​Өзіне сенімді баланы тәрбиелеудің 4 жолы

0
1 857

Баланың физикалық қана емес, психологиялық саулығына да көңіл бөліп жүрсіз бе?


​Өзіне сенімді баланы тәрбиелеудің 4 жолы

фото: ашық дереккөздерден алынды

«Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар опат болады» деген сөз бар Шығыс даналығында. Осы сөзден-ақ баланың адам боп қалыптасуында ата-ананың көп еңбегі, жауапкершілігі қажет екенін аңғаруға болады.

Әйткенмен, көбіне бұны ата-аналар баланы тамақтандыру, киіндіру және қауіпсіздігін сақтау деп біледі. Сонымен бірге ата-аналар баланың физикалық тұрғыда белсенді, сау боп өскеніне, біліміне ғана көңіл бөледі, тілейді. Сөйтеді де түрлі үйірмелерге, оқу курстарына сүйрелейді. Ал психикалық, психологиялық тұрғыдағы саулығына мән беретіндер аз.

Біз осы көп адам ескере бермейтін психологиялық саулық туралы бала тәрбиесіне қажетті ақыл-кеңес ұсынбақпыз.

Ойланып көріңізші:

  • балаңыздың денесі шымыр делік, бірақ күші тасып тұрғанымен, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге төзімі жетпейді;
  • қызыңыз өте білімді, бірнеше шет тілін біледі, алайда мақсатына жетуге табандылығы жоқ;
  • перзентіңіз келбетті, сұлу бірақ өмірдің болмашы қиындықтарынан қорқады, ынжық, жұртпен тіл табыса алмайды;
  • ол әдемі билейді, әнді жақсы айтады, музыкалық аспаптарда шебер ойнайды, бірақ туындаған мәселені шеше алмайды;
  • өте талантты, алайда болмашыға бордай езіледі, кішкентай сынаққа сынып қалады т.б.

Бұның бәрі де баланың психологиялық тұрғыда шынықпағанын білдіреді. Бұндай балалар өзіне сенімсіз болады. Ал адамға ең бірінші өз қабілетіне, күшіне, біліміне деген сенімділік керек. Сонда ғана ол өмірдің алдан тосар кедергілерінде кетіліп қалмайды, сынақтарынан сүрінбейді, қиындықтарына қарсы тұра алады. Олай болса, балаңыздың физикалық денесімен бірге психологиясының да шымыр болғанын ойлаңыз, шынықтырыңыз.

Қалай?

Психологиялық төзімділік бала туылғаннан бойында болмайды. Дегенмен барлық балада мінездің осы бір қасиетін шыңдауға деген ұмтылыс дәні табиғатында бар. Сондықтан ата-ана бұл бағытта дұрыс бағдар беріп, оны тәрбиемен, түсіндіру, үлгі боп көрсету, үйреті, ойландыру арқылы қалыптастыруы қажет.

Бұл орайда психологиялық әдіс, тәрбие жолы көп. Ал біз психологтар жиі ұсынатын негізгі 4 кеңесті жариялағанды жөн санадық.



1. Әрекет етудің маңыздылығын түсіндіріңіз

Балаға кез келген нәтиже әрекетпен, еңбекпен келетінін айту қажет. Конфуцийдің «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есімде сақтаймын, өзіме жасатсаң – үйренемін» дегеніндей, айтып қана қоймай бұл тұрғыда оны еңбекке баулу арқылы көрсету керек. Өйткені адамның табысты, жақсы өмір сүруі, уақыт көшінен қалмай дамуы, өсіп-өркендеуі үшін еңбекқорлық өте қажет қасиет.

Мейлі қанша жерден әкесінен қалған мұра оның бүкіл өміріне жеткілікті болса да әрекеттің керектігін білген бала жалқаулықтан алыс болады.

Мына секілді мысалдарды әркез айтып отыруды да ұмытпаңыз.

Мысал: Ертеде бір жігіт өмір сүріпті. Құдай оған ризық-несібені молынан беріпті. Жан-жақтан қажеттісі өзгелер арқылы ағылып келіп жататын құдайдың сүйген құлы екен. Мал-мүлкі жетеді. Бір күні ол «Ақыры құдай менің несібемді жіберіп жатыр, жұмыс істемей-ақ қойсам да болады екен ғой» деп ойлайды. Күні бойы демалады, қыдырады. Ал Рамазан айында ауыз бекітіп, үйінен жырақтау жерден жайлы мекен деп мешітке барып жатады. Күні бойы мешітте құлшылық етеді. Кешке ешкімнен сұрамаса да әйтеуір түрлі себеппен мешітке тамақ келіп жатады. Қысқасы, аш қалмайды.

Бір күні мешіттің жарығы өшіп қалады. Кешкілік ауыз ашатын уақытта мешітке бір адам тамақ алып келеді. Имамға «Мына дәмді асты анам беріп жіберген еді» дейді. Бір жаққа асығыс кетіп бара жатқан имам «Ішке кіріп көріңіз, адам бар шығар. Мен асығыспын» деп кетіп қалады. Бұны естіген жолы болғыш жігіт «Құдай мені ешқашан ұмытқан емес. Бүгін тағы біреуден несібемді беріп жібергеніне ризамын» деп шалқасынан түсіп жатады. Бірақ тамақ алып келген адам қараңғыда бұны көрмейді, бөлмелерді аралап, іштей «Ешкім жоқ екен ғой» деп қайтпақ боп есікке беттейді. Осы кезде жігіт даусын шығарып жөткерінеді, яғни тамағын қырнап әдейі жөтеледі. «Мен бармын» дегені ғой. Есіктен шығып бара жатқан адам селк ете қалады да «Ой, біреу бар екен ғой. Кімсіз? Мынау тамақты алып қалыңыз» деп қолындағы табақты беріп кетеді.

