Осы төрт-ақ нәрсе КӨП бәледен сақтай алады!

0
8 941

Осы төрт-ақ нәрсені үйрену – жаныңызды психикалық аурулардан, ұрыс-керістен, жағымсыз эмоциялардан қорғайды. Ал, жаныңыз сау болмай, деніңіз де сау болмас!


Осы төрт-ақ нәрсе КӨП бәледен сақтай алады!

фото: 24smi.org

Бүгін 9-қазан Бүкіләлемдік психикалық денсаулық күні. Әлемде 1992 жылдан бастап, ал Қазақстанда тұңғыш рет биылдан бастап аталып өтуде.

Білім және медицина мекемелерінде бұл күні физикалық және психикалық денсаулықтың бір-бірімен тығыз байланыста екенін түсіндіру, екеуіне бірдей көңіл бөлуді, салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары жүргізілуде.

Бүкіләлемдік саулық күніне біз де – «ERNUR.KZ» өз үлесімізді қосу мақсатында оқырмандарымызға аз-маз психологиялық кеңес бергіміз келеді.

Мазасыздық, күйгелектік, ашуланшақтық, сынды көтере алмау... бұның бәрі жүйке жасушаларын «өлтіруші» боп саналады. Даналарымыз «Айтар сөзіңді алдымен ойланып ал», «жеті рет өлшеп бір рет кес» демей ме, ендеше, ашуланардан, уайымға салынудан бұрын «бұдан не ұтамын?» деп ойланғаныңыз жөн болар!

Әрине, бұндай ұстамдылыққа үйрену қиын-ақ. Дегенмен, кез келген нәрсені қайталай берсеңіз, ол әдетке айналады. Сол сияқты сабырлылыққа жетелер мынандай төрт кеңесті әрдайым жадыңызда ұстап, қажет жерде пайдалануды естен шығармаңыз.


1-КЕҢЕС: Ұрыс-керіс басталғанда үндемеу!

Әрине, бұл оңай емес шығар. Әйтсе де, бұл кез келген ақылды әйелдің қолынан келеді деп ойлаймын. Ерегісу, сөзден қалыспау, есеңді жібермеу... бұлардан ешнәрсе ұтпайсыз!

Ұрыс-керістің тұтануы әп-сәтте-ақ. Оны ешкім алдын ала жоспарлап ұйымдастырмайды. Алайда «Егер ұрыс туындаса, үндемеуім керек. Айтарымды сосын айтамын» деп жоспарлауға болады. Иә, біреудің мінін түземек боп сын айтқан кезде немесе жаңа көйлек сатып алғыңыз келгенін күйеуіңізге жеткізгенде, я болмаса тағы да осы секілді болмашы нәрселер ұрыс-керіске бастайтыны белгілі. Ұрыс басталғанда мүлде сөз қайтармай көріңізші. Үндемей қоя салыңызшы, сонда бұған дейінгі барлық ұрысты бастаушы да, оны өршітуші де – өзіңіз екенін ұғасыз. Білем, сіз кінәлі емес шығарсыз, бірақ оны дәлелдегеннен не пайда? Үндемей-ақ қойыңыз!

Үндемеңіз. Ұрыс оты да ұзаққа бармай сөнеді. Сосын асықпай отырып, айтарыңызды айтуыңызға болады.


2-КЕҢЕС: Түсіну, кешіру!

фото: prelestno24.ru

Біреуге ренжісеңіз немесе сіз өзгені өкпелетсеңіз, жылдам ұмытуды үйреніңіз. Ол үшін болған жайтқа үш адамның көзімен қараңыз. Бірінші, өз көзіңізбен, екінші, ренжіткен (ренжіген) адамның орнына өзіңізді қойып, оның көзімен жағдайды көріңіз. Үшінші, екеуіңіздің сыртыңыздан басқа бір адамның көзімен қарау.

Сонда жағдайды жан-жақты қарап, әркімдікі өзінше жөн екенін түсінесіз. Түсінсеңіз, кешіре білесіз. Кешіре білсеңіз, онда кешірім сұрау да қолыңыздан келеді.

Дұрысы, мұндайда жағдайды жан-жақты қарап, таразыламай-ақ дереу кешірім сұрай білу. Сонда «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болады!


3-КЕҢЕС: Бас тарту!

«Нан қарынды іздемейді, қарын нанды іздейді» деп жазады бір қаламгер ағамыз. Сол сияқты, ашу, реніш, уайым адамды іздемейді, адамның өзі оны іздеп тауып алады. Сөйтеді де күрсінеді, уһілейді, шаршайды, ашуланады.

Ешнәрсеге зауқыңыз соқпаса, өмір сүру қиындап кетсе, байқаңызшы, көтеріп жүрген жүгіңіз ауырлап кеткен болар?! Жеңілдетіңіз!

Мысалы, әйел – жар, ана. Ал, бұған «мұғалім» немесе «есепші», осы сияқты тағы бір рөл қосылса, онда әрине, үнемі шаршап жүру, ұйқының қанбауы, ашуланшақтық оған үйір болады. Бір рөлден бас тарту керек. Тіпті, киноға түсу үшін небір мықты актерлердің өзі бірден екі-үш рөлді сомдай алмайды. Өзіңізді өзіңіз қинамаңыз! Мықты әйел болсаңыз, онда "сүйікті жар" және "ақылды ана" деген екі рөлді жоғары дәрежеде сомдаңызшы.


4-КЕҢЕС: Шүкір айта білу!

Көбіне адамды жетіспеушілік, «жоқтық» күйзеліске түсіреді, ашуландырады, уайымға салады. Біреуде бала жоқ, біреуде баспана мен көлік жоқ. Тағы бір адамда жұмыс, денсаулық жоқ. Әркімді әйтеуір бір нәрсеге мұқтаж етіп қойған Жаратушының шеберлігінде шек жоқ!

«Қолыңнан келгенше әрекет ет те, қалғанын Жаратушыға тапсыр» деген сөз бар. Расында, жетпесті қуудың қажеті қанша? Қалағаныңыз орындала берсе, өмірдің мәні бола ма? Көңілсіздікке себеп іздей бермей, қуануға себеп таба біліңіз. Қайғыруға 10 себеп табылса, қуануыңызға да 10 себеп табылады.

Шүкіршілік ете білетін қанағатшыл адам қарапайым нәрсенің өзінен бақыт, қуаныш таба біледі. Сіздің көңіліңіз толмайтын өміріңізге сырттай қызыға қарап, сіздікіндей өмірді армандайтындар көп. Біліп қойыңыз, төрт құбыласы түгел ешкім жоқ!


Үндемеу! Түсіну мен кешіру! Бас тарта білу! Шүкір ету! Осы төрт-ақ нәрсені үйрену – жаныңызды психикалық көп аурулардан, таусылмайтын ұрыс-керістен, сансыз жағымсыз эмоциялардан қорғайды. Ал, жаныңыз сау болмай, деніңіз де сау болмас!

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Ағаштар сияқты «жапырақтарыңызды» тастайтын уақыт келді

Шаршағанда қуатты қалпына келтіретін 5 тәсіл

Мынадай 5 адамға жоламағаныңыз дұрыс