Абай атамыз «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Ал, психолог мамандар «өмiрiңiз тыныш та жайлы, өкiнiшсiз өтсiн десеңiз, кесiрiн, зиянын тигiзетiн бес түрлi адаммен жуыспаған дұрыс» дейді. Олар кiмдер?
суреттер ашық дереккөзден алынды
Абай атамыз «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Ал, психолог мамандар «өмiрiңiз тыныш та жайлы, өкiнiшсiз өтсiн десеңiз, кесiрiн, зиянын тигiзетiн бес түрлi адаммен жуыспаған дұрыс» дейді. Олар кiмдер?
1. ПЕССИМИСТ
Пессимисті қалай тануға болады? Бiр психологтың «Мәселе, қиындықтың үлкен-кiшiлiгiнде емес, оны кiмнiң қалай қабылдауына байланысты» деген сөзiне сүйенсеңіз, айналаңыздағы жақын адамдарыңыздың арасынан пессимисті оңай тани аласыз. Мысалы, қиындықта пессимист қайғырса, ал оптимист қайраттанады. Күш-жiгерiңiздi жанып, ендi еңсеңiздi түземек болғаныңызда пессимист: «Осы өмiрiң өзгерiп қалады деп ойлайсың ба?» - деп керi тартады. Пессимист басына қиындық туса, «Өмiр тоқтады. Бақытсызбын!» деп түнередi. Ал, оптимист «Әлi-ақ бәрi жақсы болады. Бұл қиындықты да жеңе аламын» деп өзiн-өзi жігерлендіреді.
Оптимист келешегiне сенедi, кез келген тығырықтан шығуға болатынын бiледi, проблемамен бетпе-бет кездесiп, оның шешiмiн iздеуге тырысады, не нәрсенi де сабырмен қабылдайды. Пессимист ше, ол болмашы нәрсеге күйiп-пiседi, торығып өмiрден баз кешедi, өзiне де, өзгеге де, болашағына да сенбейдi. Оның қасында сiз күннiң мұңға толы екенiн, еш қызықтың жоқ екенiне сенесіз. Ол қашанда ешкiмге, ешнәрсеге көңiлi толмай жүредi. Күндi емес, кiрдi жиi көредi.
Егер, пессимистпен қарым-қатынасты тоқтатпасаңыз, көп ұзамай сiз де айналаңыздағы адамдарға себепсіз-ақ өкпелейтiн боласыз. Бiрте-бiрте дауыс мақамыңыз да өзгеріп, жылаңқы әрi көңiлсiз дауыс қалыптасады. Күнделiктi өмiрiңiзге қанағаттанбайтын боласыз. Үнемi шағымданып жүресiз. Сондықтан да, одан ертерек қашыңыз!
2. IШІ ТАР АДАМ
Мұндай адам күншiл. Күншiл күнде күңiренедi. Қазақта «Есiгiңнен күле кiрiп, күңiрене шыққан адамнан сақтан» деген нақыл сөз бар емес пе, күншілден сақтаныңыз.
Iшi тар адам өзiнде жоқтың сiзде болғанын қаламайды. Мұндайлар жеке өміріңізде де, жұмыс барысында да жетiстiктерiңiздi кемiтпесе көбейтпейді. Бұрын қайырымды, мейiрiмдi болсаңыз, күншiлмен достасқалы ендi қанағатсыз, сараң, кiнәмшiл бола бастағаныңызды аңғармай да қаласыз.
«Іші тарға биік тау да аласа, пейілі кеңге дөң де тау» дейді қазақ мақалы. Іші тар адаммен бірге жүрсеңіз, «Барға қанағат, жоққа салауат» айтуды ұмытасыз. Осының салдарынан отбасыңызда ұрыс-керiс көбейедi.
Іші тар күншіл адамды мен жаман деп отырған жоқпын. Мүмкiн, онда басқа адами қасиеттер мол шығар, бiр ғана кемшiлiгi – күншiлдiгi болар. Әйтсе де, мұндай адамнан аулақ болған жөн. Байланысты үзiңiз!
