Бұны балаңызға міндетті түрде үйретіңіз!

0
2 320

​Бұны ешқандай таланты жоқ балаға да үйрете аласыз


Бұны балаңызға міндетті түрде үйретіңіз!

фото: ishrakat.com

Кез келген адам өз ортасының №1 үздігі, сымбаттысы, мәдениеттісі болғысы келеді. Өйткені бұл жеке өмірде де, қызметте де жетістікке жеткізетін критерийлер боп табылады.

Қатарластарының арасында №1 болатын баланы тәрбиелеу үшін оған көп нәрсе үйрету қажет. Бірақ ең бірінші мыналарды үйретсеңіз, ары қарай балаға бағыт-бағдар беру қиын емес дейді психологтар.

Бұл тұрғыда Ресейдің маркетинг саласындағы №1 маман Игорь Манн өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, бірнеше кітап жазған. Ол өз салаңның №1 үздігі болу үшін тиісті біліммен қатар, мыналарды міндетті түрде үйрену керек дейді.

Әрине, бұны мектеп жасындағы баланың күн тәртібіне енгізсеңіз, оған үйрену, ал ата-анаға үйрету оңайырақ болады.



ТАЗАЛЫҚ

Қазақта «нас» деген жаман сөз, «Олақтан салақ жаман» деген адамға ауыр тиетін мәтел бар. Ұл-қызыңыз осындай сөздерді естімесін десеңіз, кішкентайынан оған тазалықты үйретіңіз.

Тазалық жеке гигиенадан басталады. Күнделікті тіс жуудан бастап, мектептен келген соң аяқ киімін сүртіп, шұлығын бір шайып жайып қоюға дағдыландырыңыз.

Аптасына бір рет тырнағын алдырып, шкафындағы киімдерін реттеуге, ал ай сайын сөмкесін, бөлмесін қажетсіз заттардан тазартуға әдеттендіріңіз.

Ұйқысынан тұрған мезетте ең бірінші көрпе-төсегін жинап, 5 минут дене жаттығуын жасауды үйретіңіз.

Шай, сүт ішкен бокалын өзіне жудырып, отырған жерін реттеп, тазалауды да үйреткен дұрыс.

Тазалық арқылы бала ұқыптылықты, өзіне өзі күтім жасауды, айнаға қарап сымбатына көңіл бөлуді де үйренеді.



СЫМБАТ ПЕН САЛМАҚ

Дәрігерлер «Адамның салмағына қарап оның денсаулығынан көп мағлұмат алуға болады» десе, психологтар адамның сымбатына көз тастап-ақ оның ерік-жігерін, өзіне деген құрметін, өзін қаншалықты бағалайтынын, тіпті өмірге құштарлығын анықтайды екен.

Рас, миллионерлердің, жетістігі көп адамдардың, жұлдыздардың суреттеріне қараңызшы, қарын байлап семіргенін таппайсыз. Тіпті өз қалаңызда кәсібін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер мен ер-азаматтардың да сымбаты сымдай тартылған. Солай ма?

Өйткені олар артық салмақ, салбыраған бұлшықет адамның дене саулығына ғана емес, ой саулығына да кері әсер етенін жақсы біледі.

Артық салмақ адамның өзіне деген сенімділігін төмендетіп, түрлі комплекстерді тудырады. Сондықтан балаға артық тамақтанудың пайдасы жоқ екенін әрдайым айтып отыру қажет. Егер шектен тыс тамақтанудан баланы тыю қиын болса, оны спорт үйірмелеріне беріңіз. Ол өзі қатарлы балаларды көріп, теренердің сөзін тыңдап физикалық жаттығуға қызыға бастайды. Ал спортқа қызыққан бала біртіндеп аз тамақтануға көшеді.

Сымбатты денеде сау рух өмір сүреді. Балаңыз енжар, бос болбыр болмасын десеңіз, оны кішкентайынан сымбатына көңіл бөлуді үйретіңіз.



