Баладағы агрессия қайдан пайда болады?

0
8 959

Ата-аналар үшін маңызды.


Баладағы агрессия қайдан пайда болады?

фото: energycentral.com

Ашуланғанда қатарласын түйіп қалатын, ата-ананың сөзін соңына дейін тыңдамай есікті тарс жауып кетіп қалатын, үлкендерге айқайлап жауап беретін балалар бар. Бұл агрессияға жата ма? Агрессияның алдын алудың жолдары қандай?



ПСИХОЛОГТАР НЕ ДЕЙДІ?

Ашу, ашулану – эмоциялық сезімнің бір түрі. Мысалы, қуанғанда бала дауыстап күледі, алақайлап секіреді, жүгіреді. Дәл сол сияқты ашуланғанда да бала эмоциясын әртүрлі әрекетпен көрсетеді. Бұл қалыпты.

Бірақ ата-ана балаға ашуды қалай сыртқа шығаруды, ашу қысқанда өзін-өзі қалай ұстау керектігін үйретуі керек. Жалпы кез келген эмоцияны қалай «қорыту» керектігін бала білуі тиіс. Әрине, бұл жерде тәрбие үлкен рөл ойнайды.

«Тәрбие басы – талбесік» деп бекерге айтылмаған. Балаға кішкентай кезінен-ақ ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып ұқтырып отыру қажет-ақ. Өйткені агрессивті бала бірден пайда болмайды. Агрессия біртіндеп қалыптасады.

Агрессияның алғашқы белгілері баланың ойыншықтарын сындыруынан, өзі қатарлы басқа баланы (аулада, балабақшада, үйге қонақтар келгенде т.б.) тістеп, тырнап алуынан басталады. Бұндай кезде кейбір ата-аналар «Мінезді бала ғой», «Өскенде ешкімге есесін жібермейді» деп мәз болады.

Әрине, бұл дұрыс емес. Өйткені кішкентай баланың мінез-құлқындағы бұндай әрекеттер ашуланғанда өзінен үлкен адамға былапыт сөз айтып айқайлайтын, өзгенің жағасына жармаса кететін, заттарды қиратып эмоциясын шығаратын агрессивті адамның өсуіне себеп болады.

Тәрбие арқылы ғана агрессияның алдын алуға болады. Бірақ баланың агрессивті боп өсуіне тек тәрбие әсер етпейді, психологиялық, отбасылық, әлеуметтік және басқа да факторлардың әсері болады. Бұл аталған факторлар баланың мінез-құлқына, айналасындағы әлеммен эмоциональды қарым-қатынасының бұзылуына әсерін тигізбей қоймайды. Әрине, бірден емес, ол біртіндеп әсер етіп, балада агрессияны дамытады.



НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

1) Балаға жастайынан өз ойын, қалауын ашып айтуды үйрету керек. Өйткені кішкентай бала ішіндегісін айта алмағанда, қалауын жеткізе алмағанда онысы бірте-бірте агрессияға айналады.

Ата-ана белгілі бір жағдайларда «болмайды» деп бір ауыз сөзбен шектелмей, неге болмайтынын түсіндіріп отыруы қажет. Сонымен қатар, баланың ренішін, көңіл күйінің болмай тұрғанын немесе қуанышын байқағанда себебін сұраған жөн. Өйткені үлкендердің баланың эмоциясын елемеуі де агрессияны тудырушы себептің бірі.


2) Ата-ана отбасындағы атмосфераның жайлы болуын қамтамасыз етуі керек. Ата-ананың бір-бірімен қарым-қатынасы қандай? Олар балалар көзінше жиі ұрыса ма? Әкесі ашуланғанда үстелді тоқпақтай ма?

«Агрессия агрессияны тудырады» деген сөзді әр ата-ана білгені дұрыс. Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы балалардың мінез-құлқына әсер ететінін және олар ата-анасынан көргенін қайталайтынын есте ұстаған абзал. Баланың мінезі, тәрбиесі өзгеріп бара жатса, ең алдымен ата-ана оны өз іс-әрекетінен іздеп көрсін.


3) Отбасында ата-ананың «Баламен сағат» деген белгілі бір уақыты болуы маңызды. Мысалы, кешкі астан соң баламен бірге бір сағат үй тапсырмасын орындау, ертегі оқу, әңгімелесу. Немесе аптасына бір рет демалыс күнді балаға арнау, онымен бірге түрлі ойындар ойнау.

Бала ата-анасымен бірге уақыт өткізгенде көңілді, ұстамды, мейірімді, салмақты боп, бойындағы агрессия «емделеді». Ал ата-анасының назарынан, махаббатынан тыс қалған сайын балада агрессиялық мінез-құлық, қырсықтық, қыңырлық өрши түседі.


4) Тәрбиелеу стиліңізді өзгертіңіз. Тым қаталдық, қатаң жазалармен қорқыту және тым еркелету, айтқанын орындай беру де баланың агрессиясын тудырады. Сондықтан тәрбиеде қаталдық пен жұмсақтықтың таразы басы тең болғанын қадағалаңыз.

Сондай-ақ әкесі тәртіпсіздігі үшін баласына ұрысқанда шешесі перзентінің сөзін сөйлеп жақтауы да дұрыс еместігін есте ұстаңыз. Бұл баланың психикасына кері әсерін тигізеді.


5) Баланың агрессиясын ауыздықтауға тәрбиелік әдіс-тәсілдеріңіздің күші жетпей жатса, арнайы маманға апарыңыз. Психологпен немесе психотерапевтпен психокоррекциялық жұмыстар жүргізу қажет.

Дайындаған: Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Мотивацияны қайдан, қалай табу керек?


Қорқынышыңыздың арғы жағында НЕ жатқанын білесіз бе?