​Қызыңыздың өміріне кедергі болатын 9 қателік

0
3 772

Қыз өсіріп отырған әр ана білгені жөн.


​Қызыңыздың өміріне кедергі болатын 9 қателік

фото: watermark.lovepik.com

Бала тәрбиесі туралы арнайы заң да, қатып қалған қағидалар да жоқ. Әркім отбасы құндылықтары мен өмірлік тәжірибесіне қарай ұл-қызына тәрбие береді.

Бірақ қыз бала тәрбиесінде мынандай 10 қателікке жол бермеген жөн.



Бірінші қателік

Міндеттеу. Бұл аналар мен әжелер жіберетін ең қауіпті қателік. Олар кейбір «міндеттерді» қызының санасына кішкентайынан бағдарламалайды. Мысалы:

  • «Сен нәзік болуға міндеттісің»
  • «Сен биязы болуың керек»
  • «Сен дәмді ас пісіруді үйренуің қажет»
  • «Күлкің әдемі болуы керек»
  • «Өзіңнен кейінгі сіңлілеріңе үлгі болуың керек»
  • «Сен қызсың ғой... міндеттісің... керек... қажет...»

Әрине нәзік болуға, дәмді ас әзірлеуге, әдемі сөйлеуге, мінсіздікке міндеттеу – айып емес. Алайда бұл кішкентай қыздың ой-түсінігінде «менде кемшілік бар» дегенді қалыптастырады. Ол анасы міндеттеген критерийлер жиынтығы бойынан табылмағанша өзін толыққанды санай алмайды. Яғни өзін-өзі бағалауы төмендеу болады, өзін жақсыға лайықсыз көреді.

Немесе бес аспап, мінсіз болам деп, өмірінің маңызды сәттерін аңғармай қалады. Сонымен қатар өзін жаны қаламайтын іске мәжбүрлеуі де мүмкін. Бұл психологиялық азап.

Не істеу керек? Қызыңыздың психикасында жарақат қалдырмау үшін міндеттемеңіз. Бұл қиын емес, ол үшін сөзіңізден «міндеттісің», «керек», «қажет» дегендерді алып тастасаңыз жетеді.

Міндеттемей-ақ кез келген нәрсені үйретуге, тәрбиелеуге болады. Мысалы:

  • «Екеуміз бірге тәтті пирог пісірейік»
  • «Торт пісіріп үйренгің келмей ме? Үйреніп алсаң өзіңе ұнайтын тортты кез келген уақытта пісіріп жейсің»
  • «Иығыңды тік ұстап жүрсең, әдемі көрінесің»
  • «Киноактрисалар нан мен тәттіні аз жейді екен»

Осы секілді сөздермен оның үйренуге талпындырыңыз, бірақ мәжбүрлемеңіз.



Екінші қателік

Еркек пен әйел қарым-қатынасын қорқынышты етіп көрсету. Қыз бала бойжете бастағанда, студент болғанда немесе басқа қаладағы туысқанының үйіне қыдырып барарда абай болу керектігін, бейтаныс адамның көлігіне мінбеуді, жігіттің пәтеріне жалғыз бармауды ескертіп, жамандықтан қорғаған дұрыс. Алайда мынадай сөздерді қайталап айта берудің керегі жоқ. Мысалы:

  • «Бір көргеннен сүйіп қалыпты деймісің, оларға бір-ақ нәрсе керек»
  • «Еркектің бәрі – бір»
  • «Ойындағысына қолы жеткенше алдайды, кейін қолжаулық қылады»
  • «Жылатып тастап кетеді»
  • «Таныспа, жолама, екіқабат боп кеп тұрмашы әйтеуір»

Бұндай сөздерді ести берген бойжеткен еркектің бәрін агрессорлар, зорлықшылар, ал тән жақындастығы – лас нәрсе деп ойлайтын болады. Бұндай ой оның ағзасында гормондар бұзылысына әкеледі. Ең жаманы, ертең ол өз сүйгеніне тұрмысқа шықса да өзін нағыз әйел ретінде сезінуіне анасының тыйым сөздері кедергі болуы мүмкін.



Үшінші қателік

«Тұрмысқа шығып, бала тапсаң ғана бақытты боласың», «Ажырасқан әйел бақытсыз».

Әрине, жарасымды жұбың болғаны, ақ білегіңмен бесік тербету үлкен бақыт. Бірақ адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді, түрлі жағдай болады. Мысалы: біреу ерте жесір қалады, ал біреуге «бедеу» деген диагноз қойылады. Тағы бір келіншектің күйеуі қауіпті боп шығуы (нашақор, тым қызғаншақ, ойынқұмар, қылмыскер т.б.) мүмкін. Өзінің, балаларының өміріне қауіп төнгендіктен ол ажырасады. Жол апатына ұшырап, мүгедек боп, тұрмысқа шықпай қалған қыздар да жоқ емес. Қызыңызды нендей тағдыр күтіп тұрғанын білмейсіз ғой.

Сонда ол қайтпек? Өмірден баз кешуі керек пе? Күйеуі немесе перзенті болмағаны үшін өмірінің соңына дейін мұңайып, өзін өзгелерден кем санап өтуі қажет пе?

Жай қарапайым нәрселерден де бақыт табуға болады. Перзенті көп, қорғаны бар әйелдердің де кейбірі бақыт іздеп жүрген жоқ па?! Сондықтан бақытты тек бала мен күйеумен байланыстырып қоюға болмайды. Бақыт туралы түсінігін тарылтпаңыз.



Төртінші қателік

Әкесін жамандау. Өмірде түрлі әкелер бар. Ажырасып кеткен соң перзентін ұмытатын, қаржылай көмек көрсетпейтіндер жетерлік. Сондай-ақ бірге тұрып жатса да ұл-қызының қайда, кіммен, не істеп жүргенімен шаруасы жоқ әкелер кездеседі. Жауапсыз, жалқау, жатыпішерлері де жоқ емес.

Мейлі, әкесі осы аталғандардың қатарына жатар, бірақ қыз бала санасында әкені «демонға» айналдырмаңыз. Жамандағаннан ол түзеліп қалмайтынын білесіз. Ол сіз үшін ең жаман адам болса да қызына қараламаңыз. Қызыңыздың әкесін жаман көргенінен сізге не пайда?

Әрине өтірік мақтау керек емес. Дұрысы, мақтамаңыз да, жамандамаңыз да. Өйткені қыз баланың еркекке деген көзқарасы әке туралы ойымен қалыптасады.

Сондай-ақ қызыңыздың мінез және басқа да кемшіліктерін байқағанда «әкеңнен берілген», «осы жерің әкеңе ұқсайды» деп айтуды да доғарыңыз. Өйткені әкесі арқылы берілген мінез-қасиетке қызыңыз кінәлі емес, сондай жанды таңдаған, одан бала тапқан сіз. Ұнамай ма, ондай еркектен бөлек өмір сүріңіз. Ажырастыңыз ба, қолыңыздан келсе ең жақсы еркекке жар болып алыңыз. Бірақ әкесін қызына жамандаудан аулақ болыңыз.



Бесінші қателік

Ұрып-соғу жазасы. Баланы ұрып тәрбиелеу дұрыс емес екенін психологтар айтып та, жазып та жүр. Әсіресе қыз балаға қол көтеруге мүлде болмайды. Өйткені оның тәні ғана емес жаны да тез жараланады. Ұл балаға қарағанда қыз өте сезімтал, нәзік келеді.

Ұру – қыз баланың өзін-өзі бағалау дәрежесінің төмендеуіне, көпшілік ортадан қашуына, тұйықтыққа итермелейді. Ең сорақысы, ол кішкентайында әке-шешесінен көп таяқ жесе, агрессор күйеуді бейсаналы түрде таңдайды екен.



Алтыншы қателік

Мақтау сөз айтпау. Есте ұстаңыз, қыз бала ата-анасынан «Сен ең сұлу қызсың», «Алтын қыз», «Сен таланттысың», «Әдемісің», «Сен біздің бақытымызсың», «Ханшайымсың» т.б. деген сөздерді естіп өсуі керек.

Мақтау, өзі туралы жақсы сөздерді естіп өскен қыз есейгенде комплексіз басын көтеріп жүре алады, өзін ешкімнен кем санамайды, өзгелерге өзін сыйлата біледі. Сонымен бірге ол өзін мұрны пұшық, бойы аласа, аяғы қисық болса да сол қалпында қабылдайды, жақсы көреді. Ал адамның өзін табиғат берген артықшылықтары мен кемшіліктерін бірге қабылдауы, өзін сүюі – бақытты болашағының кепілі. Сондай-ақ басына қандай іс түссе де, қандай сынақ берілсе де ол өзін ешқашан жоғалтып алмайтын болады.



Жетінші қателік

Көзінше ұрысу. Ата-ана ешқашан балаларының көзінше ұрысуына, қарым-қатынасын талқылауына болмайды. Өйткені ұрыс-керіс кезінде бір-бірінің кемшілігі, өткен шақтағы қателіктері айтылмай қоймайды.

Бұл қыз бала түйсігінде «отбасы», «ерлі-зайыпты», «неке» деген сөздердің құндылығын, қадірін төмендетеді. Тіпті ұрыс-керіске өзін кінәлі санауы да мүмкін.

Әрине ыдыс-аяқ сылдырынсыз отбасы болуы мүмкін емес. Бірақ балаларды сыртқа шығарып жіберіп немесе олар оқуда кезде оңашада мәселелеріңізді шешіп алыңыз.



Сегізінші қателік

Тым қаталдық пен бәріне рұқсат беру. Қызының көңіліне қарап немесе жалғыз қыз болғандықтан барлық қалауын орындап өсіру де, керісінше бетімен кетпесін деп қатаң бақылауда ұстау да – тәрбиедегі қателік. «Алтын орталықты» сақтаңыз немесе қаталдық пен жұмсақтықты алмастырып отырыңыз.



Тоғызыншы қателік

Жұрт не дейді? Көп әйелдің бақытсыздығына анасының осы бір ауыз сөзі себеп болғанын мойындайтындар аз шығар. Бірақ бұл рас.

Қыздың қоғам пікірімен емес, өз жүрек қалауымен санасуына, жұрттыкі сияқты емес, өзіне ұнайтын өмірді сүруіне, таңдауындағы киімді киюіне кедергі болмаңыз. Әрине, шектен шығуға жол бермеңіз, бірақ жұрттың сөзінен қызыңыздың бақыты, қуанышы, қалауы, күліп жүргені маңызды болсын.


Осы тоғыз қателік қыз баланың алдағы жастық шағында, отбасылық, қызметтік өмірлерінде шын бақытты болуына кедергі болады дейді психолог мамандар. Өзіне сенімді, бақытты, өмірі жетістікке толы, психологиясы сау қыз өсіргіңіз келсе, 18 жасқа дейінгі тәрбиесінде осы қателіктерге жол беріп алмаңыз.

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


НЕГЕ ұйқы алдында бұл аффирмацияларды АЙТУ КЕРЕК?


Брекетті қанша жасқа дейін қойдыруға болады - дәрігер жауабы