БАСТЫ ТІК ҰСТАУ

Сұлу емес, бойын тік ұстап, аяғын нық басып жүретіндер көрікті екенін жақсы білесіз. Психологтар өзіне сенімді адамдар басын көтеріп, тік жүретінін айтады. Олардың сөзі де анық, нық болады екен. Демек, бала өзіне сенімді болу үшін оған еңсесін тік ұстап жүруді үйрету керек. Сонымен қатар бүкіреймей жүретін адамдар түрлі проблемаларға жолыққанда сынбайды екен. Бұдан бөлек, оның денсаулыққа, көңіл күйге, мінезге де тигізер оң әсері көп.

Әрине, тік жүруге дағдылану үшін бала кітап оқығанда, тамақ ішкенде иықтарын керіп отыруға әдеттенуі қажет. Оның жүрісін, отыру қалпын үнемі қадағалап, айтып отырыңыз. Сонда бала да өзінің жүріс-тұрысын, әрбір қимылын, тіпті ойы мен аузынан шығар сөзін де бақылауда ұстап үйренеді. Бұл баланы эстетикалық сұлулыққа жетелейді.



СӨЙЛЕУ ЖӘНЕ ДАУЫС

Адамның қызметте өсуіне, жаңа ортамен тіл табысуына, білімін көрсетуге, ұжымдағыларды басқаруына, өзгені тыңдата білуінде әдемі сөйлей білуі үлкен рөл атқарады. Бұл жерде жағымды дауыстың да пайдасы зор.

Кейбір адамдарда әдемі дауыс табиғаттан берілген сый. Бірақ соңғы жылдары сөйлеу тілінде кемшіліктері бар балалар көбейген. Ал кейбір дыбысты анық айта алмайтын бала сөйлеуге ұялады, ойын жеткізе алмай қиналады. Осылай ол өзін өзгелерден кем санайтын боп өседі.

Егер сіздің де балаңыздың сөйлеуінде кемшіліктер болса, уақытты созбай маманға жүгініңіз. Бүгінде балабақшалар мен мектептерде логопед, дефектолог мамандары бар. Білікті маман тұтықпаны емдеп, дыбыстарды дұрыс қойып бере алады.

Мүмкін балаңыз, жоғары сыныпта оқитын шығар, әлі де кеш емес. Кез келген жаста тілдегі кемшіліктерді түзеуге болады. Сеніміңізді арттыру үшін ютубтан «Король говорит!» деп аталатын фильмді көріп шығуға кеңес беремін.

Сонымен бірге балаға дұрыс, мәдениетті сөйлеуді үйретіңіз. Ол үшін онымен араңызда диалог көбірек болғаны жөн. Бұл оның алдағы өмірінде көп көмегін тигізеді.



КИІМ КИЮ ӘДЕБІ

Қаласаңыз да, қаламасаңыз да барлық жерде киімге қарап қарсы алады, киіміне қарап сыйлайды. Әрине, бұл қымбат, бренд фирмалардың киімін кию керек дегенді білдірмейді. Дене бітіміне жарасымды, жасына, баратын жерге лайықты киіну. Сонымен бірге үтіктелген, жинақы, таза, талғаммен киім кию. Бұны балаға жасөспірім шақтан бастап үйрету қажет.


Бұның бәрі адамның интерфейсі деп аталады. Иә, интерфейс бұл – адамның бет-әлпеті, терісінің, тістері мен шашының, тырнағының күйі, иісі, дене сымбаты, жүріс-тұрысы мен киім киісі, дауысы мен сөзі.

Өз интерфейсіне көңіл мен уақыт бөліп үйренген баланың оқу-білімге, жетістікке жетуге ұмтылмауы мүмкін емес.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Баладағы агрессия қайдан пайда болады?

Мотивацияны қайдан, қалай табу керек?