НЕГЕ отбасылы еркекке «бойдақпын» деп айтуға БОЛМАЙДЫ?

0
3 106

​Әлеуметтік желілерде «бойдақпын» деп, қыздармен танысатын отбасылы еркектер міндетті түрде оқығаны дұрыс.


НЕГЕ отбасылы еркекке «бойдақпын» деп айтуға БОЛМАЙДЫ?

Ата-бабамыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, көпжылдық өмір тәжірибесінен түйгенін айтып қалдырса да, бұл сөзге мән бермейтіндер көп. Ардақты пайғамбарларымыз да «Жақсы сөйле немесе үндеме» деп, жамандықтан сақтандырған. Бүгінгі психолог мамандар да күнде «Менің жолым болғыш!», «Мен бақыттымын!» деген аффирмациялар арқылы адамдарға өзі туралы тек жақсы сөз айтуды үйретіп жүр.


Дегенмен өзі туралы жаман сөз айтып жүргендер әлі де көп. Бірі өзі туралы айтылған барлық сөздің өміріне әсер етпей қоймайтынын біліп тұрса да айта береді. Тағы бірі айтып алып, соңынан ойланады. Өкініштісі, бұл екі топқа жататындардың арасында қырсық пен пәлекетті өзі айтқан сөздері арқылы шақырып алғанын түсінетіндері аз. Сондай-ақ сөз арқылы адам өмірін қайта бағдарлап түзеуге де, бұзуға да болатыны туралы жазылған кітаптарға сенбейтіндері де бар.



ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ!

Зиянын біліп айтсаңыз да, ойнап айтсаңыз да жиі қайталаған сөздеріңіз белгілі бір уақыттан кейін «өсіп-өніп» алдыңыздан шықпай қоймайды. Бұл ғылымда әбден зерттеліп, анықталған заңдылық. Түсінікті болу үшін мысал келтірейік.

МЫСАЛ: Ормандарда мекендейтін тиін деген жануар бар. Тиіндердің негізгі қорегі – түрлі ағаштардың жемісі мен жаңғақтары, қылқан жапырақты ағаштардың тұқымы, гүл қауызы.

Тиіндер де басқа жануарлар сияқты қысқа азық жинайды. Бірақ олар азығын ағаш басындағы ұясында сақтамайды. Бұл жануар қысқы азығын (дәндер, жаңғақтар) ағаш түптеріне, ыңғайлы жерлерге көміп тастайды. Қысқы қорегін әр жерге көміп кете беретін ол, кейін сол азықтардың бірін тапса, бірін таппай қалатын көрінеді. Ғылыми болжам бойынша дүниежүзіндегі ормандардағы миллиондаған ағаштар тиіндердің көміп, ұмытып кеткен қорегі – дәндер мен жаңғақтардан өсіп шығады екен.

Бұған ғалымдар зерттеу жұмыстары кезінде көз жеткізген. Бірақ тиінге «Мына ағаштың бәрін сен отырғызғансың» десеңіз, ол сенбейді. Егер ол сөйлей алатын болса, «Мүмкін емес! Кіп-кішкентай менің мыңдаған түп ағаш отырғызуға күшім жетпейді ғой» деп жауап берген болар еді. Өйткені ол ұзын, діңгегі жуан алып ағаштардың кішкентай дәннен өсіп шыққанын түсінбейді.

Дәл сол сияқты болмашы бір сөзді жиі қайталау арқылы өмірге үлкен мәселелер келеді дегенге көп адам сене бермейді. Сөзіңіз де ағаш тұқымы сияқты бірнеше жылдан соң өсіп шығатынын есте ұстаңыз.



Жаман сөзге тек былапыт, паразит сөздер ғана жатпайды. Өзіңізді теңеген сөздердің де энергиялық әсері болады. Мысалы, отбасылы еркектер өзін «бойдақпын» деп жиі айтатын болса, оның әсері қандай болуы мүмкін?

БОЛҒАН ОҚИҒА: Біздің ауылда жасы сексеннен асқан бір қарт кісі бар. Оның бір досы болыпты. Жас кезінде отбасылы бола тұра қыз-қырқынмен «бойдақпын» деп танысады екен. Көп қызды алдап, бойдақ боп кездесіп те жүріпті. Сол әдетін қырықтан асқанда да қоя алмапты. «Әйелің, балаларың бар ғой. Бойдақпын деп айтудан ұялсайшы. Қыздардың сезімімен ойнама» деп досына ұрысса да, тыңдамапты.

Уақыт өте келе ол «Кәрі бойдақпын» деп танысатын болыпты. Қария «Сол досым 42 жасында шынында да бойдақ боп қалды. Қыста жұмысында түнгі ауысымға түскен күні отбасы көмірден уланып өлді. Әйелі мен үш баласынан бір күнде айырылды.

Арада жылдар өтіп, ол талай рет үйленуге әрекеттеніп еді, әйтеуір жолы болмады. Сол күйі ол бойдақ боп, жетпіске толған шағында өмірден озды. «Бойдақпын» деген сөзді жиі айтатын еді, ақыры бойдақ боп қалды ғой» дейді.


Сөз қуаты оған қақпа мен үй қабырғасы да, құлыптаулы есік те, ауа кіре алмайтын пластик терезе де бөгет бола алмайды. «Сөз сүйектен де өтеді». Олай болса, өзіңіз туралы жаман сөз айтуды доғарыңыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ЖАҒДАЙды өзгерте алмағанда НЕ ІСТЕГЕН ДҰРЫС?


ПРОБЛЕМА орныңыздан қозғалтпай қойғанда НЕ ІСТЕУ КЕРЕК??