​Бақытты отбасының 10 ережесі

0
4 570

Жас отбасыларға арналады.


​Бақытты отбасының 10 ережесі

фото: ашық дереккөздерден алынды

Бақытты отбасының арнайы формуласы жоқ. Оны әркім әрқалай түсінеді және өзі жасап алады. Әйткенмен, айқайы таусылмайтын, бір-бірін тыңдамайтын, сыйламайтын ырың-жырың отбасының адамдарын бақытты деуге келмес.

«Жүрегі тыныш адам бақытты» дейді психологтар. «Ұрыс-керісі аз, түсінік пен үйлесімі көп отбасыға бақыт тұрақтайды» дейді үлкендер. Иә, отбасының бақыты сол шаңырақты құрған ерлі-зайыптының жарысымы мен татулығынан туады. Ал жарасымдылық мынандай қарапайым ережелерден тұрады.



1-ереже

Ерлі-зайыптылар тең құқылы. Өкінішке орай, бұны жұбайлар ажырасқан кезде ғана ұғады. Сот екеуінің заңды некеге тұрғаннан кейінгі сатып алынған бүкіл жылжитын және жылжымайтын мүліктерін, тіпті десеңіз ыдыс-аяқ, бұйымдарына дейін теңдей бөледі.

Міне, осыдан-ақ еркек пен әйелдің тең екенін аңғаруға болады. Ендеше, бір-бірін төмендетпеуі, күш көрсетпеуі керек. Сонымен қатар отбасының бүкіл мәселесін, ауыртпалығын біреуінің ғана иығына жүктеп қоюға да болмайды.

Жұбайлар отбасының қуанышын, қайғысын да бөлісетіні секілді балаға қарауды, үй шаруасын, осындай екеуіне ортақ барлық істі «сенің міндетің» демей, бөлісіп орындауы қажет. Әрине, бұл үлгере алмай жатқанда көмектесу, әйелің ауырып жатқанда бір кесе шайыңды өзің демдей салу, кірді кіржуғыш машинаға сала салу, күйеуің кеңседегі жұмысынан босамай жатқанда азық-түлікке бара салу т.б.

Бөлісіп орындау, бөлісу отбасылық өмірді жеңілдетеді.



2-ереже

Үйдегі ұрыс-керісті сыртқа шығармау, кикілжіңге үшінші адамды қатыстырмау (дос-жаран, ағайын-туыс, әріптес, көрші-қолаң т.б.). Бұл ешкімге айтпай, көніңіз деген сөз емес. Егер конфликт қауіпті болып бара жатса, онда полицияны шақырыңыз. Ал бірде тату, бірде қату болатын ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамайға басқаларды араластырудың қажеті жоқ. Тіпті, оны үшінші біреуге айту жөнсіз. Өйткені ыдыс-аяқ сылдырлап-сылдырлап қайта басылады. Бұл заңдылық.

Осы тұста мінсіз адам жоқ екенін де айта кетейік. Бір имам ағамыз айтпақшы, мінсіз күйеу (әйел) – өліп қалған күйеу (әйел). Адам тірі болған соң қателеседі, істе кемшілік жібереді, аңдамай сөйлейді. Осындай жағдайлардан ұрыс-керіс туындайды. Оның бәрін жұртқа айтудың керегі жоқ. Өйткені мәселені ушықтырып жіберетіндер көп.

Ерлі-зайыпты арасында романтикалық бір жағдай болса, оны да жариялап жар салудың қажеті шамалы. Жан жарымен арасында махаббат оты өшіп қалғандардың қызғанышын тудыруыңыз мүмкін. Әр түрлі пиғылды адам бар. Бақытыңызды басқаға айтудағы мақсатыңыз не? Ішіңізге сыймай бара жатқан қуанышыңызды біреуге айтпас бұрын осы сұраққа іштей жауап беріңіз.

Адам аласынан сөз аласы жаман, сөзге еріп бақыт құсын ұшырып алмауыңызға кім кепіл?!


3-ереже

Отбасы мәселесін бірге шешу. Еркек үйдің бас иесі, әйелдің жолы жіңішке екеніне ешкім таласпайды. Дегенмен, отбасыға қатысты мәселелерді шешкенде әйелінің жоғары білімі жоқ болса да, үйде тек бала тәрбиесімен айналысып отырса да еркек онымен санасқаны, оның да пікірін тыңдағаны дұрыс-ақ.

Кейде керісінше әйелінің ақылы көп, қызметі жоғары болуы мүмкін. Мейлі, ол институтта ғылым докторы, я болмаса депутат болса да отбасыға қатысты істі күйеуімен келісіп шешкені жөн. Бұл арадағы сыйластықты, сенімді арттырады. Сонымен қатар екеуіне ортақ жүкті бірлесіп көтеруге үйретеді.



