Неге өзіңізді тамақтан ТЕЖЕЙ алмайсыз?

0
6 103

Өйткені, сіз үшін тағам ашу-ызаңызды басу үшін, іске асыра алмаған амалдарыңыз үшін өзіңізді жұбату тәсіліне айналған.


Неге өзіңізді тамақтан  ТЕЖЕЙ алмайсыз?
Мүмкін, бұл сөздерді өзіңіз де айтатын шығарсыз?

Неге олай? "Барынша тартынып тамақ жесем де толысуға бейіммін" дейтін болсаңыз, алдымен семіздіктің себебін біліп алғанымыз жөн.

Үш-төрт әйел жиналған жерде әлбетте олардың бірі өзінің толысып бара жатқанына шағым айтады. Бәлкім, оның сымбаты өзіне жарасымды болса да. «Қанша әрекет етсем де пайда бермей жатыр» деген өзіне көңілі толмаушылықтарын да естіп жүрген боларсыз?


Толысуға депрессия себепші ме?

Әр адамның ағзасы әртүрлі. Семіруге бейімділік факторлары да әртүрлі. Гармондық өзгеріс, гармондар қабылдау, босанудың әсері және жастың ұлғаюына байланысты болуы да мүмкін. Қимыл-қозғалыстың аздығынан денсаулығымызға нұқсан келуін де психологиялық себептермен көрсетуіміз мүмкін.

Қазіргі таңда семіздік дерті дүниежүзілік проблемаға айналып үлгерді. Заман дамыған сайын физикалық қозғалыс та анағұрлым азайды.

Кірді машина жуады, тамақты да пісіру үшін ханымдарымыз «піс қазанымда» пісіреді, ыдысты да арнайы жәшікшеге сала қойсаңыз жуып-тазалап береді. Қадам аттасаң, дүкендерде самсап тұрған жартылай дайын тағамдар да семіздікке ұшырататынын бала да біледі.

Біздің айтайын дегеніміз, екі түрлі адам бірақ, іс-қимылы мен тұтынатын тағамдары да бірдей. Бірақ, оның бірі тез-ақ толыса бастаса, екіншісі пішінін сақтап тұрады. Неліктен олай? Бұл сауал сізді ғана емес, ғалымдарды да ойландырған. Генетик ғалымдардың айтуынша, қанмен келетін әр адамның ағзасының қабылдауына байланысты екен.

Ал психологиялық факторларға оралатын болсақ, стресске тап болған екі түрлі адамның бірі жылдам толыса бастаса, екіншісі керісінше салмақ жоғалта бастайды.

Өзіңізге мәлім, депрессияға түскен адамның көңіліне қыл сыймайды. Әсіресе, бұл әйелдерде айрықша білінеді. Бірде-бір іске қолы бармай, көңілінің хошы болмағандықтан, шаршаңқы болады және аяқты созып жату ол үшін «ауруын» бәсеңдеткендей болып түйіледі. Шындығында адам қимыл-қозғалыста болса, жатқаннан гөрі кемдеу энергия жұмсайды. Бірақ, біз керісінше ойлаймыз. Тезірек депрессиядан шығу үшін «күш-қуат болсын, тезірек еңсемді тіктеп алайын» деп күш-қуат беретін, калориясы мол тағамдарға ұрынады. Асқазан асты безі мол тағамды сыйғызу үшін, қорыту үшін созыла береді. Әсіресе, тәтті көңіл-күйімді көтереді деп сантиметрге сантиметр қосыла беретінін байқамай да қалуыңыз мүмкін.



«Неге тамақтан бас тарта алмаймын, өзімді тыя алмаймын?»

«Таразыға шықсам, көңілім түсіп кетсе де, сүйікті, әдемі көйлектерім маған сыймай қалса да, күйеуім де, анам да «күннен күнге толысып бара жатырсың» деп мені ойласа да тәтті тағамнан өзімді тежей алмаймын!».

Таныс сылтау ма?

Той дастарханы, көз алдыңызда «мені же, мен сондай дәмдімін» деп көзіңізді арбап алатын түрлі пісірмелер, десертпен өзіңізді сыйлауға үйреніп қалдыңыз ба? Жоқ, ол өтірік... Өйткені, сіз үшін тағам ашу-ызаңызды басу үшін, іске асыра алмаған амалдарыңыз үшін өзіңізді жұбату тәсіліне айналған.


