СТУДЕНТ ҚЫЗДАРҒА әпкелерінен 8 КЕҢЕС

0
3 905

Мұны тыңдаған қыздар ешқашан өкінбейді


СТУДЕНТ ҚЫЗДАРҒА әпкелерінен 8 КЕҢЕС

фото: sun9-59.userapi.com

Бір аптадан соң жаңа оқу жылы басталады. Бұл университет табалдырығын алғаш аттайтын студенттер үшін қызықты сәт.

Иә, үлкендер адам өміріндегі ең қызықты естеліктері көп шақ – студенттік өмір дейді. Дегенмен қызықты шағын еске алғанда өкінетіндер де бар екен. Осы орайда біз студенттік өмірді бастан өткізген әпке-апаларға «Студенттік өміріңіз қайтып оралса, оны қалай өткізер едіңіз?» деген сұрақты қойып, сауалнама жүргіздік. Жауаптарды сараптап, ақыл-кеңес ретінде студент жастардың назарына ұсынғанды жөн санадық.



ӨЗГЕ ҮЙГЕ ҚОНБА!

Студенттік шақта туған күн, мектепте бірге отырған сыныптастармен бас қосу сияқты отырыс көп болады. Думанды кештен ерте қайт демеймін, бірақ өз төсегіңде (тұратын жалдамалы пәтер, жатақхана т.б.) оянғаның дұрыс. Бұл сені көп өкініштен сақтайды.


ӨСЕК-АЯҢҒА АРАЛАСПА!

Бұл жаман әдетті үйренбе. Өсек айтуға кеткен уақытыңды оқуға арна. Біреудің қадамын дұрыс-бұрыс демес бұрын өзіңе «Не шаруам бар? Одан маған не пайда?» деген сұрақты қой. Дұрысы, өз шаруаңмен айналыс.

Өсек айту сылдыр сөзге, еспе сөзуарлыққа, жағымсыз іс-әрекеттерге бастайды.

Бұл тұрғыда кемеңгер Абайдың «Өзінде ой жоқ, басында ми жоқ. Күлкішіл, кердең, наданның... Қайнайды қаның, ашиды миың, қылықтарын көргенде» дегенін есте ұста әрдайым.


УАҚЫТЫҢНЫҢ КӨП БӨЛІГІН ОҚУҒА АРНА!

Ата-анаң сенен үміт күтіп, жоғары оқуға түсірді. Төрт-бес жыл зымырап өте шығады. Әрине қатарыңнан қалмай қыдыр, күл. Бірақ ешқашан оқуыңды ұмытпа. Өйткені студенттің миссиясы – оқу.

Дипломың өмір бойы саған қызмет етеді. Сондықтан не жағдай болса да оқуыңды орта жолда тастап кетуші болма. Оқуын тастап кеткендердің бәрі де ертең өкінеді.


АҚЫЛ АЙТПА!

Сен әлі студентсің, сондықтан өзгелердің өміріне байланысты ақыл айтпа. Өйткені сен ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейсің. Ертең кінәлі боп қалмау үшін тек «Бұл менің өз ойым» деп қана пікір білдіруге болады.


ТОЛЫСЫП КЕТПЕ!

«Қыздың тамағы – қылдай» деп бекерге айтпаған. Лажы болса, кешке тоя тамақ жемей-ақ қой. Кешкі тамақтың түк пайдасы жоқ. Егер қарның ашып тұрса, ал үстелде алма мен нан тұрса, алманы таңда.

«Семіру оңай, арықтау қиын», сондықтан қосқан артық салмақпен дер кезінде күресіп отырған жөн.


ТЕМЕКІ МЕН ІШІМДІККЕ ЖОЛАМА!

Бұл зиянды әдеттерден бойыңды аулақ ұста. Дәмін көрмей-ақ қой. Бекерге одан құтыла алмай қаласың. «Әуелгі байлық – денсаулық» деген сөзді әрқашан жадыңда ұста. Ал темекі мен ішімдік денсаулығыңды іштен кеміріп, шірітеді. Бұл екеуі ешкімге опа әпермеген.


СПОРТПЕН АЙНАЛЫС!

Күніне жарты сағат уақытыңды дене жаттығуларына немесе жүгіруге арна. Бұл әдетің үшін кейін рахмет айтасың. Өйткені дене сымбатыңның, денсаулығыңның тегін дәрісі бұл.


ӨЗІҢДІ ҚИНАМА!

Жігіт үшін жылап, өзіңе қол жұмсаушы болма. Өзгенің соңынан жүгірме. Тіпті біреуге әдемі көріну үшін аяғыңды қинап біз өкшелі аяқ киім киюдің де қажеті жоқ. Өзіңе сенімді болсаң, қарапайым джинсы шалбар мен ақ жейде де жараса кетеді. Өзіңді бағалап үйрен.



Ал оқырман, бұл кеңесті сіз ары қарай қандай ақылмен жалғастырар едіңіз? Ата-анадан жырақта жүретін, өмірдің қызықты кезеңіне қадам басқан жасқа қандай кеңес бересіз?


Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Біреу туралы пікір айтуға АСЫҚПАҢЫЗ!


Өзгеруге қадам басқанда БҰЛ кедергілерден қорықпаңыз!