Қиындықпен күрескен дұрыс па?

0
4 488

Қиындық жоқ дегенге сенесіз бе?


Қиындықпен күрескен дұрыс па?

Барлық адамның басында әйтеуір бір қиындық бар. Ол біреуде түймедей, біреуде таудай. Екінші адамда бөденедей, үшіншісінде бөренедей. Бірақ бар! Сіздікі қандай?


«Өмір бойы қиындықтан көз ашпай келе жатырмын?», «Неге маған мұндай қиындық берілді?», «Қай жазам үшін?» деген сияқты сөздер сізге таныс па? Айналаңыздағы адамдардан, туған-туыстан, таныс-білістен естіп жүрген боларсыз. Мүмкін өзіңіз де осы сөздерді жиі айтатын шығарсыз.


Есте ұстаңыз: қиындық адамды жазалап өшіру үшін емес, оны өсіру үшін беріледі. Алдыңызға белгілі бір мақсат қойдыңыз, ал өмір сізге көмектесу үшін, яғни сол мақсатыңызға жақындату үшін түрлі қиындықтар жіберіп жатыр. Ендеше, онымен күреспеңіз, пайдаланыңыз!

МЫСАЛ: Ертедегі дана ұстаз бен шәкіртінің әңгімесі

– Ұстаз, қиындық алдымнан шыға береді. Көздеген мақсатыма жетуге тырыссам болды қылтиып бір қиындық шығады да тұрады. Неге? - деп сұрайды жас шәкірт.

– Бұл өмірде ешқандай қиындық жоқ. Сен қиындық деп ат қойған нәрсе – саған жіберілген жәрдем. Ал «Көмекпен», «Жәрдеммен» күресіп қайтесің?

– Қалайша сіз қиындықты жәрдемші деп атай аласыз?

– Мергенмін деп елестетші. Садақ ауыр болса, сен онымен күресесің бе? Жоқ, бұлшықеттеріңді шынықтырасың. Яғни, садақты көтеру үшін сен өзіңді дайындайсың. Ал енді 100-200 метр қашықтықта нысан (мишень) ілулі тұр деп ойла. Садағыңды дайындап жатқаныңда қалың тұман түсті делік. Тұманмен күресесің бе, онымен алысқаннан ауа райының құбылысын өзгертуге күшің жете ме? Қиындық дегенің осы тұманға ұқсайды.

– Сонда не істеуім керек? Қатты жел тұрғанын тілейін бе? Жел тұрса ол тұман қашады, аспан ашылады.

– Сенің осы уақытқа дейін мақсатыңа жете алмай жүргеніңдегі қателігің осында жатыр. Сен жел тұрғанын күтудесің, тілеудесің, уақытыңды жоғалтудасың. Жел тұманды қуса сонда жебені нысанға дәл тигізе аламын деп ойлайсың. Ал жел жебеңнің түзу ұшуына кедергі келтіретінін ойламадың ба? Тұманмен күреспе, оны пайдалан. Саған тұман не істеу керектігін «айтып» жатыр ғой, неге ойланбайсың?

– Не дейді тұман? Мен ешнәрсе түсініп тұрған жоқпын.

– Әрине, сен оны қиындыққа, берілген жазаға, мәселеге теңеп жек көрсең, қалай оның айтқанын тыңдай аласың? Қалың тұман саған көздеген нысанға дөп тигізуге әлі сенің дайын еместігінді ұқтырып, одан да нысанаңа қарай жақында, алға жүр деп «айтып» жатыр.

– Сіздің айтқаныңыз дұрыс. Бірақ басқа садақшылар қатты жел тұрып тұрған кезде де, жаңбырлы күні де, алыста тұрып-ақ нысанға тигізіп жатқанын көріп жүрмін ғой. Мен солар сияқты бола алмағаныма ашуым келеді.

– Сен басқа садақшыларға қарама. Әркімнің өз садағы, өз нысаны, жебені дәл тигізетін өз сәтті уақыты бар. Саған әлі көп уақыт шынығу керек немесе біртіндеп нысанға қарай жақындау қажет, - деп жауап беріпті ұстаз.


Ешқандай қиындық жоқ. Сіз қиындық деп жүрген мәселелер мақсатыңыз бен армандарыңыздың бір бөлшегі ғана. Қиындықтарды мақсатыңызға жету жолында пайдалана біліңіз. Ол қолыңыздан келмесе ешнәрсеге қарамай мақсатыңызға қарай адымдап ұмтыла беріңіз. Дұрысы, қиындықпен күресіп уақытыңызды босқа кетірмеңіз!

(суреттер ашық дерекөздерден алынды)

Жазира СМАҒҰЛОВА,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:

БҰҒАН уақыт пен ақша шығындау – АҚЫМАҚТЫҚ

Үйде отырған әйелдердің 2 ҚАТЕЛІГІ