Семіздік соншалықты үлкен мәселе ме?

Әр нәрсенің өзінің өлшемі, шегі болғаны дұрыс. Артық килограммдардың денсаулыққа залаы туралы дәрігерлер дабыл қағып келсе де бүгін психологиялық тұрғыдан өлшем әркімде әрқалай болатындығын есепке алуымыз керек. Кейбіреулер үшін сәл ғана шығып тұратын қарын таудай мәселе, ал кейбіреу үшін өзін басқалар «толықтау келіншек» десе де, құстай жеңіл қимылдайды.

Әйел мен еркектің жаратылысындағы өзгешеліктер, семіруге бейімділік тұрғысынан алғанда да өзгешеліктерге бай. Әйелдің денесінде суықтан қорғану үшін май қабаты ерлерге қарағанда қалыңдау болады. Сондықтан болар, ерлерге қарағанда әйелдер толысуға бейім.


Арықтау үшін психологтың көмегі керек пе?

Психологтың көмегімен арықтағандар бар. Бірақ, психолог сіз үшін жүгірмейді, алдыңыздағы асыңызды тартып алмайды. Онымен бірге тек қана қалай дұрыс салмақ тастау, денсаулыққа зиян келтірмей, көңіл-хошыңызды да бүлдіріп алмай, тиімді жолмен арықтау жолдарын ұсынады.

* «Егер бірден салмақ тастасам, кеселге тап болуым да мүмкін ғой» деген уайым артық салмағыңызды жоғалтпайды.

* Жазылмас дертке ұшырап, қатты арып кеткен адамдардың тағдырын көріп, қорқыныш пайда болған.

* Арық адамдар туралы «бақытсыздық, бейшаралық, күнін көре алмай жүргендікті аңғартады» деп ойлау сіздің жолыңызға бөгет болады.

* Неге ол семіріп кетті? Себебін білмей жазғыру да сіздің салмақ тастаймын деген мақсатыңызға жеткізбейді.


Әрекетті бастаймыз!

* Әуелі тәніңізді барынша қабылдаңыз. Жақсы көріңіз. Егер олай жасай алмасаңыз, артық майларыңыз орнын босатып бермейді.

* Арықтаудың бағасын асырмаңыз. «Арықтасам, өмірім өзгереді; тастап кеткен күйеуім қайтып келеді» деген ойдан аулақ болыңыз. Күйеуіңіз және басқалар үшін емес, өзіңіз үшін әрекет етсеңіз, тез нәтижеге қол жеткізесіз.

* Өзіңізді жазаламаңыз! Өміріңіздегі келеңсіздік, көңілсіздік, сәтсіздік немесе жоғалтуды толық-арықтығыңызбен байлап қоймаңыз. «салмағымды арттырып алғаным үшін күйеуім өзгеге көз салып жүр» деген секілді айыптаулармен өзіңізді жазалауға ұрынып қаласыз. Ауыр еңбек, яғни, физикалық тұрғыда тәніңізді аямау тек қана шаршатады. Ал бұған «ішіңіздегі кішкентай қыз» көндіге алмайды. «Семізбін» деген қорлыққа шыдай алмайды. Соңында шыдамыңыз бітіп, қолыңызды бір сілтеуіңіз мүмкін.

Сондықтан, тәніңізді қинамаңыз.

* Аз-аздан қимыл-қозғалысыңызды арттырып отырыңыз. Әрекетсіз артық май ериді, өздігінен жоғалады деп күтпеңіз. Сиқырлы коктейлдерді ішсеңіз де...

Егер өзіңізді бағалап, төмен санаудың орнына грамм салмақ жоғалтқаныңызды байқасаңыз, «бәрекелді!» деп ынталандырып, «арқаңыздан қағып» қойыңыз. Міндетті түрде, өзіңіз межелеген мүсініңізге жетесіз!

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Қандай кофені жақсы көресіз?

Салған суретіңіз сіз туралы көп нәрсе "айтып" бере алады