БАСТАҒАН істі АЯҚТАУҒА көмектесетін ӘДІС

0
414

​Бұл әдіске 2-ақ минут жұмсап, екі сағатқа жететін күш таба аласыз.


БАСТАҒАН істі АЯҚТАУҒА көмектесетін ӘДІС

фото: i.pinimg.com

Бірер айдан соң тағы бір жыл аяқталады. 2020 жылдың басында жоспарлаған істің қанша пайызын орындадыңыз? Ал былтыр бастап қолға алған істің қаншасы аяқталмай қалып еді?


Адамның істегенін адам істей алады. Адам бойында өзге түгілі өзі таңқалатындай ғаламат күш бар. Сондай-ақ ойыңызда бар нәрсенің бәріне қол жеткізе аласыз. Психологтардың айтуынша, тек бастаған ісін соңына жеткізбей, орта жолда тастап кететіндер ғана көздегеніне де, ойындағысына да жете алмайды екен.


НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

фото: leistungstraeger-blog.de

Өзіңізді өзгеден кем санамас бұрын, кедергілер мен орта жолда тоқтап қалуыңыздың себептерін анықтап алыңыз. Психологтар жалпылама түрде бұл тұрғыда мынандай болжал жасайды:


Бірінші себеп: Уақытты жоспарламау

Бәріне үлгергіңіз-ақ келеді, бірақ, уақыт санаспайды. Көзін тырнап ашқаны сол-ақ көзіне ұйқы тығылып, қалай түн болғанын аңғармай қалатын адам біраз күннен соң бастаған ісін аяқсыз қалдырады. Өйткені ол күнделікті маңызды істерге уақыт жеткізе алмай тыпыршыған кезде «Бұл маған қазірше қажет емес» деп, амалсыздан шетке ысырып қояды. Әр күнді және уақытты жоспарлауға әдеттеніңіз.


Екінші себеп: Мүмкіндігіне сенімсіздік

Бұған айналаңыздағы адамдардың көзқарасы, ата-ананың берген бағасы, санаға сіңген тәрбие, бала кезде сыныптастардың төмендетуі т.б. қарым-қатынас әсер етіп, сенімсіздікті тудырады. Сондықтан да әр адам материалдық, физикалық және психологиялық тұрғыда өз мүмкіндіктерін белгілі бір шеңбер аясында ғана көреді екен. Ал ғалымдар мүмкіндік әрқашан шексіз, оның шекарасы жоқ дейді. Оны шектейтін – өзіміз ғана. Өзгенің қолынан келген іс сіздің де қолыңыздан келеді. Оның сіздікі сияқты екі қолы ғана бар, үшеу емес.


Үшінші себеп: Жауапсыздық

Орындайтын іске жеңіл қарау жауапсыздыққа, ал жауапсыздық жалқаулыққа алып барады. Не нәрсені де атқарарда «өте маңызды» деп қарап үйреніңіз. Өзіңізді тәртіпке бағындырыңыз. Ал тәртіп таңертең ұйқыдан тұра салысымен төсекті жинаудан, тамақ ішкен ыдысты лезде жуып қоюдан, шешкен киімді ілгішке ілуден басталады.


Төртінші себеп: Қызығушылықтың жоқтығы

Балаға ұнамайтын тағамды жегізу қандай қиын болса, ересек адамға қызығы жоқ істі орындау да дәл солай қиындық тудырады. Біреуге ұнағаны үшін емес, өзіңізді қызықтыратын, өз мақсаттарыңызға ұмтылыңыз. Ол үшін жыл басында қойған арман-мақсаттарыңызды қайтадан саралап шығыңыз.



СЕБЕПТЕРДІ ҚАЛАЙ ЖОЮҒА БОЛАДЫ?

фото: generics.pharmaintelligence.informa.com

Көп адамның бастаған ісін соңына дейін жеткізуге күш таба алмауының негізгі себептер осы. Ал сіз өзіңізге кедергі боп жүрген себепті анықтап, табуға тырысыңыз.

Психологтар орта жолда қалдыру синдромының кез келген себебімен күресу үшін мына ережелерді қолданып көруге кеңес береді.


№1 ЕРЕЖЕ

Мақсатыңыздың маңыздылығын айқындап алыңыз. Маңыздылығы жоғарылаған сайын оны орындауға күш пен ынта да әрқашан табылады. Мысалы, ағылшын тілін үйренуді алайық. Оны не үшін меңгергіңіз келеді? Келешекте әйтеуір бір қажеті боп қалады деп пе, әлде араласатын ортаңыздағы кейбір адам үйреніп жатқаны үшін бе? Немесе аспирантураға түсіп, біліктілігіңізді арттыру үшін, сол арқылы жалақысы жоғары жұмыс табуыңыз үшін қажет пе?