3. ӨСЕКШІ
Өзге бiреудiң жеке өмiрiн талқылау, киген киiмiн сөз қылу әрине, бiреулер үшiн қызық-ақ. Тыңдаған да қызық шығар, бiрақ оның «ауруы» сізге жұқпай қоймайды. Әдiлетсiз шешiм шығаруға, iште сыр сақтамауға, өзгенiң iсiнен, бойынан кемшiлiк iздеп табуға, сiзге қатысы жоқ мәселелерге мұрын сұғуға дағдыланатын боласыз. Ал, бұл жақсы әдет емес.
Мүмкін, «Мен өсек айтпаймын, тек тыңдаймын» дейтін шығарсыз, алайда «Естімес деп өсек айтпа» деген сөзді ескеріңіз, естiгендерiңiздiң кесiрi тимей қоймайтынын есте ұстаңыз.
Сонымен қатар, «Өсекшi мен өтiрiкшi – егiз» деген даналы сөзге сенiңiз. Оның айтқанының бәрі шындық емес. Өсекқұмар адаммен жақын аралассаңыз, өмiрiңiзден тыныштық жоғалады. Кесiрi де, зияны да тиетініне сенімдімін. Сақтаныңыз, қорғаныңыз!
4. АҚЫМАҚ
Ол әдейі ақымақтық жасамайды. Жан-жақты ойланбастан, өзгенiң сөзiне сенгендіктен, ергендіктен, ақымақтыққа көп барады. Әркiмнiң құрбанына айналады. Өйткені, онда өзiндiк пiкiр жоқ.
Оны қалай тануға болады? «Бір қателік он қателікке бастайтынын» ұқпайды ол. Сондықтан да үнемi бiр келеңсiздiкке душар боп, әркiмнiң алдауына, арбауына тез түседi. Мұндайлар басшылықты да, өз ата-анасын да, достарын да жамандап жүредi. Ол қатесiн ешқашан түзеуге тырыспайды, өйткенi оныкi әрдайым дұрыс. Өзiнiкiн бұрысқа баламағандықтан да, мойындамағандықтан да қателiгi көбейе бередi.
Ақымақты да «жұқпалы ауруға» ұқсатуға болады. Олар өз проблемасын басқаға «жұқтырады». Оның қасында жүрсеңiз, жоқ жерден проблема тауып аласыз.
Оған ақыл айтып уақыт шығындамай-ақ қойыңыз. Ақымақ адасқанын ұқпайды және өзiнiң қателiгi үшiн басқаны кiнәлайды. Қатесiн мойындамайды және сiздiң де ақылыңызды тыңдамайды. Тыңдаған сыңай танытқанымен, бәрiбiр өз дегенiн iстейдi. Сөйтедi де «Сенi тыңдап едiм, нәтижесі не болды? Сен кінәлісің!» деп жазғырып шыға келедi.
«Қазанға жолама, күйесi жұғады», проблемалы мұндай ақымақ адаммен араны үзе салғаныңыз дұрыс. Ол бір күні сөзге ергіштігімен тағы да бір ақымақтық жасап, өзi батқан батпаққа қолыңыздан тартып, бiрге алып кетуі мүмкін.
5. САТҚЫН
Бiлiп қойыңыз, бiр рет сатқындық жасаған адам екiншi рет тағы да опасыздық жасайды. «Таспен ұрғанды аспен ұрамын. Опасыздығы туралы ойландырамын, ұялсын» деп қателеспеңіз. Олай уақытыңызды, қуатыңызды шығындамай-ақ қойғаныңыз жөн.
Өз iс-әрекетi туралы ойланып, қорытынды шығаратын немесе түзуленетiн адам өте сирек. Одан да мұндай адаммен араласпауды ойлаңыз.
ТҮЙІН. Мынау бес күндiк жалған өмiрде бәрiмiз де жақсылыққа ұмтыламыз, бақытты, табысты болғымыз келедi. Ертеңгi күннен үмiттенемiз. Дегенмен, өмiр болған соң, сүрiнемiз, құлаймыз, жабығамыз. Сосын, іштей өзiмiздi жiгерлендiрiп, орнымыздан қайта тұрамыз. Бұл – өмір. Ал, осындай өмiрдi одан сайын қиындатқыңыз келмесе, онда психологтар ескерткен бес адамнан қашық болғаныңыз абзал.
Жазира СМАҒҰЛОВА
ERNUR.KZ