ӘЙЕЛІҢІЗДІҢ ШАШ ҮЛГІСІ ҚАНДАЙ?

0
5 826

​Психологиялық мінездеме


ӘЙЕЛІҢІЗДІҢ ШАШ ҮЛГІСІ ҚАНДАЙ?

Қыз-келіншектер мен әйелдердің шаш қию, жинау үлгісі де мінез-құлыққа байланысты дейді психологтар. Бірге тексеріп көрейік.



ӨРІЛГЕН ШАШ (2, 7, 13 суреттер)

Шашының ұзындығы қандай болса да бұрым етіп немесе өріп қойғанды ұнататын қыз – өте салмақты жан. Ол үшін бірінші орында – тыныштық. Сондықтан да олардың көпшілігі тұрмысқа шығуға, бала тууға асықпайды. Оң жақта отырып қалатыны көп.

Ол жалғыздықтан қорықпайды, керісінше оңаша, жалғыз жүргенде өзін еркін, жайлы сезінеді. Ол ой-пікірін, мұң-қайғысын өзгемен бөліскенді ұнатпайды. Алайда басқаның сөзіне қарай көзқарасын өзгерту, оны басқару оңай.

Бұрым бұл жинақылықты білдіреді. Бұрымды қыз мақсатшыл, көздегеніне жете алады. Өте жауапты. Әйткенмен, ол «қалаймын» дегеннен гөрі «қажет» деген ұстаныммен өмір сүреді.

Ол турасын тіке айта алмайды, бірақ зілі жоқ әзілмен астарлап жеткізуге шебер.


«ҚҰЙРЫҚ» ШАШ (1, 5 суреттер)

Бұл шаш үлгісі мақсатшылдықты және тікмінезділікті білдіреді. Ол өзіне не керек екенін анық біледі. Өзіне қажетті бағытты да адаспай таба алады.

Алғашқыда «құйрық» шашты қыз тұйық, ұяң боп көрінеді, бірақ сыртқы көрініс әрқашан алдайды. Шашын үнемі буып жүретін қыз-келіншектер адал әрі амбициозды.

Жеке мәселелері мен мұңын тек ең жақын адамдарына ғана айтады. Ал бөгде адамның жеке шекарадан өткеніне, ақыл айтқанына шыдай алмайды. Өзі де өзгенің жеке өміріне араласқанды, біреудің тағдырын талқылағанды әдепсіздікке жатқызады.

Ол үшін отбасының орны ерекше. Туған-туысқандарына әрқашан құрметпен қарап, қамқор болады. Бірақ өзі отбасы құрғаннан соң бүкіл уақыты мен назарының бағытын ауыстырады. Сондықтан оны айналасындағылар көбіне эгоист деп те атайды.


ТҮЙІЛГЕН ШАШ (6, 15 суреттер)

Шашты түю – әйелдің өзіне деген бағасынан «баға береді». Неғұрлым шашын жоғары түйіп жинаған әйелді көрсеңіз, ол өзін өте жақсы көретінін, жоғары санайтынын біле беріңіз.

Ол өз ортасынан әрдайым ерекшеленгенді қалайды. Сондай-ақ шашын түйіп жүретін әйелдер сәнге құмарлау келеді.

Бір кемшілігі, бұндай қыз үнемі шытырман оқиғалар мен жағымсыз жағдайларға жиі тап болатын көрінеді. Бірақ қалай тап болса, солай жол тауып шыға алады дейді психологтар.

Ал шашын желке тұсына жинайтын әйелдерде «үздік оқушының» синдромы бар. Олар жасы қаншаға келсе де ата-анасынан, басшысы мен күйеуінен мақтау сөз естігенді қалап тұрады. Сондықтан оның жүріс-тұрысы да, сөзі де үлгілі. Өте ұстамды. Оларға кез келген жұмысты сеніп тапсыруға болады.


ҚЫСҚА ӘРІ ТІК ШАШ (3 сурет)

Өте белсенді, қуаты асып-тасып жүретін қыз-келіншектерді бірден тануға болады. Олар қысқа шашты қалайды. Сондай-ақ шашының тік болғанына да аса мән береді.

