Біреу кемсітсе, мұқатса не істеу керек?

0
3 219

​Бұл өзіңізді өзгертудің ең оңай әрі дұрыс жолы. Орындаңыз!


Біреу кемсітсе, мұқатса не істеу керек?

Өмірдің әр түрлі саласында өзгеден жаныңызды жаралайтын сөз естіп жүрсіз бе? Мысалы, күйеуіңіз (немесе әйеліңіз, жігітіңіз) сізді өзінің достарының ортасына алып барғысы келмейді. Бақуатты жерге тұрмысқа шыққан әпке-сіңліңіз сізден ұялады. Әріптестеріңіз киіміңізді, жүріс-тұрысыңызды сырттай әңгіме қылып күледі. Құрбы-дос менсінбейді т.б.

Олар ашып айтпаса да іс-әрекетінен-ақ байқап қалып жатқан шығарсыз?! Психолог мамандар мұндайда еңсені түсірмей, керісінше олардың сөздерінен қорытынды шығару керектігін айтады. Қорытынды шығару деген бұл – тұлғалық өзгеру.

Иә, төмендеткен сөзге ренжімеңіз. Олардың сөздері – өзгеруге мүмкіндік. «Нені өзгертемін?» деп ойланбайсыз, айналаңыздағы адамдардың өзі қалай өзгеруіңіз керек екенін айтып тұр ғой.


Осы орайда өмірде болған бір оқиғаны мысал етейікші. Психолог Анна Кирьянованың жазбасын аударып, назарыңызға ұсындық. Оқыңыз, сіз де өзгеріңіз!


БОЛҒАН ОҚИҒА: Қызы анасына: «Мама, рахмет, бірақ қазірше келмей-ақ қойыңыз» деді. Анасы жалғыз қызынан бұндай сөзді күтпеген еді. Сөмкесін жылдам қолына алды да шығып кетті. Ол қызы фитнеске кеткенде кішкентай баласына қарауға келетін.

Жол бойы «Мен қызымды қай сөзіммен ренжітіп алдым? Баласына ұрыстым ба? Ол неге маған келмей-ақ қойыңыз деді?» деп ойланып, өзін жазғырумен болды. «Әлде, қызымның енесі немересін қызғанды ма екен? Үйді солар сатып әперген, ұлының баспанасын қызғанған шығар? Құдағиым мені келмесін деп айтқан болар...» деп те ойлады.

Ойларымен алысып, ол мәселенің басқада екенін түсінгендей болды. Қызы бұдан ұялады...

Қызының ата-енесі, күйеуі бақуатты, білімді, мәдениетті адамдар. Ал бұл кім? Өмір бойы пойызда жолсерік боп жұмыс істеп келе жатқан қарапайым әйел. Сәнді киімі жоқ, шашын да бір уыс қып желкесіне жинай салады. Ешқашан өзіне көңіл бөліп, өзгеруге талпынбаған.

Бұл туралы қызы үнемі айтып отырады: «Мама, шаштарыңыз ағарып кетіпті ғой, бояп алсаңызшы. Ағарған шашпен жүруге ұялмайсыз ба?», «Түу, осындай кофталарды қайдан тауып аласыз? Неге талғаммен киінбейсіз?», «Өзіңізге көңіл бөлсеңізші, семіріп бара жатырсыз...», «Үстіңізден пойыздың иісі шығып тұр, киіміңізді ауыстырыңызшы» деп.

Қызының осы сөздерін есіне алып, үлкен айнадағы өзіне сырт көзбен қарады. «Қызым дұрыс айтады. Сырт келбетіме екі деген баға қоюға болады. Аузымның айналасына әжім түсіпті. Бетім де, денем де дөңгеленіп, қайда бара жатырмын?» деді терең күрсініп. Тамағына өксік тығылды. Тамағына тығылған өксіктің әп-сәтте көзінен жас боп аққанын байқамады да.