«Бұл маған не үшін қажет?» деген бір сұраққа бірнеше жауап жазыңыз. Жауаптарыңыз маңыздылық деңгейін анықтап береді.


№2 ЕРЕЖЕ

Мәжбүрлеп, зорламаңыз. Қойылған мақсатқа жету үшін әркім өзін қамшылап, алға күштеп итермелеп отырғаны дұрыс. Бірақ өзіңізді зорлап сүйремеңіз. Өйткені мәжбүрлеу – кез-келген істі орта жолда тастаудың ең қысқа жолы.

Ынтаңыз болмай жатса, «Жалқау есек, тұр орныңнан!» деген сөзбен емес, жоғары көңіл-күй арқылы орныңыздан қозғалуға үйреніңіз. Психологтар зерттеуінше, көңіл күй жоғарылағанда ынта өзі келеді екен.

Бұл орайда көңіл күйіңіздің оң зарядын тауып алғаныңыз абзал. Мысалы, біреудің көңілін музыка немесе тәтті шоколад пен қара кофе, келесі біреуді балмұздақ, тағы бір адамды жарты сағаттық ұйқы зарядтап, орнынан «көтереді».


№3 ЕРЕЖЕ

фото: euroroaming.ru

Асықпаңыз, асықтырмаңыз! Жылдам және бәрін бірден үйренемін деп асықсаңыз, қызығушылығыз бен қуатыңыздың оты да тез өшеді. Егер жылдам меңгеруге мүмкіндік болмай жатса, уақытты созыңыз. Мысалы, артық салмақпен күресті бастағыңыз келсе, «Бір айда 15 кг-нан құтылуым керек» деп емес, көздеген артық салмақпен екі айда күресіңіз. Кей кезде уақытты емес, нәтижені бірінші орынға қою қажет.


№4 ЕРЕЖЕ

Мотиватор немесе мотивация іздеңіз. Сіз көздеген мақсатқа жеткен адамды айналаңыздан тапқаныңыз жақсы. Мысалы, сіз біраз жылдан бері көлік жүргізуді үйренуді жоспарлап келесіз. Бірақ жол ережелерін жаттауға, жұмыс арасында уақыт тауып автомектепке баруға бірде уақыт жетпесе, бірде құнт қылмай кейінге шегеріп келе жатқаныңызға бірнеше жыл боп қалды делік. Ал бұрын-соңды көлік руліне отырмаған 65 жастағы көршіңіз немерелері етегінен тартса да екі айда көлік жүргізуді оқып та, үйреніп те алды. Күш таппай жатқанда сол көршіңізді еске алыңыз. Мотиваторыңызбен жиі сөйлескеннің де пайдасы зор.


Аталған төрт ережеден бөлек, мына әдісті де қолданғаныңыз дұрыс. Бұл техниканы ынтаңыз бен қызығушылық жоғала бастағанда, жалқаулық жеңіп бара жатқанда орындаңыз.


ТЕХНИКА

Жете алмай жүрген мақсатыңызға жетіп қойдым деп ойлаңыз. Ойша мәреге жеткеніңізді елестетіңіз. Нәтижені ойша көре біліңіз. Мысалы, мақсатыңыз – 55 кг-ға түсу болса, таразыға тартылғаныңызды және онда сізге қажетті санды ойша көріп, қуаныңыз. Немесе ағылшын тілін үйренуде қиналып, шаршап жүрсеңіз, шетелге саяхаттағаныңызды, ол жақта өзге ел азаматтарымен ағылшынша сөйлесіп жатқаныңызды елестетіңіз. Қандай сезім бойыңызды биледі? Әрине қуанып, кеудеңізді мақтаныш сезімі кернеп, өзіңізді қатты жақсы көріп кеттіңіз бе? Ендеше осы көңіл күйді сақтап, орта жолда тастамақ боп тұрған істі ары қарай жалғастырыңыз.

Әрдайым психологиялық және физикалық күш әлсірей бастағанда, істің соңы мен нәтижені ойша елестетіп көру техникасын орындаңыз. Бұл техникаға небәрі 2-ақ минут жұмсап, екі сағатқа жететін күш табасыз.


Аяқталмаған іс – басталып, жартысы орындалып қойған жұмыс. Оны келесі жылы қайтадан бастаған дұрыс па, әлде келер жылға дейін аяқтап тастаған ба? Таңдау сізде!

Ж. СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


НЕГЕ отбасылы еркекке «бойдақпын» деп айтуға БОЛМАЙДЫ?

ЖАҒДАЙды өзгерте алмағанда НЕ ІСТЕГЕН ДҰРЫС?
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет