Мәселеге тап болғанда НЕГЕ айнаға қарау керек?

0
2 106

Ал сіз карантинде нені үйреніп, не ұқтыңыз?


Мәселеге тап болғанда НЕГЕ айнаға қарау керек?

Еліміздегі төтенше жағдай көп нәрсені ұқтырып жатыр. Әсіресе халық естіген мен көрген ақпараттарды саралап, сүзгіден өткізуді және жағдайды өз ақылымен қорытуды үйренуде.


Өйткені коронавирусқа қатысты әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттың басым көпшілігі жалған. Мемлекет қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан сәтте халықты адастыру, шатастыру мақсатында түрлі жалған ақпарат таратып жатқандарға таң қалып отырсыз ба?



ЕСТЕ ҰСТАҢЫЗ!

1) Отбасы – шағын мемлекет деп бекерге айтылмаған. Сіздің отбасыңыз қиын жағдайға тап болғанда да дәл осылай жалған ақпарат таратушылар, арандату ниетінде айтылатын жел сөз көбейеді. Бұны өмірлік сабақ ретінде ойға түйіп, әркез естен шығармаңыз.


2) Қай кезде де сіз туралы немесе отбасындағы басқа адамдар жайында әлдебіреудің айтқан сөзін естігенде бірден сене салмаңыз. Алдымен ақ-қарасын ажыратып алыңыз!


Бұл орайда психологтар айнаға барып қараңыз дейді. Мысалы, жан жарыңыздың опасыздық жасап жүргені туралы ақпарат естідіңіз делік. Айнаға қараңыз. Көз де, құлақ та екеу. Қайсысы жоғары тұр? Көз құлақтан биік орналасқан. Олай болса, естігеніңізге емес, көзіңізбен көргеніңізге сеніңіз.


3) Отбасында туындаған мәселенің анық-қанығын білмей жатып, сол сәтте-ақ туған-туысқандарға, ата-анаңызға айтуға асықпаңыз. Күйеуіңізді (әйеліңізді) немесе перзентіңізге телефон соғып «Сен не істеп жүрсің?» деп айқайлай жөнелмеңіз. Алдымен ашуыңызды басыңыз!


Ашулы кезде ешқандай шешім қабылдауға болмайды дейді психолог мамандар. Ендеше тағы да айна алдына барыңыз. Көзден төмен, ауыздан жоғары не орналасқан? Мұрын! Бұл нені білдіреді? Мұрынмен терең-терең тыныс алыңыз дегенді.

Терең тыныс алыңыз, бір күн ұйықтап демалыңыз. Ашуыңыз басылған соң болған жайды қайтадан саралап көріңіз.


4) Кейде көзіңізбен көріп, естігеніңіздің рас екенін білесіз. Анаңызға немесе құрбыңызға қоңырау шалып болған жайды айтсаңыз, жеңілдейтін сияқтыңыз, сонымен бірге дұрыс шешім табылатын сияқты. Бірақ психологтар әлі де асықпаңыз деп кеңес береді.


Иә, айна алдына келіңіз де қараңыз. Доп-домалақ басыңызда естіген құлақтан да, көрген көзден де жоғары орналасқан тағы бір мүше бар, ол – ми. Өзгеден кеңес сұрамас бұрын «Не себеп болды?», «неге олай болды?», «не істеуім керек?» деген сұрақтарға жауапты өзіңіздегі мидан іздеп көріңіз.



ЕСТЕН ШЫҒАРМАҢЫЗ!

Сіздің өміріңізде орын алып жатқан мәселелердің себеп-салдарын, жауабы мен шешуін өз басыңыздағы мидан артық ешкім білмейді.


Асқазанға түскен ас бір сағатта қорытылуы мүмкін, ал ми ақпаратты толық қорытуы үшін бір апта, кейде бірнеше ай қажет. Сондықтан да дұрыс шешім қабылдау үшін, бұрыс қадамнан сақтанғыңыз келсе – асықпай ойланыңыз. Өзгенің емес, өз басыңызбен! Әрине, егер өз ақылыңыз жетпей жатса, өзгенің басындағы ақылға жүгінерсіз.


Дегенмен мәселе туындаған жағдайда психологтардың «айнаға қара» деген ақылын естен шығармаңыз. Өйткені сіздің ең жақын досыңыз, шын жанашырыңыз, жан-дүниеңізде не болып жатқанын айқын білетін жалғыз адам – өзіңіз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


БАЛАҒАТ СӨЗ жеті ұрпағыңыздың өмірін бүлдіреді


ҚАШЫҚТАН оқытатын МҰҒАЛІМ үшін ЕҢ КЕРЕК кеңес


Карантинде неге ҮЙДЕ ОТЫРУ маңызды?