Тамақ жеп отырып жігіт «Е, тамақ жеу үшін тым болмағанда жөткерініп дауыс шығару керек екен ғой» деген екен.

Жөткеріну де – әрекет. Егер ол өзінің сол жерде екенін білдіруге әрекет етпегенде сол күні аш қалатын еді.



2. Өзін шынайы бағалауды үйретіңіз

Кішкентайында көп қиял-ғажайып ертегі естіп өскен баланың әлемі, өмірге көзқарасы басқаша болады. Бұндай балалардың өзіне сенімділігі әлсіз келеді. Сондықтан да балаға өтірік айтудың, өмірде жоқ қиялдарға жетелеудің зардабы көп. Оған шынайы ойлауды үйрету керек. Ол үшін жағдайларға байланысты сұрақ қою керек.

Мысал: Мұғалім ата-анасының лауазымы, туысқандық жақындығы немесе мерекелерде тарту ететін сыйлығы үшін балаға жақсы баға қоятын шығар. Бұндай бала өзіне тым сенімді болады да сабаққа, тестке аз уақыт бөледі. Өйткені ол «Мен өңкей бестік баға алып жүрмін ғой, мен бәрін білем» деп ойлайды.

Кейбір мұғалім танысының, көршісінің (немесе туысқанының) баласының талпынысы жақсы болса да пендешілікпен бағаны төмендетіп қояды. Нәтижесінде бұл бала да маңызды сәтте тестке аз уақыт арнайды. Неге? Өйткені ол «Бар күшімді салып дайындалғаныммен, үнемі нашар баға алып жүрмін ғой. Демек, мен бәрібір тестен өте алмаймын. Шамам жетпейді» деп ойлайды.

Міне, балаға біреудің қойған бағасының әсері. Мұғалімнің (әділетсіз) жоғары бағалағаны да, төмен бағалағаны да балаға зиянын тигізбей қоймайды. Сондықтан балаға шынайы түрде өз бағасын білуді, өз қабілет қарымына сенуді үйретіңіз.

Жалпы, балаңызға оның сенімдері мен ол туралы өзгенің тұжырымдары кейде қате болатынын түсіндіріңіз.



3. Нәтиже үшін емес, талпынысы үшін мақтаңыз

Мақтау, марапаттау сөз кез келген жаста адамды ынталандырады, мотивация береді. Дегенмен, көп ата-ана тек ең жақсы көрсеткіш үшін ғана мақтайды.

«Жарайсың, бірінші орын алдың!», «Жоғары балл жинапсың, сенімен мақтанамыз», «Әнді әдемі орындадың» деп, тек жоғары нәтиже үшін мақтау сөз айтады.

Бұл балада үздік болу синдромын қалыптастырады. Бұл синдромның пайдасынан гөрі зияны көптеу. Сондай-ақ өмірдегі басты мақсаттарынан адастырады. Ең сорақысы, дегеніне қолы жетпей қалса өзін-өзі дамытуды ойламайды, керісінше өмірден түңілетін болады. Өзін жазғырады. Жаңа нәрсені үйренуге, өзін басқа салада сынап көруге талпынбайды. Бұл оның келешек өміріне зиянды. Сондықтан да баланың әр талпынысын мақтап, жігерлендіріп отырған дұрыс.

Балаға сәтсіздіктердің барлық адамда болатынын, бұл оның алға ұмтылуына еш кедергі еместігін айтыңыз. Ол талпынысы үшін мақтау сөз есту арқылы бойындағы табандылық қасиетін шыңдайды.



4. Өзіндік ой-пікірін қалыптастырыңыз

Әр адамның өзіндік пікірі болғаны дұрыс. Сонда ғана ол есейгенде өзгенің емес, өз қалауындағы өмірді сүре алады. Өзіне ұнайтын іспен айналысып, биік белестерді бағындыра алады. Жетістікке жету үшін де өзіндік ой-пікір өте қажет.

Әрине ол үшін балаңызбен көбірек сөйлесіңіз. Әр жағдайға байланысты оның ойын сұраңыз, тыңдаңыз. Басқа балалармен ойнауына рұқсат беріңіз. Нені қалайтынын сұрап, сұрағанын қолына бере салмай үнемі таңдау жасатыңыз. Әр оқиғадан, жағдайдан ғибрат, сабақ алуды үйретіңіз.

Әрине өзіне сенімді баланы қалыптастыру үшін ата-ана тәрбие мен үйретудің айырмашылығын білуі тиіс. Бұл екеуі балаға теңдей берілуі керек.

«Ана ақылды болса, бала дана болады» деп бекерге айтылмаған. Өзіне сенімді баланы тәрбиелеудегі бұл 4 кеңесті орындап, қолдану үшін ата-ана психологиялық кітаптарды көбірек оқып, үнемі өзінің тәрбие тақырыбындағы білімін жетілдіріп отырғаны жөн-ақ.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

«Мен өзімді кешіремін» техникасы жолыңызды ашады

Бақытты отбасының 10 ережесі