АТА-АНА бақытты болу үшін ПЕРЗЕНТ не істеуі керек?

0
5 257


АТА-АНА бақытты болу үшін ПЕРЗЕНТ не істеуі керек?

Сіз де ата-анамды үлде мен бүлдеге орап, жағдайын жасасам, бақытты болады деп ойлайсыз ба? Ал психологтар бұл түсінікті қате дейді. Неге?


Адам психологиясын зерттеген ғалымдар «Кей бақыттың өмірі қысқа болады. Мәңгі бақыт сыйлайтын нәрсе ғана адамды нағыз нағыз бақытты етеді» деп тұжырымдайды. Демек, бүгін бар, ертең жоқ дүние, еріп кетер мұз секілді байлық адамға бақыт сыйлағанымен, ол уақытша. Дұрысы, баспана, көлік, қымбат, атақ-даңқ қуаныш сыйлайды, бақыт емес. Шатастырмаңыз.


Ата-ана үшін ең үлкен бақыт не екенін анықтау қиын емес. Барлық адам үшін ең үлкен байлық та, бақыт та – перзент. Баласы бар ата-ана бақытты, ал, перзенті бақытты ата-ана шын бақытты. Перзент те «барлық адам» боп саналатындықтан, ол бақытты болу үшін балалы болуы керек. Түсінікті болу үшін, көп балалы ата-ананың біріне осы «Ата-ана үшін ең үлкен бақыт не?» деген сауалды қойған едік.

Мұхит, 8 баланың әкесі:

- Ұл мен қыздың бәрін әйелім екеуміз қатарынан қалдырмай өсірдік, оқыттық. Жүректері қалаған адамдарын өздері тапты, біз ата-аналық парызымызды атқарып, той жасап, ұядан абыроймен ұшырдық. Кенже қызым оң жақта ұзақ отырып тұрмысқа шықты. Ол анасы екеумізді шипажайларға апарды, қымбат тон да кигізді. Кейін қаладан бір бөлмелі пәтер сатып әперем деп біраз уақытын сарп етті. Әрине қай ата-ана үшін де перзентінің ойлап, жағдайын жасағаны ұнайды. Бірақ сол қызым кеш тұрмысқа шығып, бала сүйе алмады. Ажырасып кетті. Қазір қартайған анасы екеуміздің уайымымыз сол қыз.

Қарап отырсам, маған да, анасына да қымбат жиһаз бен күміс қасық та, алтын сағат та қажет емес. Олар қызымыздың бақытынан артық қуанта да алмайды. Ата-ана үшін перзенттерінің өз алдына отбасымен жарасым тауып, бала-шағасын ойлап қатарынан қалмай өмір сүргенінен асқан бақыт жоқ.

Кезінде «Осы қыз басқа жетеуінен артық» деп оның бізге жасаған жақсылығына мәз болатынбыз. Ал қазір жетеуінен артық осыны уайымдаймыз. Тағдыры не болар екен деп, күрсінеміз. Оның ажырасқаны емес, балалы бола алмағаны – уайым.

Анасы екеуміз әу баста оған «Біз үшін сенің теңіңді тауып, бала-шағалы болғанын үлкен бақыт» деп санасына құюымыз керек еді. Тым болмаса бір бала туып алғанда ғой, біз шын бақытты болар едік.


Ата-аналардың көбісі ұл-қызына жасаған жақсылығын айтады, сосын олардан сондай өтеу күтеді. Тіпті талап ететіндері де бар. Ұл-қызға перзенттік парызы туралы айтқан дұрыс, бірақ, одан бұрын отбасы құрып, балалы болуды орындауды талап еткен жөн. Өйткені ата-ана перзенті бақытты болғанда ғана бақытты. Ал адам үшін ең бірінші және ең үлкен бақыт – бала.



АТА-АНАМ БАҚЫТТЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ...

МЫСАЛ: Баяғыда бір бүркіт үш балапанын өсіріп, олар өз алдына өмір сүруге жақындағанда, сынап көрмек болып, биік тауға алып шығады.

Өзіндік үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған балапандарына қарап, «Мен сендерді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, жыртқыш аңдардан қорғап өсірдім. Сендер үшін улы жыланмен де айқастым. Өмірімді сендерге арнадым. Тағы да бірер жылдан соң әрқайсысың жеке өмір бастайсыңдар. Сонда маған қандай жақсылық жасайсыңдар? Қане, айтыңдаршы» дейді.
Біріншісі: «Анашым, сенің ақ сүтінді ақтау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Мен сені өмір бойы қанатыма мінгізіп, алып жүремін. ӘБүкіл жер шарыны аралатамын. Бізді асырау үшін тамашалауға уақыт таппаған ғажайып жерлерге апарамын», - депті. Кәрі бүркіт басын шайқап, көңілі толмағанын аңғартады. Сосын екіншісіне бұрылып: «Ал сен маған қандай жақсылық жасайсың?», - депті.

Екінші балапан: «Анашым, мен сені ел аралатып босқа әуре қылмаймын. Білем, қартайғанда тез шаршайсың. Сондықтан ғаламның барлық кереметі мен қызығын алдыңа әкеп беремін», - депті.

Бүркіт терең күрсініп алып, үшінші балапанына бұрылып, қатаң дауыспен «Ал сен анаңды қалай жарылқамақсың?» дейді.

Үшінші балапан: «Анашым, жасаған жақсылықтарыңызды білем, ұмытпаймын. Оны өтеуге мен барлық ғұмырымды арнасам да жетпейтінін түсінем. Сізді қанатыма салып алып, әлемді аралатуға да, сан түрлі ғаламаттарды алдыңызға әкеп беруге өмірімді арнай алмаймын. Сіздің алдыңыздағы борышымнан бұрын өмірге келгендегі миссиям да бар ғой. Мен де отбасы құрып, ұрпақ өрбітуім қажет. Мен сіздің маған жасаған жақсылықтарыңыздың барлығын өз балапандарыма жасау үшін өмір сүретін боламын», - депті.
Кәрі бүркіт көкірек кере терең тыныс алып: «Мен барлығыңнан осы жауапты күтіп едім. Сендер өз балапандарың үшін өмір сүрулерің керек. Ұрпақты болсаңдар, мен үшін сол бақыт», - деген екен.


Жер бетіндегі барлық тіршіліктің негізгі миссиясы – көбею. Бүркіт пен өсімдіктің де, адамның да. Бұл табиғат заңы. Бірінші табиғат заңын орындау керек. Одан соң адамдық борыш, перзенттік парызды ойлаған абзал.


Адам үшін баспанасы, көлігі, отбасы емес, баласы болмау – қайғы. Ата-анаға перзентінің шыққан биігі, жетістігі, қымбат көлігі қуаныш сыйлайды, ал ата-ана атанғаны бақытты етеді.


Бұндай тұжырымға психолог мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізген соң келген. Ал сіз психолгтардың айтқанымен келісесіз бе? Сіз үшін ең үлкен бақыт не? Комментарийге өз ойыңызды жазып қалдырыңыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ЖАЛҚАУ ЕРКЕК белдік тақса, өмірі ӨЗГЕРЕДІ


НЕГЕ отбасылы еркекке «бойдақпын» деп айтуға БОЛМАЙДЫ?