Ененің ЕНЕ болатын аналарға СУПЕР кеңесі

0
3 593

"​Келін түсіруге дайындалып жүрген АНАЛАР, тыңдаңдар" дейді ол.


Ененің ЕНЕ болатын аналарға СУПЕР кеңесі

фото: cdn.pixabay.com

Барлық ана ерте ме, кеш пе ене деген статусқа ие болады. Алайда оның бәрі дана ене бола бермейді. Әрине, кім болса да өнегелі ене болғысы келеді. Бірақ қалай?

Осы орайда бес келіні бар, өмірген көрген Сағира Зиятқызы былай деп кеңес береді.

Ол «Әр ана өзі келін боп жүргенде «Нағыз ене қандай болуы керек?» деген тақырыпта шағын жазба жазып қойғаны дұрыс. Кейін ене болған соң соны жиі оқып тұруы қажет» дейді. Сағира Зиятқызы бұны өз тәжірибесінде сынап көріпті.



Сағира Зиятқызы: «Бес келінім бар. Қолда тұратын келін екі баласын жетектеп үйден кетіп қалды. Ол «Бұндай енемен тұра алмаймын. Төзімім таусылды» депті төркініне.

Келінім айтпақшы менімен тұру қиын ба? Мен қандай енемін? Ал жақсы ене деген кім? Ол қандай болуы керек? Осындай сан сұрақтың жауабын ойлай берем. Ойымды басқа жаққа бұру үшін үйді жинаймын. Ескірген заттарды қоқысқа шығарам, гүлдерді суарамын. Өстіп жүріп, бұрынғы қойын дәптерімді тауып алдым. Жазғанымды оқып таң қалдым. «Ұлыма» деп тақырып қойыппын да былай жалғастырыппын.


Ұлым, мезгілі жетіп үйленесің. Өз отбасың болады. Бәлкім, бізден бөлек тұрарсың. Сонда түнгі сағат 22-ден кейін маған қоңырау шалушы болма. Түсінем, себепсізден себепсіз қоңырау шалып, сөйлескің келер. Бірақ түн – әйеліңе көңіл бөлетін, сонымен сөйлесіп, сырласатын уақыт.


Ұлым, анаң жасағандай қарым-қатынасты, мейірімділікті ешқашан әйеліңнен күтпе. Өйткені ол сені туған жоқ. Саған бүкіл мейірім-махаббатын төгуге ол міндетті емес. Керісінше, ата-анасын, бүкіл туысқаның тастап, ендігі өмірін саған сеніп тапсырған соң, оны сен сүйіспеншілігіңе бөле.

Ұлым, жұмыстан келдің бе, киіміңді ауыстырмас бұрын бірінші қолыңды жу. Қолыңды жуғанда аяғыңдағы шұлығыңды шешіп жуа сал. Көп болса екі-үш минут қана кетеді шұлық жууға. Әйеліңнің одан басқа да шаруасы жетеді. Жуылмаған шұлыққа бола ұрсушы болма.
Ұлым, ешқашан ешкімге ерлі-зайыптылық қатынасың туралы айтпа. Әйел мен еркектің бұл қатынасы екеуіне ғана тиісті, сондықтан бұл сыр сақталуы керек.


Ұлым, ешқашан әйеліңе «Ал мамам бұны басқаша пісіретін» деп айтпа. Үйленген соң бұл сөзді ұмытқаның өзіңе жақсы. Дұрысы, оның әр тамағын мақтап отыр.


Ұлым, отбасы болған соң, түрлі жағдай орын алады. Әйелің алғашқы жылдардағыдай боп қалмайды. Бәрі өзгереді, мінезі, сымбаты, талғамы, сөзі... Не болса да әйеліңді маған жамандаушы болма. Өйткені оған сені ешкім қинап қосқан жоқ. Қосағыңмен қоса ағар!

Ұлым, әйеліңе бұрынғы жүрген қыздарың туралы, ескі махаббаттарыңды айтпа. Егер өзі сұрап қоймаса, «Саған үйленген соң бәрін ұмытып кетіппін. Есімде жоқ» дей сал.

Ұлым, әйелің шашын қидырса, жаңа көйлек сатып алып көрсетсе, «Керемет екен, әдемі жарасып тұр» деп айт. Мейлі, саған ұнамаса да солай де, бекерге көңіл күйін түсіріп қайтесің. Әйелдің жаны нәзік, көңілі шыны әйнек секілді болады. Болмашы нәрсе үшін көңіліне қаяу салып алма. Шаш тіс емес қой, қайтадан өседі. Ал көйлек те уақытша, тозады, кейін өзіңе ұнағанын әперерсің. Өзгертуге болатын нәрсені дауға айналдырма.

Ұлым, егер мен ауырып қалсам, ауруханада жатсам, аптасына бір рет кеп жағдайымды сұрасаң жетеді. Ал егер әйелің ауырып ауруханаға түсіп қалса, оған күнде баруға міндеттісің. Бұл оның ертерек сауығуы үшін маңызды.