4-ереже

Эмоцияны, қайғы-мұңды талқылау. Сіздің көңілсіздігіңізді, неге бұртиып жүргеніңізді пал ашып біліп алатындай жарыңыз көріпкел емес. Олай болса, тырысып, томсырайып жүру қате.

«Неге сөйлемей жүрсің?» десе, «Ештеңе», «жай, саған қатысы жоқ» деп оны да, өзіңізді де алдамаңыз. Онсыз да бұл өмірдің жұмбағы көп қой, «ішімдегіні тап» деп қысқа өмірді күрделендіріп қайтесіз?!

Эмоцияны көрсету, сездіру, білдіру, айту керек. Мұң-жырыңызды айтудан қорықпаңыз. Керісінше эмоцияны бөлісу ерлі-зайыптыны ең жақын адамдарға айналдырады.



5-ереже

Бір-бірінің жеке әлемін құрметтеу. Әр адамның өз қызығушылығы, демалу әдісі болады. Мысалы, біреу жаңалық тыңдап демалса, біреу сериал көріп тынығады. Тағы біреу дүкен араласа, келесі біреу кітап оқығанды демалыс деп біледі. Тіпті кейде бір-бірінен бөлек бөлмеде жатып демалғанды дұрыс көретін ерлі-зайыптылар да бар. Әркімнің қалауы түрлі-түрлі. Бұған тәртіп орнату қажет емес.

«Кино көруден жалықпадың ба?», «Бір күн демалысыңда дүкен аралағанша ұйықтамайсың ба?», «Өзің шаршап келдің, жағымсыз жаңалық одан сайын жүйкеңді шаршатады. Көрмесейші» т.б. деп шектеу қоймаңыз. Бұл оны үйден бездіреді.

«Өз үйім – өлең төсегім» деп бекерге айтылмаған. Өз үйінде еркін жүруіне, қалауынша демалуына тыйым салмаңыз.



6-ереже

Әр мекеме қызметкерінің өз міндеті болатыны секілді, отбасында ер мен әйелдің де өз міндеті бар. Әркім міндетін дұрыс орындай білсе, ешқандай түсініспеушілік, айқай болмайды. Мінсіз отбасы ерлі-зайыптылардың әрқайсысының өз міндетін мінсіз орындауынан пайда болады.



7-ереже

Өзгелердің және балалардың алдында бір-бірінің беделін түсірмеу. Ол үшін олардың көзінше ұрыспаған жөн. Екеуіңізден басқа адам алдында тіліңізді тыйып, өзіңізді ұстаңыз да ұрысуды кейінге қалдырыңыз. Өйткені ұрыс кезінде бір-бірінің кемшілігі айтылмай қоймас.

Есте ұстаңыз, бөгделердің көзінше ұрысудан ешқандай пайда жоқ. Ерлі-зайыптының оңаша бөлмесі бар емес пе, сол бөлмеде ұрысыңыз, керісіңіз мейлі. Бірақ ешқашан балалардың және басқалардың алдында ұрысуға жол бермеңіз.



8-ереже

Кешіре білу. Қателеспейтін адам жоқ, бір-біріңізді кешіріп үйреніңіздер. Сондай-ақ бір нәрсені бүлдіріп қойсаңыз, жан жарыңызға айтқан жөн. Ол ескерту жасап ұрысқанда өз кінәңізді мойындау да арада түсіністік орнатады.

Жалпы, отбасында ұрыс-керіс екі адамның қатысуымен ғана тұтанады. Сондықтан да екеуі де дер кезінде өз айыбын, қатесін мойындай білсе, ұрыс оты тез өшеді.



9-ереже

Бір имам ағамыз «бір мемлекетте екі президент, бір көлікте екі рөл, екі жүргізуші болмайтыны секілді кішігірім мемлекет – отбасында да бір ғана басшы болуы тиіс. Әйтпегенде, үйдің берекесі қашады» дейді. Сол айтпақшы, отбасында қайсысы ақылдырақ, соны тыңдап әрекет еткен абзал.



10-ереже

Бір-бірін қорғай білу. Ағайын-туыс, көрші-қолаңның бірі балаңызды жамандаса оған қосыла кетпейсіз ғой. Балаңыз қателік жасаса да қорғап шыға келесіз. Дәл сол сияқты ерлі-зайыптылар бір-бірін жұрттың өсегінен, жаман сөзінен, реніштен, жамандықтан т.б. қорғауға міндетті.

Ешкімге ешқашан жарыңыздың кемшіліктерін айтып жамандамаңыз. Керісінше, жамандығын жасырып, жақсылығын арттыра түсіңіз!

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Ата-аналардың ең көп жасайтын қателігі

Баланың болашағын бүлдіретін 6 түрлі АНАның іс-әрекеті