Біреу туралы пікір айтуға АСЫҚПАҢЫЗ!

0
2 600

​Туыс, бауыр, дос-құрбыны айыптауға неге асықпау керек?


Біреу туралы пікір айтуға АСЫҚПАҢЫЗ!

Фото: 1.bp.blogspot.com

Әлеуметтік желіде біреу сүрінсе оның себебін білмей жатып бәрі сөзбен «ұрады». Біреу қателессе, бәрі жабылып нұқиды, шұқиды. Бұл үрдіс отбасында да бар. Бір әрекетіне бола бәрі ортаға алып ұрсады, теріс айналады. Ал психолог мамандар ешқашан біреу туралы көзқарасыңызды өзгертуге, пікір айтуға асықпаңыз дейді.

Пендешілікпен ашулы кезінде шешім қабылдауға да, біреудің бір әрекетіне қарап оны жақсыға немесе жаманға тели салуға да асықпыз. Анығын білгенде ғана «Менікі дұрыс болмапты» деп қызарамыз. Бұл жақындарыңызбен қарым-қатынасты бұзады, реніш тудырады, ұялтады, тіпті дау тудыруы да мүмкін.

Ыңғайсыз жағдайда қалмас үшін себебін білмей, мән-жайға толық қанық болмайынша, ол туралы сыртынан пікір айтпаңыз. Осы тұста психолог мамандары жиі айтатын бір мысалды келтірейікші.


МЫСАЛ: Шетелге демалысқа барған ерлі-зайыпты теңізге қайықпен шықты. Жағалаудан ұзап кетті. Бір уақытта қатты дауыл тұрып, асау толқын қайықты аударып жіберді. Екеуі де суда жүзе алмайды. Екеуінде де төтенше жағдайда киетін киім жоқ.

Төңкеріліп, су бетінде қалқыған қайықтың үстіне бір-ақ адамға орын бар. Еркек әрең дегенде қайыққа жетіп, оның үстіне шығып алды. Үш-төрт метр жерде әйел суға бір батып, бір шығып арпалысып жатыр. Еркек бұл көріністі тек бақылаумен болды. Ол әйеліне көмекке ұмтылмады. Әйелі күйеуіне айқайлап бірнәрсе айтты да батып кетті. Әйелі күйеуіне не айтты деп ойлайсыз?

Әдебиет пәнінің мұғалімі оқиғаның осы тұсына келгенде сыныптағы тыныштықты бұзып, оқушыларға сұрақ қойды.

- Суға батып бара жатқан әйел не деп айқайлады? Өз ойларыңды айтыңдаршы

- Мен сені жек көрем!

- Құтқар!

- Сенің бұндай адам екеніңді ертерек білмегеніме өкінем!

- Қорқақ!

- Еркек емессің...

Оқушылар бірінен соң бірі өз ойларын айтып шулап жатты. Партаның соңында отырған бір ғана оқушы үнсіз тыңдап отыр. Мұғалім оған жақындап барып:

- Ал сен қалай ойлайсың? Әйел не деді сеніңше? - деп сұрады.

- Меніңше ол «Баламызға жақсылап қара» немесе «Баламыз саған аманат» деген шығар...

- Сен бұл әңгімені оқығансың ба? - деп таңданды мұғалім.

- Жоқ. Менің анам да көз жұмар алдында әкеме осы сөздерді айтқан болатын, - деді оқушы бала күрсініп.

Мұғалімнің көзінен бір-екі тамшы жас домалады. Оны байқатпау үшін ол жүзін жылдам бұрып, тақтаға қарады. Кітабын қолына алып:

- Жарайсың! Дұрыс, - деді де әңгімені ары оқып жалғастырды.

Еркек құтқарушылардың көмегімен аман қалды. Ол үйіндегі жалғыз қызына асықты. Қызын қатарынан кем етпей өсірді, тәрбиеледі. Арада бірнеше жыл өтті, қыз бойжетті. Бір күні ол үйіндегі шкафтарды тазалап, реттеп жатып, әкесінің күнделігін тауып алды. Күнделікті оқып отырып, ол егіліп жылады.

Күнделікте былай жазылған еді: «...Дәрігерлер әйеліме қорқынышты диагноз қойды. Айықпас дерттің бар екенін айтты. Емделуге кеш екенін де ескертті. Әйелім өмірінің соңғы күндерін демалысқа, саяхатқа арнағысы келді. Сол күні кенеттен дауыл тұрып, қайық аударылғанда оның аман қалғанын қаладым. Суда жүзе алмағандықтан оған көмектесе алмайтынымды ұқтым. Суға батып бара жатқан әйеліме қарап жылаудан басқа қолымнан ешнәрсе келмеді. Онымен бірге суға батып өлуге дайын едім. Бірақ кішкентай қызымызды жалғыз қалдыруға дәтім жетпеді. Оның ата-анасыз тұл жетім боп өсетінін ойлап, қызым үшін мен өз өмірімді сақтадым...»

Қоңырау соғылды. Үйге тапсырма ретінде әңгіменің жалғасын оқып келу берілді. Мұғалім сыныптағы оқушылардың көзінен бұл оқиға оларды ойландырып қойғанын, кейбірінің оқиғаны соңына дейін тыңдамай жатып айтқан пікіріне ұялғанын аңғарды.


Оқушылар сияқты үлкендер де кейде асығыстықпен айтқан пікіріне ұялады. Сондықтан да өзге туралы пікір айтуға асықпаңыз! Бірақ...

Иә, бірақ отбасы құруға, балалы болуға және баспана алуға асығу керек.


Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Өзгеруге қадам басқанда БҰЛ кедергілерден қорықпаңыз!


ӘЙЕЛІҢІЗДІҢ ШАШ ҮЛГІСІ ҚАНДАЙ?