​ӨЗГЕРіске бастайтын 12 ҚАДАМ

0
4 295

Бұл қарапайым қадамдарды орындау қиын емес.


​ӨЗГЕРіске бастайтын 12 ҚАДАМ

фото: fb.ru/media

Жыл басында адамның көбісі өмірін өзгертуді ойлайды. Сіз де сұрықсыз, қызықсыз, бірсыдырғы өміріңізге жаңалық, өзгеріс енгізуді ойлап жүрсіз бе?

Кәсіпкер әрі белгілі жазушы Джеймс Альтушер өмірлік тәжірибесін, жетістікке жету жолындағы сабақтарын түйіндей отырып, мынандай кеңес береді. Орындауды бүгіннен бастаңыз!



1. Сіздің тұлғалық дамуыңызға, әдеттеріңізді өзгертуге айналаңыздағы адамдардың әсері, ықпалы зор. Сондықтан да ең бірінші араласатын ортаңызды, уақытыңызды көбірек өткізетін адамдарды сүзгіден өткізіңіз.

Жүйкеңізді тоздыратын, көргенде ашуыңыз келетін, әр түрлі сөзімен өміріңізді «улайтын» адамдармен байланысты үзіңіз. Әрине, ондай адаммен араны үзе салу оңай емес. Бірнеше рет сұрағын жауапсыз қалдырыңыз, «жоқ» деп айтыңыз. Осылай ол өзі-ақ сіздің өміріңізден кетеді.


2. «Кайдзен» стратегиясын қолдануды бастаңыз. Кайдзен – бұл үздіксіз даму дегенді білдіреді. Яғни, артықшылығыңызды, қабілет-қарымыңызды анықтап алып, күнде оған белгілі бір уақыт арнайсыз. Тіпті оған күнде 5 минут уақыт бөлгеннің өзінде бір жылдың ішінде ілгерілеу байқалады.

Бұны өміріңіздің кез келген саласында қолдана аласыз. Өзгеріс жылдамырақ орын алсын десеңіз, кайдзен уақытын 30 минут деп алыңыз.


3. Өзгенің пікірімен шешім қабылдап, басқаға ұнайтын нәрсемен айналысуды доғарыңыз. Ой-пікіріңіз тәуелсіз болғанда ғана өміріңіз сіз қалағандай бағытқа қарай өзгереді.


4. Қорқыныштарыңызды жеңіңіз. Өйткені қорқынышты жеңбейінше әдеттерде, ой-танымда өзгерістің орын алуы қиын.

Неден қорқасыз? Мүмкін, қараңғыдан немесе биіктен қорқатын шығарсыз? Әлде, тараканнан? Осындай болмашы қорқыныштардың өзі өзгерістерге кедергі келтіреді. Сондықтан кішігірім қорқыныштармен де күресу қажет-ақ. Өйткені нақты шешім қабылдау мен нар тәуекелге бару үшін кез келген қорқыныш бөгет болады.


5. Адамдар үш топқа бөлінеді: «+», «=» және «−». «+» тобындағы адамдар – өмірі, жетістігі, табысы сізден алда. Ал «-» тобындағы адамдар – ой-өрісі, білімі, тұрмысы сізден төмен. «=» тобындағы адамдар – барлық жағынан сізбен тең.

«+» және «=» тобына жататын адамдарды анықтап алыңыз да, олармен көбірек араласыңыз. Сонда ғана өміріңізде алға жылжу болады.


6. Кез келген оң өзгеріске қуат керек: физикалық, эмоциональдық, шығармашылық және рухани. Төрт қуатты бірдей толықтырып отыруға барынша күш салыңыз, уақыт бөліңіз. Осы төрт қуат түгел болғанда, өзгеріс жылдамдайды.


7. Денсаулықсыз ешнәрсеге жете алмайсыз. Дұрыс тамақтануға, күнделікті дене жаттығуларын орындауға және ұйқының қанық болуына назар аударыңыз. Денсаулықтың мықты болуы осы үш факторға байланысты.


8. Айналаңыздағы адамдарға, жақындарыңызға көмектесіңіз және оның қайтарымын күтпеңіз. Қаржылай емес, сөзбен, іспен, ниетпен.

Бұл ойлау жүйеңізді өзгертеді. Ал ойлау жүйеңіз өзгерсе – өміріңізде де өзгерістер біртіндеп, өздігінен орын ала бастайды. Бұл әбден зерттеліп, дәлелденген тәжірибе.


9. Кез келген жерде, ортада сұрақ қоя біліңіз. Білмегеніңізді сұраудан ұялмаңыз. Сұрау, сұрақ қою да миыңызда, көзқарасыңызда, мінезде өзгерістерге бастайды.


10. Кінәні басқа біреуден іздеуді, айналаңыздағы адамдарды (ата-ана, жар, дос-жаран, бала, әріптес т.б.) айыптауды тоқтатыңыз. Не жағдай болса да, таңдауды өзіңіз жасадыңыз. Сондықтан өміріңіздегі барлық жағдайға тек өзіңіз жауаптысыз, олар сіздің таңдауыңызға байланысты.

Бұл өзіңізді жазғырыңыз деген сөз емес. Өз кінәңізді мойындап үйреніңіз дейді психологтар. Сонда ғана қателіктеріңізден, аңдамай басқан қадам мен ойланбай жасалған шешімнен сабақ аласыз. Сабақ алу арқылы алға ұмтыласыз, өзгересіз. Ал басқаларды кінәлау – орныңыздан қозғалтпайды, өсірмейді.


11. Нәтижені емес, оған жеткізетін процесті ойлаңыз. Процесс болмайынша ешқашан нәтижеге жетпейсіз. Күнде әйтеуір алға ұмтылыс, қимыл-қозғалыс болуы қажет. Әрқашан кешегі өзіңізден бүгінгі өзіңіз алда болуын қадағалаңыз.


12. Кез келген кедергі, қиындық, мәселе – өзгеріске мүмкіндік. Олай болса, салыңыз суға кетпесін, керісінше қуаныңыз. Өйткені қиындықты бастан өткізу, мәселені шешу арқылы сіз өзгересіз. Өзіңіз өзгерсеңіз, өміріңіз өзі-ақ өзгере бастайды.


Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жаңа жылдың алғашқы аптасын ҚАЛАЙ бастау керек?

Ақшаны көбейтетін СУПЕР техника