Ескі диванда отырып, фотосуреттерін ақтарды. Қызының кішкентай кезіндегі, мектепке барған алғашқы жылдағы, білім ұясынан түлеп ұшқан сәттегі және той көйлегінде тұрған суреттеріне қарады. Альбомның келесі бетінде қызының балалы болған кезі. Ол бүкіл өмірі альбомның екі-ақ бетіне сыйып кеткеніне, осы уақытқа дейін тек қызы үшін өмір сүргенін есіне алып мұңайды. Ал өмірінің мәні болған, сол үшін барлық күш-қуатын арнаған қызы «Келе бермеңіз, өзім шақырамын» деп, үйінен қуғандай болды.

Ренжіді. Бірақ көп ойланып өзіне өзі: «Қызымның алдындағы аналық парызымның бәрін орындадым. Өсірдім, жоғары білім әпердім. Тұрмысқа бердім. Болды оның өміріндегі менің рөлім аяқталды. Енді тек кедергі болмауым керек. Өміріне араласпауым қажет. Қажет болып жатсам, өзі қоңырау шалады» деп күмбірледі.

Ол әлсіз емес, сондықтан да қызыынң сөзіне ренжіп отыра бермеді. Керісінше, қызының сөзінен қорытынды шығаруды ойлады. Қызының жанын жаралаған сөздерін жазып алды да, шетінен орындай бастады.

  • Үйіне жақын жердегі фитнес залға барды. Түн ортасында тамақтануды, зиянды азықтарды пайдалануды доғарды. Сол күннен бастап дұрыс тамақтануға көшті.
  • Шашын қидырып, боятты.
  • Косметологқа барды. Әжімді жасыру үшін қалай бояну керектігін үйренді.
  • Сәнді, жаңа көйлектер сатып алды.
  • Жұмысын ауыстырды. Өзгеріс болу үшін басқа пойызға ауысуды жөн көрді.


Бұндай өзгерістерді орындау үшін көп уақыт та, көп ақша да кеткен жоқ. Тек нақты шешім және әрекет қана.

Бір күні ол пойызда өзі қатарлы бір ер-азаматпен танысты. Әу дегеннен-ақ сөзі жарасып кетті. Басы бос еркек екен.

Көп ұзамай әлгі азамат бірге тұруға, бірге өмір сүруге ұсыныс жасап, өзінің қаласына шақырды. Келісті.

Ол өзінің сыртқы келбетін, киімін, шашын өзгерткенде өмірінде де өзгеріс жылдам орын алғанына таң қалды.

Бір күні көптен хабарласпаған қызы қоңырау шалды. Бала бағушысы басқа жұмысқа ауысып кетіпті. Күйеуі үйіне қонбай, көп қыдырып жүрген көрінеді. Енесі де болмашыны сылтауратып ұрыс шығарып жүр екен. Ол анасына отбасылық мәселелерін айтып, баласына қарауға көмектесуге шақырды.

Анасы бұл кезде қиыр Шығыста еді. Ол басқа қалада екенін айтып, «Жақынарада бара алмаймын. Мүмкіндік болса, қыдырып келіңдер. Қуана күтіп аламыз» деді қысқа қайырып. Бұрын қызының болмашы мәселесін уайымдап, өзін қоярға жер таппай кететін. Шаршап тұрса да қызының үйіне жетіп баратын. Ал қазір ондай уайымды байқамады. Жаны тыныш. Қызы анасының бұрынғыдай уайымдамағанына таң қалды. Анасының теңіз жағасында түскен әдемі суреттерін көріп «Өзгеріпті» деді.


Сіз де өзгеріңіз, оқырман. Өзгеру үшін арнайы алгоритм құрудың, оның жолын іздеудің қажеті жоқ. Айналаңыздағы жақын-туыс, дос-құрбы, басқа да адамдардың кемсіткен, ескерткен, ұрыс-керіс кезінде байқамай айтып қалған сөздерін «өзгер» деп қабылдасаңыз жетеді. Бұндай сөздерді жазып шығыңыз да, мысалдағы әйел секілді шетінен бастап орындай беріңіз. Көп ұзамай-ақ өзіңізде де, өміріңізде де өзгеріс болады.

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ӨЗГЕРіске бастайтын 12 ҚАДАМ


Жаңа жылдың алғашқы аптасын ҚАЛАЙ бастау керек??