Бұны ата-аналар мен оқушылар да орындаса болады.
Бұрын мұғалімдер «мектеп – екінші үйің» дейтін еді. Ал 6-сәуірден бастап әр үй мұғалімдер мен оқушылардың екінші мектебіне айналады. Сонымен бірге теледидар интерактивті тақтаның рөлін атқарады.
Бұлай боларын кім ойлаған десеңізші?! Дегенмен ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» жолды іздестіріп, мұғалімдердің жұмысын біршама жеңілдетті. Десек те, карантиндегі уақытша өзгерістер жүйкеге әжептеуір салмақ салып жатқаны анық. Ал медицина ғалымдары «Барлық ауру жүйкеден басталады» дейді. Олай болса, күнде қашықтан оқытудың алдында және соңында стрестен қорғайтын мынандай екі психологиялық жаттығумен жүйкені қорғауды ұмтыпаған жөн.
ДЕЙІН
Оқушыларыңыздың үй тапсырмасын тексеру уақытын жоспарлағанда ең басына «Жер» деп аталатын медитациялық жаттығуды жазып қойыңыз. Бар-жоғы 5-ақ минут уақыт арналады.
«Жер» жаттығуы
- Үйдің еденіне жайғасып отырыңыз. Ауыл аймақтағы мұғалімдер ауласына шығып жерге төсеніш төсеп отырса болады.
- Сағат таймерін 5 минутқа қойыңыз.
- Көзіңізді жұмыңыз.
- Мұрныңызбен бір қалыпты тыныс алыңыз.
- Бар ойыңызды қалай тыныс алып жатқаныңызға шоғырландырыңыз.
- Ауаны қалай жұтып, оны қалай шығарып жатқаныңызды ойша бақылаңыз.
- Дәл осы қалыпта отырып, әр тыныс алғаныңызды іштей санаңыз.
Жаттығудың әсері қандай?
Қара топырақта өскен көкөніс пен жеміс-жидек, дәнді дақылдардан ағза күш алса, жерде отырып жасалатын тыныс алу жаттығулары әлсіреген жүйкеге қуат береді.
Жер-Анадан берілетін қуат адамды сабырлы әрі салмақты етеді.
Адамның жерден алатын қуатының орны ерекше, оны бір-екі ауыз сөзбен сипаттау мүмкін емес. Оның әсерін алғашқы аптада байқай бастайсыз.
КЕЙІН
Қашықтан оқытуды, кері байланысты аяқтаған соң аулаға, я болмаса балконға шығыңыз. Жаттығуды орындауға 2-5 минут жұмсалады.
«Аспан» жаттығуы
- Аспанға қараңыз.
- Басыңызды шалқайтып аспанға қарап тұрып көзбен, яғни ой қаламымен өз есіміңізді, фамилияңыз бен әкеңіздің атын жазыңыз.
- Барынша үлкен әріптермен жазған дұрыс.
- Бір рет терең тыныс алып, бірқалыпты тыныс алуға көшіңіз.
- Енді «Менің денсаулығым мықты, көңіл күйім жақсы» деп жазыңыз.
- Терең тыныс алып, ары қарай бір қалыпты тыныс алуды жалғастырыңыз.
- «Мен бақыттымын!» деп жазыңыз.
- Терең тыныс алып, бастапқы қалыпқа оралыңыз.
Жаттығу әсері қандай?
Адамның жаны мен тәні бір-бірімен тығыз байланысты. Қарапайым мысал: Адам қайғырғанда, бірнәрсені уайымдағанда екі иығы салбырап төменге қарайды, жағын таянады. Ал қуанғанда кеудесі керіле түсіп басы тіктеледі. Сондай-ақ күлгенде басы шалқалайды. Бұл автоматты түрде орындалады.
Риясыз шынайы күлгенде басын салбыратып төмен қараған адамды немесе басын шалқалатып аспанға қарап мұңайған адамды көргенсіз бе? Жоқ!
«Аспан» жаттығуы физикалық дене көмегімен жағымсыз ойлардан тазартады. Жүйкені тыныштандырып, көңіл күй арқылы стреске қарсы тұру күш-қуатын арттырады.
Есте ұстаңыз: Адам өміріндегі бақыттың 90 пайызы денсаулығына байланысты!
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Коронавирус! КІМ кінәлі? НЕ болады?