ТӘН мен ЖАННЫҢ дертінен 21-ақ күнде ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ

0
3 676

Жас та, кәрі де орындай алатын өте қарапайым жаттығу


ТӘН мен ЖАННЫҢ дертінен 21-ақ күнде ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ

Фото: cdn103.picsart.com

Түрлі ауру өршіп, қауіпті дерт туралы ақпарат ушығып тұрған қазіргі уақытта адамға медициналық емнен бөлек, психологиялық терапия да өте қажет. Жан мен тән саулығын бірдей ойлаған жөн.

Бұл орайда рухани ұстаздар мен арнайы мамандардың тәжірибесі арқылы түзілген медитациялық жаттығулар ұсынылады.

Сондай жаттығулардың бірі – «Мистикалық раушан» деп аталады. Авторы – үнділік рухани ұстаз Ошо. Оның есімі бүкіл әлемге белгілі. Иә, оны танымал еткен рухани білімі мен емдік терапиялары, даналығы. Олай болса, қаншама адамды сауықтырған терапиялық жаттығуын сіз де орындап көріңіз.



«МИСТИКАЛЫҚ РАУШАН»

Ошо бұл жаттығу туралы «Қарапайым медитация ауруларыңызды жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен бірге өміріңізге түгелдей әсер етеді. Өйткені сыртқы өміріміз ішкі әлемімізбен байланысты» деген.

Рухани ұстаз адамның өмірлік қуаты көбейгенде тәніндегі ауру да жазылады, қиындықтары да жеңілдейтінін айтады. Ал өмірлік қуатты арттыру үшін алдымен жан токсиндерден тазаруы керек. Ошоның «мистикалық раушан» терапиясы осы тұрғыда жұмыс істейді.

Медитация үш аптаға созылады. Демек, 21 күн! Әр күні үш сағат арнайсыз да тәніңіз бен жаныңызды түгел сауықтырасыз.



БІРІНШІ АПТА

Бұл аптада әр күні үш сағатты күлуге, күлкіге арнауыңыз қажет. Мүмкін балалармен бірге ойнап, түрлі ойын ұйымдастырарсыз.

Ең қызық комедиялар тізімін жасап, күнде бір фильм көрсеңіз де болады. Немесе КВН, Жайдарман, Алдараспанды ютубтан тауып, қайталап көріңіз. Бастысы, риясыз, дауыс шығарып еркін күлуіңіз керек.

ПАЙДАСЫ: Шынайы, бала сияқты күлу арқылы жүректің ашылуына, табиғи қалпыңызға кедергі келтіретін жағымсыз эмоцияларды босатасыз.

Бұндай эмоциялардың қордаланып жиналуына – көпшілік ортасында қысылғанда, әлдекімді кешіре алмағанда, өзгеге ұнау үшін өзіңізді қинап жымиғанда, жылайтын жерде көз жасын «ішке жұтып» қаттылық танытқанда, сонымен қатар айтылмай қалған сөздер де себеп.

Қысқаша айтқанда, көбірек күлу арқылы жүрегіңіздегі, жаныңыздағы жылдар бойы жиналған кірді, қатқан қақты жібітесіз.



ЕКІНШІ АПТА

Енді жібіп, босап тұрған кірді, лас пен қақты бойыңыздан жуып шығару керек. Ол үшін екінші аптада, келесі жеті күнде жылайсыз. Әрине, құдай жылаудан сақтасын, бірақ терапия үшін бұл маңызды.

Көзден еріксіз жас шығарудың амалдарын іздеңіз. Біреу үнді фильмдерін көрсе, тағы біреу марқұм әкесі мен анасының ескі фотоларын ақтарғанда жылайды. Ал сіз ше?

Драмалық кино көріп көзден жас шығаруға тырысыңыз. Немесе өткен шақта қалған (балалық шақ, жастық шақ т.б.) ренішті, қиын жағдайдың бірін еске түсіріп жылауға да болады.

Мүмкін ешкімге айта алмайтын жан жараңыз, сырыңыз, мұңыңыз бар болар, оңаша отырып соны өзіңізге айтып жылаңыз.

Ұзақ жылдан бері кешіре алмай жүрген жақын адамыңызға, досыңызға, құрбыңызға кешірім хат жазсаңыз да көзден жас шықпай қоймас.

ПАЙДАСЫ: Жан азабы, өкпе-реніш, қиналыс, кек тарайды, блоктар шешіледі. Ал бұл блоктар адамның өмір сүруіне, ләззатты толық сезінуіне кедергі болады. Қысқа-нұсқа айтқанда, көз жасы арқылы адамның жаны, көңілі тазарады.



ҮШІНШІ АПТА

Жаныңыз жағымсыз эмоциялар мен блоктардан босап, тазарған соң жеңілдікті сезінесіз. Жаныңыздың тыныштығын байқайсыз. Осы бір қалыпты сақтау үшін бір апта тыныштықты сақтаған абзал.

Бұл тұрғыда сізге үшінші аптадағы «Жоғарыдан бақылаушы» деп аталатын жаттығу көмектеседі.

Өзгенің емес, өз өміріңізді сырттай бақылайсыз. Бұл аптада ойыңыз басқа жаққа аумау үшін интернетті, тіпті телефонды сөндіріп тастаған дұрыс. Ешкіммен сөйлеспей, тауға, демалыс орнына кетіп қалуға да болады.

Оңашада отырып, жүрегіңіздің соғысына құлақ қойыңыз. Ауаны жұтып, оны өкпеден шығарғаныңызды бақылаңыз. Қол мен аяққа алғыс айтыңыз.

Жалпы, бұл аптада өз көңіл күйіңіз бен ағзаңызға, ішкі әлеміңізге назар аударып, бақылауыңыз керек.

ПАЙДАСЫ: Әр күннен ғана емес, әр сәттен ләззат алуды үйренесіз. Тыныс алудың өзі – үлкен бақыт екенін түсініп, шүкіріңіз көбейеді. Шүкіріңіз артқанда бұрын-соңды аңғармаған өмір құндылықтарын бағалап, айналаңызға басқаша көзқараспен қарай бастайсыз.



Бір сөзбен айтқанда, жүрегіңіздің раушан гүлі ашылады. Ал гүл толық ашылғанда оның жұпар иісі жан-жағына тарай бастайды. Осы кезде өміріңізде оң өзгерістер орын алып, ұзақ уақыт мазалаған дерт өздігінен жойылып, адам сенгісіз ғажайыптар орын алады. Сондықтан да бұл терапияны Ошо «мистикалық раушан» деп атаған.

Жүректен бүр жарған раушан гүлінің ғажап иісі қандай болатынын білгіңіз келсе, 21 күніңізді арнап, медитациялық жаттығуды ережеге сай орындаңыз.

Дайындаған: Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Өмірді 100 пайыз жақсартатын БІР қадам

СІЗге қай НӘРСЕге уақыт бөлу КЕРЕК? (тест)