Өзгеруге қадам басқанда БҰЛ кедергілерден қорықпаңыз!

0
3 631

Өзгеру, өзгеріс неден басталады?


Өзгеруге қадам басқанда БҰЛ кедергілерден қорықпаңыз!

(фото ашық дереккөзден алынды)

Адамның өміріндегі бақытсыздықтың, сәтсіздіктің басты себептері көбінесе балалық шақтан басталады екен. Сондықтан өмір сүруге кедергі боп жатқан мінез-құлықты, дағдыларды өзгерту үшін балалық шаққа бір саяхат жасап шығу артық етпейді. Себебін білсеңіз, өзгеру, өзгерту де жеңілірек болады дейді психологтар.

Сондай-ақ жантану мамандары адам өзгеріске қадам басқанда қандай кедергілер кездесетінін, оны қалай жеңуге болатындығын да айтады.



Түсініктірек болу үшін Оксана Фадееваның екі әйел туралы мысалын қазақшаға аударып, назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.


МЫСАЛ: Аня есімді қыз болыпты. Ол ешқашан ешкімнің өтінішіне «жоқ» деуді білмейді. Бірде бір әйел екі аптаға екі мысығына қарай тұруды сұранады. Аня мысықтарға жаны ашып, амалсыздан алып қалады. Бірақ содан бері бірнеше ай өтсе де екі мысық Аняның үйінде. Өйткені демалысқа кеткен әйел сол күйі хабарласпаған.
Аня бейтаныс әйелдің екі мысығынан бөлек ағасының балаларына да қарайды.

Әр демалыста Аняның ағасы қоңырау шалып, балаларына бас-көз боп отыруға өтініш жасайды. Аня амалсыздан бүкіл жоспарын шетке ысырып, демалысын ағасының балаларына арнайды.
Демалыс күндерін өзіне арнай алмағаны үшін ағасына ренжиді. Сосын ренжігені үшін өзінен өзі ұялады. Өйткені оның түсінігінде бауырыңа
, жақын адамдарыңа ренжуге болмайды.
Соңғы уақытта телефон шыр ете қалғанда, Аняның жаны да дірілдеп кеткендей болады. Телефон қоңырауын естігенде жүрегі тарсылдайды, терең күрсінеді. Өйткені ол тағы да біреу бір өтінішін айтып қоңырау шалып жатқанын біледі. Тағы да
«жоқ» деп айта алмайтынын біліп күрсінеді...
Ира да соңғы кезде жиі күрсініп жүр. Ол қолы ашық, жаны жомарт әйел. Жұрттың бәріне сыйлық жасап жүреді. Бірақ өзіне келгенде ақшасын қимай қалады. Өзіне ең арзан киім сатып алады. Тамақта да солай. Тауық етін жақсы көреді, бірақ анда-санда кішкентай бір санын ға
на сатып алып қуырады. Сүйікті тағамын тоя жеуге, әдемі киім сатып алуға іштей бір сезім кедергі болады да тұрады.
Ол да Аня сияқты тағдырына наразы, бұлай өмір сүргенді қаламайды. Не істеу керек?

Көп ойланып, Аня мен Ира адамға өмір бір-ақ рет берілетінін түсінді. Өзгеріс енгізуге бел буды. Бұл тұрғыда түрлі психологиялық кітаптар оқыды, терапияға барды. Жаңа дағды қалыптастыруды бастап жіберді.
Ағасы қоңырау шалып, балаларына қарап отыруға өтініш жасағанда, Аня алғаш рет «жоқ» деп айтты. «Күні бойы бос емеспін, жоспарлап қойған жұмыстарым бар» деді. Әрине бұны айту өте қиын болды. Ал Ира бірінші рет өзіне өзі сыйлық жасады, ол қымбат аяқ киім сатып алды.
Екеуі де осы алғашқы қадам өзгеріске бастайтынына, өмір сүруге қызығушылық пайда болатынына сенді. Алайда ешқандай қуаныш сезілмеді.
Есесіне екеуінде де өзін-өзі кінәлау, жазғыру басталды.
Аня демалыс күнін бір нүктеге қарап ойланумен өткізді. Ал Ира күні бойы алғаш рет өзіне-өзі жасаған сыйлық – аяқ киімнен көз алмады.

Екеуі де өздерін кінәлаумен болды
. «Психологтардың сөзі өтірік», «Өзімді ойлағаннан, өзіме уақыт арнағаннан бақыт таппадым, керісінше айыпты сезіндім», «Одан да бұрынғыдай-ақ өмірімді жалғастыра берейін» деген ойлар маза бермеді...


Ал психологтар кез келген өзгеріс қиындықсыз болмайтынын айтады. Сондай-ақ дағдыны, мінезді өзгерту жолында бастапқыда ешқандай қуаныш сезімі болмайды. Ол кейін бірте-бірте қалыптасады. Өзін-өзі кінәлауды біртіндеп доғарып, өзгеріс қадамын жалғастыра беру қажет. Сонда бала кездегі қорқыныштар, балалық шақта қалыптасқан қағидалар жойылады.

Мысалы, Аняны «жоқ» деген сөзі үшін ата-анасы кішкентай кезінде талай рет бұрышқа тұрғызып жазалаған. «Жоқ» деген сөзі үшін анасы «Менің қызым болмайсың» деп қорқытқан. Ал Ираға ағасы әрдайым «Жақсы бала ойыншығын, тәттілерін бөліседі» деп айтатын.
Әр адамның бала кезінде естіген осы секілді тыйым сөздері болады. Ол бала санасына сіңіп қалса, жиі естісе кейін алдынан кедергі боп шыға береді. Өзгеріс соларды жоюдан, жеңуден соң басталады.

Оларды түбірімен жойып жатқанда жан ауырады, адам қиналады. Сондықтан да өзіңізді жақсы көруді, бағалауды бастағанда ауыр сезімдерден қорықпаңыз. Бұл қалыпты жағдай. Бақыт пен қуаныш, жаңа өмір содан соң келеді. Осыны ұмытпаңыз.


Есте ұстаңыз, барлық өзгеріс бала кездегі қорқыныштарды жеңуден, өзіңізді өзіңіз сүюден басталады.

Дайындаған: Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ӘЙЕЛІҢІЗДІҢ ШАШ ҮЛГІСІ ҚАНДАЙ?


ТӘН мен ЖАННЫҢ дертінен 21-ақ күнде ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