​Жаңа жылдың алғашқы аптасын ҚАЛАЙ бастау керек?

0
3 009

Көңіл күйдегі, денсаулықтағы жақсы өзгерістерді көп ұзамай байқайсыз!


​Жаңа жылдың алғашқы аптасын ҚАЛАЙ бастау керек?

Ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алар сәтте көп адам «Алдағы жылдан бастап, өзімді, өмірді сүюді үйреніп, жаңаша бастаймын бәрін. Өзіме көбірек уақыт бөлем» деп уәде береді. Өйткені ол өзінен артық ешкімнің оған жаны да ашымайтынын, ойламайтынын түсінсе керек. Сондай-ақ денсаулықтан, жүйке мен жүректің тыныш болуынан артық бақыт жоқ екенін ұққан.

Сіз де осы бір қағиданы түсіндіңіз бе? Олай болса, жаңа жылдың алғашқы аптасын былай бастаңыз.



1-КҮН

Бұл күнді «рахмет» айтудан бастаңыз. Ұмытып кетпес үшін түнде телефоныңыздың оятқышына «рахмет айту» деп жазып қойыңыз. Таңертең төсектен тұрған соң «тағы бір таңым атты, тірі оянғаным үшін рахмет!» деңіз. Таңғы асты ішіп отырып, «Асты өзім жеп, іше аламын, рахмет» деп тістеріңізге, асқазаныңызға алғыс айтыңыз.

Айнаға қарап тұрып, өзіңізді көре алғаныңыз үшін көзіңізге, аяқ киіміңізді киіп жатып қолдарыңызға рахмет айтыңыз.

Осылай он екі мүшеңізге жеке-жеке рахмет айтуға себеп табыңыз. Яғни, таңертең ұйқыдан тұрғаннан бастап, ұйқыға жатқанша әр мүшеңізге, бүкіл ағзаңызға рахмет айтып шығыңыз.

Психологтар адам алғыс, рахмет айтқан мүшесі өздігінен ауруды жеңіп, сауығатынын айтады.


2-КҮН

Екінші күнді өз көңіл күйіңізді көтеруге арнайсыз. Әрине, бұл кеңседегі және үйдегі жұмысыңызды істемей, бір күн демалып жатыңыз деген сөз емес. Жұмыс арасында да өзіңізге рахат сыйлайтын істерді орындап үлгеруге болады. Мысалы, өзіңізге ұнайтын бір шыны кофені сүйікті шоколадыңызбен асықпай отырып ішіңіз. Немесе ваннаны ыстық суға толтырып, теңіз тұзын қосып, 15 минут жатыңыз. Бір сағат уақыт тауып, әсемдік салонына барып шашыңызды жудырып, қидырыңыз.

Жұмсақ, жылы жемпір сатып алсаңыз да болады. Жалпы, бұл күнгі іс-әрекет жаныңызды қуанту, ал денеңізге, тәніңізге қамқорлық жасаумен байланысты болуы қажет.

Осылай әр адам өз көңіл күйін көтеруді ойлау керек. Өйткені кез келген ісіңіздің қандай болмағы, денсаулық та көңіл күймен байланысты. Көңілсізден көрікті іс «тумайды».


3-КҮН

Үшінші күні жаныңызға да, тәніңізге де тыныштық сыйлаңыз. Кез келген адамға, жағдайға, туындаған мәселеге салмақты қараңыз бұл күні. Ашуланбаңыз, күйгелектенбеңіз.

Өзіңізді бір шардың ішіндемін деп ойлаңыз, ешкімнің жағымсыз сөзі де, аларған көзі де әсер ете алмайды. Егер әлдекімнің қарым-қатынасынан агрессия байқасаңыз, агрессия сізді қоршап тұрған шарға тиісімен сол сәтте жанып жоқ болды деп елестетіңіз.

Сіздің өзіңізге деген сүйіспеншілігіңіз – қорғаушыңыз екенін түсініңіз. Сүйіспеншілігіңіз неғұрлым күшті болса, соғұрлым сіз сыртқы көзқарастардан, жағымсыз жағдайлардан қорғана аласыз. Осы күйді және ойды күні бойы естен шығармаңыз.


4-КҮН

Тазару күні болсын. Әрине бір күнді үйдің барлық бөлмесін тазалауға арнау мүмкін емес. Өйткені одан да басқа тіршілік бар. Сондықтан да тек шкафтарды реттеңіз. Асүйдегі, жатын бөлмедегі шкафтардан қажет емес заттың бәрін қоқысқа тастаңыз. Бір жылдан бері пайдаланылмаған, сынған, тозған, жыртылған, қажетке жармай қалғанның бәрін тастаңыз. Бос баклажка, бір реттік ыдыстарды да шығарыңыз.


5-КҮН

Ішкі үнді тыңдап, өзіңізбен өзіңіз болыңыз. Яғни, телефонды алысырақ ұстаңыз. Бір күн ешкіммен сөйлеспеуге тырыссаңыз тіпті жақсы. Сериал да, түрлі бағдарламаларды да көрмеңіз. Үйде де, далаға шықсаңыз да, жұмыс бөлмесінде отырғанда да терең-терең тыныс алып, ауаны қалай жұтып, шығарып жатқаныңызды бақылаңыз.

Айналаңыздағы дыбыстарға мән беріңіз. Өз ойларыңызбен бірге болыңыз. Тіпті бұл күні ойларыңызды, ішкі қалауыңызды күнделікке жазсаңыз да болады.


6-КҮН

Бұл күні сізге қатысы жоқ жұмысқа, уақытыңызды алатын іске, ұнамайтын сөзге «жоқ» деп айтасыз. Ал ұнамсыз эмоция тудыратын әрекеттерге іштей «жоқ» деп, қабылдамауға тырысасыз.

Елестетіңіз: Сіз кішкентай баласыз және осы кішкентай балапанның анасысыз. Бір күн өзіңізді осылай бақылайсыз. Сізді кішкентай деп, өзгелер өз пайдасына пайдаланғысы келеді, оған қосымша жұмыс істеткізеді делік. Осы кезде сол баланың анасы ретінде өзіңізге көмекке келіп, басқаларға «жоқ» деп айтқызып үйретесіз.


7-КҮН

Жаңа нәрсені істеп көріңіз. Бұрын-соңды істемеген, бірақ ойда жүрген ойларыңыз бар шығар, санаңызды ақтарып, қағазға түсіріңіз.

Мысалы, біреудің портретін салыңыз. Аққала жасаңыз. Өлең немесе бір танысыңыздың өзгеге сабақ болар өмірін жазыңыз. Телефонмен видео түсіріп, оны мантаждаңыз. Немесе интернеттен іздеп жаңа бір салат дайындаңыз. Үйге жақын маңдағы фитнес клубқа барып, бір күнге төлеп, жаттығулар жасаңыз. Я болмаса фотограф шақырып, отбасылық фотосессия жасатыңыз т.б.


Жылдың алғашқы аптасын осылай бастаған соң, әр айдың бір аптасын осы әдеттерді қайталауға арнаңыз. Көңіл күйіңіздегі, денсаулығыңыздағы жақсы өзгерістерді өзіңіз ғана емес, өзгелер де көп ұзамай аңғарады.

Ж. СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Ақшаны көбейтетін СУПЕР техника

Ерте тұруға ҚАЛАЙ әдеттену керек?