Осы ЕКІ нәрсені білсеңіз, 2019 жылы МАҚСАТыңызға ЖЕТЕСІЗ!

0
5 371

2018 жылдың басында қандай мақсат қойып едіңіз? Көздегеніңізге жеттіңіз бе? Мақсатқа жету үшін мынандай қателіктерді жібермеуіңіз керек!


Осы ЕКІ нәрсені білсеңіз, 2019 жылы МАҚСАТыңызға ЖЕТЕСІЗ!

фото: widefon.com

Міне, тағы бір жыл аяқталғалы тұр. Кейбіреулер келесі жылға жоспар құрып жатқан болар?! Дұрыс-ақ, бірақ алдымен қоштасқалы тұрған ескі жылға есеп беріп алғаныңыз жөн-ау! Жоспарыңыздың бәрі жүзеге асты ма?

Егер, мақсат жолында діттеген жағалауға жете алмаған болсаңыз, себеп неде деп ойлайсыз? Не кедергі болды? Психологтар мынандай басты екі себеп мақсатқа апарар жолда бөгет болады дейді.


1. Нақты мақсаттың болмауы


2. Нақты әрекеттің жоқтығы


МЫСАЛ: Түсінікті болу үшін, Айсұлу мен Нұрсұлу есімді екі келіншекті мысал етейін.

Айсұлу – өте ақылды, білімді әйел. Оның оқыған кітаптарын санамалау мүмкін емес шығар. Білмейтіні жоқ. Оны құрбылары тіпті «Энциклопедия» деп те атайды. Расында, кез келген сұраққа нақты дәлелдер келтіре отырып, көзіңізді жеткізіп жауап береді.

Сонымен қатар, ол кез келген бұйымға, мәселеге әр қырынан қарағандықтан ба, өзгелер көре бермейтінді көретін сұңғыла жан. Айтайын деп тұрғаныңды іс-қимылыңнан-ақ ұғатынына кейде таң қаламын. Ал, небір құнды идеяларды айтқанда, «Әй, осының бастаған ісі бір жылға жетпей-ақ «хит» болатын шығар!» деген ойда қаламын. Оның барлық салаға сауаттылығы да, қабілет-қарымы да жетеді.

Бірде ол үйлену тойына киетін көйлектердің салонын ашатынын айтты. Салонның атауын өзінің есімімен атап, сыртына күйеуі екеуінің тойда түскен суретін үлкен етіп жасату ойы бар екенін әңгімелегенде, әлі ашылмаған салон кәдімгідей көз алдыма елестеген еді. Бір жыл өткен соң Айсұлумен тағы кездесіп қалдым, ол салон ашпапты. Таяу арада «Жасау» деп аталатын ауқымды сауда орнын ашу ниетінде жүр екен. «Ол дүкенде тұрмысқа шыққан қыздың артынан апаратын жасауының бәрі болады. Киім, ыдыс-аяқ, үй жиһаздары, төсек жабдықтары, косметика бәрі-бәрі бір жерден табылатын болады» дегенде, оның идеясына қызыға таңдай қаққанмын.

Сонымен не керек, арада 4-5 жыл өткен соң Айсұлумен жолым тағы да түйісіп қалды. Ол ешқандай жеке дүкен ашпаған, үй тірлігінен жалығып жүргенін білдіріп «Күзде балабақшаға тәрбиеші боп орналасамын. Балабақша жұмысының қыр-сырын үйреніп алған соң, өзім жекеменшік балабақша ашамын деген ойға тоқтадым. Балабақшаны ұлымның атымен атаймын» деді. «Иә, әйел адамға осы жұмыс ыңғайлы ғой» дегенмін.

Бірақ, осыдан кейін мен оны 5 жыл өткен соң ғана көрдім. Кезінде айтқан идеяларының ешқайсысын жүзеге асырмаған. Сенесіз бе, ол бұл жолы да «Мен бүйтейін деп жатырмын, мен сөйтейін деп жатырмын» деді...

Мұндай адамдар өмірінің соңына дейін ойлап, ойланып жүре береді. Сонда Айсұлу неге өз ойын жүзеге асыра алмай жүр? Мақсатының нақтыланбағанынан! Ол шынында өзіне не керек екенін білмейді. Білімін пайдалана алмай жүр.

фото: slimstock.com

КЕҢЕС: Егер, сіз Айсұлу секілді алдыңызға көп мақсат қойып, бірақ ешқайсысына жете алмай жүрсеңіз, сол көп мақсаттың ішінен нақты біреуін ғана бөліп алыңыз. Басқасының бәрін ойдан шығарыңыз, оларға орала бермеңіз. Сізге керегі тек осы мақсат ғана. Алдымен, осы бір мақсатқа жетсеңіз де үлкен жеңіс болмақ. Мақсатыңыз нақтыланған соң оған апарар жолды зерттеп уақытты созбаңыз, тез әрекетке көшіңіз. Өйткені, сізге тек әрекет керек. Мақсат жолында кездескен кез келген кедергіні жоюға, тұйықтан шығуға сізде білім де, көрегенділік те, бәрі жетеді. Тек жетпейтіні – әрекет, тәуекел және тәжірибе!


