеңіз арақ ішетінін қоя алмай келеді делік. Анаңызға жаныңыщ ашиды. Бөлек өмір сүрып жатсаңыз да уайымдайсыз, дұрыс-ақ. Бірақ оны өзгерте алмадыңыз ғой, өзгерте де алмайсыз. Ендеше, оған бола өз өміріңізді ұмытуға болмайды. Оларды сол күйінде қабылдаңыз. Иә-иә, өзгерте алмайтын қалқан құлағыңыз бен енді өспейтін бойыңызды сол қалпында қабылдағаныңыздай, өзгермейтін жақын адамдар мен кейбір жағдайларды сол күйінде қабылдап үйреніңіз.


Есте ұстаңыз: Адамның нағыз айнасы – балалары. Не істеу қажеттігін, қай мінезді өзгертіп, нені түзеу керектігін алыстан іздемесеңіз де болады. Балаларыңызға қарап, түзеліңіз, өзіңізді өзіңіз іздеп табыңыз. Бұл өзгерудің ең оңай жолы.


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


КЕЗДЕСУДЕ ең бірінші осы ҮШЕУІНЕ назар аударады


«ЖОҚ» нәрсеге НЕГЕ қуану керек?