Олар өте құмар барлық нәрсеге. Өзіне қатысы жоқ мәселелерге араласып, өзгенің өміріне мұрын сұғады.

Олармен ешқашан зерікпейсіз. Ортаның гүлі.

Олар өзгенің ой-пікірін елемейді, «жұрт не дейді?» деген сұрақ ойландырмайды. Сондықтан да әрқашан көңілді. Басқарғанды жаны сүйеді. Сондықтан болар, ұйымдастыру жұмыстарында көш бастап алда жүреді.


ҚЫСҚА БҰЙРА ШАШ (14 сурет)

Өте тартымды. Кез келген еркекті магнитше тартатын қасиеті бар. Сонымен қатар бәрімен ортақ тақырып тауып, тез тіл табысып кете алады. Алайда аналитикалық ақылы мен жұмысқа берілгендігі жігіттердің махаббатын бірте-бірте достық қарым-қатынасқа айналдырады. Жігіт таңдауда да осы бір аса ақылдылығы кедергі келтіреді дейді психологтар.

Олар тек маңызды шаруаларға мән береді. Бұндай мінезімен олар жетісткке, көздеген мақсатына жылдам жете алады.


КАРЕ (9 сурет)

Жаны жараланғыш, нәзік. Көңіл күйі жылдам өзгереді. Дегенмен, досы да, танысы да көп. Қызығатын нәрсесі де, білетіні де аз емес. Сондықтан да онымен әңгімелесу қызық, жалықтырмайды.

Шашының ұзындығына қарай мінез ерекшеліктерін анықтауға болады. Каре үлгісіндегі ұзын шаш оның амбициясын, басқарушылық қабілетін білдіреді. Ал қысқа каре шаш – үйлесімділіктен хабар береді. Ішкі және сыртқы әлемінің үйлесім тапқанын жаны қалайтын әйелдер қысқа карені ұнатады.


ҰЗЫН ТІК ШАШ (8, 10 суреттер)

Тыныш, бірсыдырғы өмірді сүйетін әйел. Жанын қинағысы келмейді. Ол бәріне оңай әрі бірден қол жеткізгісі келеді. Ерке, жалқаулау.

Есейгенше ата-анасы мен бауырлары оның жағдайын жасап, мәселелерін шешеді. Отбасы құрғанда бұның бәрін оның жары жасауы керек. Сондықтан да ол аялап, алақанына салып қамқор болатын еркекті іздейді.

Қамқор жан табылмаса, ол жалғыздықты таңдайды.


ҰЗЫН ТОЛҚЫНДЫ ШАШ (12 сурет)

Нәзік, арманшыл, романтикаға жақын. Өзінен, өз рахатынан ешнәрсе аямайды.

Тез сүйіп, тез суиды. Жаңа таныстыққа жол таба алады. Не нәрсенің де соңын ойлап қадам жасауды білмейді. Содан болар, ол үшін жұмысын ауыстыру да, жаңа қарым-қатынасты бастап кету де қиын емес. Көп қателікке жол береді.


ЕРЕКШЕ ШАШ ҮЛГІСІ (4, 11, 13 суреттер)

Шығармашылыққа, өнерге жақын адам. Бойында тұнып жатқан талант көп.

Көптің назарында болуды қалайды. Атақ пен даңқ ол үшін бірінші орында. Егер ол шын қаласа дегеніне жете алады. Өйткені ол кез келген істі шығармашылықпен байланыстырып, лимоннан лимонад жасай алатын әйел.

Ол жеке шекарасын үнемі жабық ұстайды, өміріне өзгелердің аралсқанын қаламайды. Сондықтан болар, достары аз.


Міне, жантану мамандары осындай психологиялық мінездеме береді. Мамандардың айтуынша, мінезді өзгерту үшін шаш үлгісін өзгертуге болады екен. Олай болса, шашыңызды қиюдан, өзгертуден қорықпаңыз.

Дайындаған: Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ТӘН мен ЖАННЫҢ дертінен 21-ақ күнде ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ


Ененің ЕНЕ болатын аналарға СУПЕР кеңесі