ТЕУЕКЕЛге бел буып, ӘРЕКЕТке көшіңіз! Сонда 2019 жылы міндетті түрде мақсатыңызға жетесіз!


Екінші әйел – Нұрсұлу, оның энергиясы мол, əрекетте белсенді. Ұмтылысына, тәуекелшілдігіне қатты қызығамын. Ол бірде көршісімен бірге Қытайға барып келді де өзгерді. Бір айдан соң мектептегі директордың орынбасары жұмысын тастады да, келесі айда бір киім дүкенін жалға алып, сыртқы киімдер сатуды бастады. «Жарайсың! Батыл екенсің» дедім оған шынымен риза боп.

Алты айдан соң кезігіп қалдық. Нұрсұлу қасына перментальды татуаж жасатыпты, жарасып тұр. Қасына комплимент айтып едім, «Менің қасыма татуаж жасайтын қыздың бір күнде қанша табатынын білесің бе?» деп бастады әңгімесін. «Қас жасаудың еш қиындығы жоқ сияқты. Техникасын үйреніп алсаң болды-ау?! Әбден машықтанып алған ол қыз бір адамның қасын 1 сағатқа жасап үлгереді. Кезек күтіп отырғандарда сан жоқ. Кешкі 21-ге дейін қолы босамайды қас жасаудан. Қасымды 20 мыңға жасаттым. Сонда есептеп көр, орташа есеппен күніне 150-200 мың теңге тапса, ай сайын 4-5 миллион теңге табыс табуда» деді. «Сатушы қыз алдым, ал өзім перментальды қас жасаудың курсын оқып алмақшымын» деген еді.

Ол алты айдай Алматыға барып курс оқыды. Сосын бір-ақ күнде жалға алған киім дүкенін жауып, оның орнына сұлулық салонын ашты. Бірақ, жұмысы ойындағыдай жүрмесе керек, кейінгі бір кездескенімізде «Ол жұмыс «менікі емес» екенін түсіндім. Көктемде Креяға кететін шығармын. Ол жақта заводта жұмыс істейтін бір танысымның айтуынша, бір айда қиналмай 700-900 мың теңге табуға болады екен. Сонда бір жылда...» деп, әлі орналаспаған жұмысының табысын есептеп кетті.

Нұрсұлу Кореяға да барды, бірақ баласын сағынып бір айдан соң қайтадан елге оралды. Өткенде ол телефонда «Əрекет еткен адам мендей-ақ болсын. Бәрін қойып, табыскер күйеуге тұрмысқа шығамын деп шештім» деді.

Нұрсұлу өзі айтпақшы, әрекет етті. Бірақ, бұл танысымндың əрекеті неге өнімсіз болды деп ойлайсыз? Иә, ойланып, сараламай жатып-ақ көзсіз қадам жасады. Айналыспақ болған кәсібін зерттемеді, зерделемеді. Қателігі осында!

Мұндай адамдар өмір бойы табысын əр салаға, əр іске «құйып» жүре береді, бірақ пайда көрмейді. Өйткені, түнде көлік жүргізіп келе жатқан секілді, алдындағы 1-2 қадамдық жерді ғана көріп, әрекет етті. Дегенмен, әр салада жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған Нұрсұлу сияқты адамдар ақылмен, оймен қадам жасаса, мақсатына жетеді!

фото: haberself.com

КЕҢЕС: Егер сіз Нұрсұлу сияқты әрекетшіл, батыл болсаңыз, онда бастар ісіңізді ойша жоспарлап, шығыны мен кірісін есептеп және бастаған істі орта жолда тастамауға тырысыңыз.

ТҮЙІН: Нұрсұлуда Айсұлудыкіндей алдына ала болжап ойлау білу, Айсұлуда Нұрсұлудыкіндей тәуекел, әрекет жоқ. Ал, екеуіне ортақ қателік – нақты бір мақсатты ғана алдына қойып, тек сол бір ғана жолмен жүрмеу.

Егер, Айсұлу мен Нұрсұлуды біріктірсек, олар бір жылдың ішінде жетістікке жетіп, мол табысқа кенеледі. Ал, сіз ешкіммен бірікпей, өз алдыңызға ісіңізді бастағыңыз келсе, онда ОЙЫҢЫЗ бен ӘРЕКЕТІҢІЗДІ бір-біріне тыңдата біліңіз. Сонымен қатар, екі келіншектің жіберген бір қателігі – нақтылықтың жоқтығынан сақтансаңыз, 2019 жылға жоспарлаған кез келген мақсатыңызға жететініңізге сенемін. Әрине, ең алдымен өзіңізге өзіңіз сенімді болыңыз! Ендеше, іске сәт!

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

2019 - Сіз үшін ҚАНДАЙ ЖЫЛ болмақ? (тест)
Бала неге өзін "КЕРЕКСІЗ" сезінеді? Қандай жағдайда?

КЕКшіл жансыз ба? ӨЗГЕРгіңіз келе ме? (тест)