Күніне БІР-ақ МИНУТ: Ең жалқау адам үшін де ҚОЛАЙЛЫ ӘДІС

0
3 217

Бір минут қана уақытыңызды бөліп, пайдасы мол кеңесті оқып шығыңыз.


Күніне БІР-ақ МИНУТ: Ең жалқау адам үшін де ҚОЛАЙЛЫ ӘДІС

Нені әр апта сайын «Дүйсенбіден бастаймын» деп, қай әдетті «Келесі айда міндетті түрде қолға аламын» деп жүрсіз? Бастауға жалқаулық кедергі боп, қолға алу қиындық тудырып жатыр ма?


«Кайдзен 1 минут» әдісімен кез келген нәрсені бастау оп-оңай дейді психологтар. Ол қалай орындалады? Қағидасы қандай?



«Кайдзен 1 минут» әдісі

«Кай» – өзгеріс, «дзен» – даналық дегенді білдіретін екі түбірден құралған әдіс үздіксіз дамуға жол ашады.

Жапонияда пайда болған бұл практиканы алғашқыда кәсіпті дамытуға, өнімді арттыруға қолданған. Кейін қолданыс аясы кеңіп, өзін-өзі жетілдіруде, жақсы әдетті қалыптастыруда, жеке өмірге көңіл бөлуде, басқа да мақсаттарда пайдаланыла бастаған.

Тиімділігі – бұл әдісті кез келген, тіпті ең жалқау деген адам да қолдана алады. Кәріге де, жасқа да еш қиындық тудырмайды, жалықтырмайды. Әркім өз үйінде, қонақ боп басқа біреудің үйіне барғанда да, тіпті іссапарда жүргенде де орындай алады.



Қалай орындалады?

ЕРЕЖЕ: Күнде бір мезгілде бір нәрсені 1 минут қайталау.


Түсінікті болу үшін мысал келтірейік:


  • Сымбатыңызды сұлу еткіңіз келсе, күнде бір уақытта 1 минут отырып-тұру жаттығуын жасауыңыз керек. Немесе секіргішпен күніне 1 минут секіресіз. Я болмаса өзіңізге ұнайтын басқа жаттығу түрі бар шығар, соны 1 минут орындаңыз.
  • Ағылшын тілін үйренгіңіз келсе, оған күнде 1 минут уақыт арнайсыз. Жаттаған жаңа сөздерді 1 минут қайталаңыз, болды жетеді. Ертеңіне 1 минутта басқа жаңа сөздер жаттаңыз да доғарыңыз. Осылай күнде тіл үйренуге 1-ақ минут арнау жеткілікті.
  • Бет терісіне күтім жасауды қолға ала алмай жүрсеңіз, күнде 1 минут бөліңіз. Бұны компьютер алдында отырып та орындай аласыз ғой.
  • Қызығып бір кітапты сатып алдыңыз немесе әріптесіңізден сұрап алдыңыз делік. Бірақ оқуға уақыт таппай, беті ашылмай жатқанына екі-үш ай болды ма? Күнде 1 минуттан бөліп оқуды бастаңыз. Автобус күтіп отырып аялдамада немесе жұмыста кофе ішіп отырып 1 ғана минутты кітап оқуға арнау ешқандай қиын емес. Кез келген жерде 1 ғана минутты арнау жұмысыңызға кедергі келтірмейді, уақытыңызды да алмайды. 1 минуттан соң кітап бетін жауып, сөмкеңізге салып қойыңыз. Ертеңіне тағы да 1 ғана минут арнап, тағы да жабыңыз.
  • Жақын адамдарыңызбен араңыз алшақтап кетті ме? Әйтеуір қол босамайды, уақыт жоқ дерсіз. Олармен хал-жағдай сұрасуға, амандық білуге күніне 1 минут жұмсап телефонда сөйлесіңіз немесе вацапта смс-хат жазыңыз.
  • Күрделі мәселеңізді шешуге, ойлауға мұрша болмай жатыр ма? Оған күнде 1 минут арнап отырыңыз.

Бар болғаны күніне 1-ақ минут уақытыңызды бөлесіз. Одан артық та, кем де емес. Жетеді осы! Алайда "Кайдзен 1 минут" ережесін бұзбай орындаңыз: бір мезгілде!


Нәтижесі қандай?


Күніне 1-ақ минут бөлгеннен қандай нәтиже болар дейсің деп ойлап отырған шығарсыз. Күмәніңіз болмасын, нәтиже болады! Бұл әдісті әлемдегі қаншама адам қолданып, тәжірибеден өткізген.

Кайдзен практикасы қазақтың «Сөйлей-сөйлей шешен боласың, көре-көре көсем боласың», «Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады» деген нақылдарына ұқсайды.

Бұл әдіспен күніне 1-ақ минут арнай отырып, біртіндеп үлкен істі қолға алуға болатынын ұғасыз, өз күшіңізге сенімділігіңіз артады. Тіпті жабулы жатқан мәселеңізді орнынан қалай қозғалтқаныңызды аңғармай да қаласыз.


Кайдзен концепсиясының қағидасы – КҮНДЕ, ал ережесі – БІР МИНУТ. Осылай сіз үздіксіз әрекет ету арқылы үзіліссіз дамып, тоқтаусыз алға жылжып, мақсатыңызға жетпей қоймайсыз.

Бастысы бастау! Бүгін бастаңыз. 1 минут қана!

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


"Вампир": КҮШ-ҚУАТЫҢЫЗДЫ сорып алатын НЕ және КІМ?

Қиындықпен күрескен дұрыс па?