Ұлым, әйелдердің бәрі күйеуінен «Семіріп кетпегенмін бе? Мынау көйлек мені семіз етіп көрсетпей ме?» деп сұрайды. Сондайда «Жоқ» дегенің дұрыс, сонда реніштен, ұрыс-керістен аулақ боласың.

Ұлым, есіңде болсын, әйеліңнің әке-шешесін сынап-мінеме. Олардың тағдырын, қателігін талқылаушы да болма. Өйткені олар қандай жан болса да, қалай өмір сүріп жатса да қатысы жоқ. Ең бастысы, олар сенің өмірлік таңдауыңды – әйеліңе өмір сыйлаған адамдар. Ал өмірден артық байлық жоқ. Құрметтеуге түк таппасаң, осы үшін, яғни жарыңды өмірге әкелгені үшін оларды құрметте.

Ұлым, ертеңгі күні мен сенің балаларыңды қатты еркелетем. Сондайда маған тыйым салма, ұрыспа. Еркелету ата-әженің міндеті, ал сендердің міндеттерің – тәрбиелеу.

Ұлым, әр мерекеде әйеліңе бір тал болса да гүл сыйла. Гүлдің бағасы соншалықты қымбат емес. Ал әйелдің көңілі қымбат. Бір шоқ гүл әйеліңнің көңілін қалай өзгертерін білсең ғой шіркін?! Отбасы құрған күнді де ұмытпай, кішігірім сыйлық жасасаң, тіптен жақсы. Бұл әйел үшін өте маңызды.

Ұлым, күнде жұмыстан келіп, үйдің есігін ашарда күлімде. Әрине бұл қиын болар, бірақ сенің күлімдеп үйге кіргенің әйелдің үй шаруасындағы, бала қарау мен отбасылық мәселелердегі қиындығын жеңілдетеді. Осыны ұмытпа!

фото: cdn22.img.ria.ru

Есіме түсті бұны орыстілді журналдан аударып жазғанмын келін кезімде. Ұлдарыма арнап жазған хатымның соңында «...осыны ұмытпа» деппін, ал өзім армандаған «жақсы ененің» осындай болатынын ұмытып кетіппін. Бұл менің келін кезде, әлі енем тірі уақытта жазғаным. Әр келін енесінің осындай болғанын, ұлына осындай ақыл айтқанын қалайды екен. Өзімнің келіндік шағым еске түсті. Мен де көп қателестім. Мейлі, менің енем жаман адам болған шығар, бірақ бұл «мен де сондай болуым керек» деген сөз емес қой.

Мен кімге айналғанмын? «Осындай енем болса» деп армандағанымды ұмытыппын. Келіндерім қандай енені қалайтынын білмеймін, бірақ мен өзім қалағандай ене болайыншы деп ойладым.

Қойын дәптеріме жазғанымды телефоныммен суретке түсіріп, үш ұлыма да вацаппен жібердім. Екі үлкен келінді өзім енші беріп, бөлек шығарғанмын. Олар қолымда көп тұрмады, сонда да өзім шақырмасам үйге келмейді. Ал үшінші келін кетіп қалған. Әр ісіне, күйеуімен арасына, мәселелеріне араласа бергенімді түсіндім.

Осындай оймен ұйықтап кетіппін. Ертеңіне күтпеген жағдай болды. Күйеуім шипажайда жатқан, ешкім болмағандықтан түске дейін ұйықтағанмын. Оянсам, кетіп қалған келінім үйде жүр. Дәмді бәліш пісіріпті. Дастарханды жайнатып қойған. Күлімсіреп «Шай қайнап тұр» дейді. Немерелерім мойныма асылып құшақтағанда көзіме жас келді. Сол күні кешке бөлек тұратын екі келінім мен ұлдарым келді...

Содан бері екі ай өтті. Тату-тәттіміз. Біз бір-бірімізді түсінген сияқтымыз, әлде мен шынында да жақсы ене бола бастадым ба екен?

Түсінгенім, сыйлау – құрдай жорғалау емес екен. Сондай-ақ ене де өз орнын білгені дұрыс-ау. Қазанды, үйдің шаруасын келініме түгелдей тапсырдым. Сеніп тапсырған соң ол бәрін өзі тап-тұйнақтай етіп істейтін болған. Бұрынғыдай «Бүгін қандай тамақ істейін?» деп сұрамайды. Ал мен сыныптас, группалас құрбыларымды әлеуметтік желіден тауып алып, солармен байланысудамын. Өз әлемімді тауып алғандаймын...»


Сағира апа «Енелер өз өмірімізді өзіміө қиындатпайық» дейді. Ол «өзіңіз келін кезіңізде енеңіздің қандай болғанын қалап едіңіз, дәл сондай болсаңыз, ұрыс-керістен, жүйке тоздыратын жағдайлардан аулақ боласыз» дейді. Ал сіз қандай енесіз, оқырман?

Дайындаған: Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Тамыз айында СІЗГЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? Өткізіп алмаңыз


Өмірді 100 пайыз жақсартатын БІР қадам