​ИНТРОВЕРТ немесе ЭКСТРАВЕРТ, әлде АМБИВЕРТ - қай типке жатасыз

0
2 646

Бұл тест сіздің қандай адам екендігіңізді анықтауға көмек береді.


​ИНТРОВЕРТ немесе ЭКСТРАВЕРТ, әлде АМБИВЕРТ - қай типке жатасыз

фото: gamerground.ru

Он сұрақтың әрқайсысына «ИӘ» немесе «ЖОҚ» деген екі нұсқаның бірін таңдаңыз. Жауабыңыз сіздің қандай адам екендігіңізді анықтайды.

1. Сіз өзіңізге «САБЫРЛЫ АДАМмын» деп мінездеме бере аласыз ба?

2. Көп сөйлейсіз бе?

3. Көңілді адамсыз ба?

4. Үлкен, атағы жер жарған, бірақ ұжымдастарыңыз бір-бірін күндеп немесе сыртынан өсектеп жүретін компанияда жалақысы үшін жұмыс істей аласыз ба? Мұндай ортада өзіңізді жайлы сезіне аласыз ба?

5. Жаңа адамдармен таныстық сіз үшін оңай ма? Сізге жаңа таныстықтар ұнай ма?

6. Мереке немесе демалыс күндері миыңызды керексіз ақпараттардан, артық қысымнан босатып, еркін тыныс ала аласыз ба? Демалу үшін ештеңені ойламай, (қауырт жұмыстарыңыз болса да) бір күнді өзіңізге арнай аласыз ба?

7. Қызықсыз ортаны көңілдендіріп, жандандыру қолыңыздан келе ме?

8. Қандай да бір іс-шара, жиындар болса, екінші планда қалып қоятын адамсыз ба?

9. Үйде, кітап оқып, теледидар көріп немесе сүйікті асыңызды пісіріп демалуға қарағанда достарыңызбен, туыстарыңызбен кездесу ұнай ма?

10. Белсенділікті, жылдам шешім қабылдауды талап ететін жұмыс түрлері сізге ұнай ма?


Жауабын белгілесеңіз, есептеп көріңіз. Сіздің жауабыңызда «ИӘ» нұсқасы көбірек болса, сіз экстраверт адамсыз. Егер «ЖОҚ» деген нұсқа көбірек шықса, онда интровертсіз. Егер екі жауап та теңдей шығып тұрса, онда амбивертсіз.

Енді осы терминдерге анықтама бере кетейік.


фото: mavink.com

ИНТРОВЕРТ

Өзін бәрінен жоғары қоятын адам. Яғни, өзінің қалауы мен қызығушылықтарын алға шығарып, сонымен өмір сүреді. Мұндай адамдар коғамдағы жазылмаған ережелер, қатаң тәртіп, шегеленген шекара дегендерге бағынбайды. Жанына жайлылық, үйлесімділік іздейді. Көбінесе жалғыз жүргенді ұнатады. Жалғыздық ол үшін қорқыныш емес, керісінше ыңғайлы. Өзімен өзі оңаша қалған оның жүрегіне тыныштық сыйлайды, ойлануға да көп мүмкіндіктері болады.

Көп сөйлемейді, көп сөйлейтін адамдарды да жақтырмайды. Егер сұхбаттасушы адам өзіне қызығушылық танытып, сөзін тыңдамаса, оның да сөзін тыңдамай, өз ойына шомылып отыра береді.

Бір қызығы, интроверт адамдар бәсекелескенді жақсы көреді. Егер интроверт адамға тапсырма беріп, оны көшбасшы роліне (лидерлік позиция) бекітсеңіз және жеңістің, нәтиженің дәмін сезіндіре алсаңыз, мүлде басқа адамды көресіз. Интроверттің тұйық, ашылмаған мінезін жөнсіз түрткілей берсеңіз, ол одан сайын «ініне» кіріп кетеді. Керісінше, мұндай адамдарды түсінуге әрекет етіп, қолдау білдіріп, керек жерінде мақтау айтып тұрсаңыз, сіздің ең сенімді адамдарыңыздың біріне айналары сөзсіз.

Бұндай адамдар жеті рет өлшеп, бір рет кеседі.


ЭКСТРАВЕРТ

Барынша ашық адам. Ұжымның беткеұстары, көшбасшысы. Бейтаныс адамдармен тез тіл табыса алады. Сондықтан, эктраверттердің айналасында дос-жаран, таныс-сыйлас адамдары жетерлік. Жаңа жұмысқа орналасса да, бұрыннан араласып келе жатқан адамдардай ортаға кірісіп кетеді. Адамдардың өзіне назар аударғанын, көңіл бөлгенін қалайды. Бір сарынды өмір сүру жалықтырады. Сондықтан әрдайым жаң бір нәрсені іздеп, ойластырып жүреді. Егер жұмысын жақсы көрсе, тау қопаруға да даяр.

Алдымен айтып қалып, соңынан тілін тістеп өкініп қалатын кездері де көп. Басқаларды тыңдаудан гөрі, өзі сөйлегенді ұнатады. Өзіне деген сенімі жоғары, бірақ сонда да басқалардың мақтап, көтермелеп тұруын қалайды.


АМБИВЕРТ

Көңілді экстраверт пен сабырлы интроверттің ортасындағы адамдар. Жағдайға қарай, өзін интроверт немесе экстраверт ретінде көрсете алады. Психологтардың зерттеулеріне сәйкес, дүние жүзіндегі 68 пайыз адам дәл осы амбиверт мінезді адамдардың қатарына кіреді екен.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ӨТКЕН ШАҚпен, КЕЛЕШЕКпен емес, ОСЫ ШАҚпен өмір сүр!


Ер адам - БАСШЫ, әйел – ҚОСШЫ болғанда ОТБАСЫ берік болады