ЖЫЛ аяқталғанша бұны істеп ҮЛГЕРІҢІЗ

0
5 191

2019 жылдың аяқталуына бес-ақ күн қалды. Орындауға асығыңыз! Нәтижесі таңқалдырады.


ЖЫЛ аяқталғанша бұны істеп ҮЛГЕРІҢІЗ

Экзотерика мамандары егер 2019 жылы қызметте немесе өмір жолында, махаббатта, отбасында кедергілер көп кездескен болса, биоөрісіңізді тазалаңыз деп кеңес береді. Психологтар да бұны құптайды.

Иә, 2020 жыл сәттілікпен, бақытпен, қуанышпен өріліп, ойлағаныңыздың бәрі оңды болуы үшін адам биоөрісін тазалау керек. Экзотерика мамандарының айтуынша, адам өміріндегі кедергілер ғана емес, дерттер де биоөріс каналдарының бітелуінен болады екен.



БИОӨРІС ДЕГЕН НЕ?

Адам жеті қабат денеден құралған.

1. Физикалық дене

2. Эфирлі дене

3. Астральды дене

4. Ментальды дене

5. Каузальды дене

6. Атмикалық дене

7. Буддхикалық дене

Осы жеті дене бір-бірімен тығыз байланысты болса, олардың негізгі энергетикалық орталығы – биоөріс деп аталады. Оның тазалығы денсаулыққа, тұлғалық дәрежеге, рухани байлыққа, жан-дүниенің жай күйіне, өмір сүру салты мен сапасына, ой мен сөздеріне, біліміне байланысты. Сондай-ақ керісінше, аталғанның бәрі де биоөрістің тазалығына байланысты.



БИОӨРІС КАНАЛДАРЫ НЕГЕ БІТЕЛЕДІ?

Бір күнде әр түрлі бірнеше адаммен қарым-қатынас жасаймыз: сөйлесеміз, ұрысамыз, қосыла әлдебіреуді жамандаймыз немесе мақтаймыз, ақпаратпен, эмоциямен алмасамыз, дүкенде сауда жасаймыз, бірге тамақтанамыз, базар аралаймыз, кезекте тұрамыз, төлем жасаймыз, сұрағына жауап береміз т.б. Осындай жағымды-жағымсыз қарым-қатынастың бәрі адамның биоөрісіне әсер етпей қоймайды.

Біреу туралы жаман ойласаңыз да, балағат сөздер мен ашулану да биоөрісті ластап кірлетеді екен. Ал кір каналдарды бітейді. Осының салдарынан жеті дененің бір-бірімен қуат алмасуы бұзылады.

Ағзадағы зат алмасу бұзылса тек ішек жұмысы ғана емес, бауырдың, өттің, жүректің де қызметі нашарлап, соның салдарынан ағзаның басқа мүшелерінде түрлі дерттер пайда бола бастайды. Биоөріс қуаты осы зат алмасуға ұқсайды. Ал зат алмасудың бұзылуынан туындаған дерттерді – өмірдегі сәтсіздіктерге, бақытсыздықтарға, қаржының жетіспеушілігіне т.б. ұқсатуға болады.

Ал енді бір жылда қанша адамды ренжіткеніңізді, қанша адаммен ұрысқаныңызды, неше рет ашуланғаныңызды, қандай паразит сөздердің аузыңыздан шыққанын, кімдерді сыртынан ғайбаттағаныңызды санап шығыңызшы... Ал енді айтыңызшы, биоөрісіңіз таза ма?

Тез шаршау, болмашыға ашулану, ешнәрсеге зауқыңыздың соқпауы, жиі ауырып қала беру, үнемі көңілсіздік, жол болмау – биоөріс каналдарының бітелгенін, яғни биоөрістің кірлегенін білдіреді. Биоөріс тазарса – өмірдің барлық саласындағы сәтсіздіктер реттеліп, өмір сүруге деген қызығушылық, құлшыныс пен қуат та артады. Сонымен, сөзді созбалақтамай биоөрісті қалай тазалау керектігімен танысайық.



ҚАЛАЙ, НЕМЕН ТАЗАЛАУ КЕРЕК?

Биоөріс адам көзіне көрінбейтін, ұстауға болмайтын қуат орталығы болғандықтан, оны щеткамен ысқылап та, сабындап шүберекпен жуа алмайсыз. Оны тазалаудың өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Бұл тазалау әдістерін көпжылдық зерттеу нәтижесінде арнайы мамандар құрастырған, ойлап тапқан. Ал сіз тек орындасаңыз болғаны.

Жалпы биоөрісті тазалаудың бірнеше тәсілі, техникасы бар. Соның ішінде ең кең тараған және барлық адамға қолжетімді түрлерін ұсынамыз. Өзіңізге қолайлысын таңдап алсаңыз болады.



ОТПЕН ТАЗАЛАУ

Экзотерика іліміндегі адамның биоөрісін отпен тазалаудың тарихы тереңде жатыр. Бұл әдісті ертеде көбіне славян халқы қолданған. Славяндықтарда көктем-жаз айларында және жаңа жыл мерекесінде орындалатын күнтізбелік «Костер», яғни от жағу рәсімі бар. Олар оттан секірген адам жыл бойы бәле-жаладан, кеселден аулақ болады деп сенген. «Басың ауырмасын», «Қол-аяғың сырқырамасын», «Он екі мүшең сау болсын» деп бір-біріне жанған оттың күлін жаққан.

Отты түнде жағып, жиналған жұрт алауды айнала ән айтып, оттан секіріп ойнаған. Бұл рәсімді «Қар қызы» деп аталатын орыс ертегісінен де көрген боларсыз. Қар қызы оттан секіремін деп еріп кетеді. Бұл оттың теріс қуаттарды ерітіп жоятынын меңзесе керек.

Церковьтар мен храмдарда балауыз шам жағу осы рәсімнің бір түрі. Ал, біздің ата-бабаларымыз әруақтарға арнап шырақ жаққан. Бұл рәсім бекерден-бекер туындамаған, дана халқымыз оттың биоөрісті тазалайтын қасиетін білген.

Әрине қалалық жерде тұратын болсаңыз, аулада, далада от жаға алмайсыз. Бірақ та оны балауызшаммен алмастыруға болады. Кәдімгі балауызшамды жағып, онымен бүкіл денеңізді айналдыра аластап шығыңыз.

Балауызшамды жағып, бөлменің электр жарығын сөндіріңіз. Жанып тұрған отқа жақындап, өзіңізге ыңғайлы қалыпта отырыңыз. Екі алақаныңызды отқа қарай созыңыз. Алақандар отқа қарап тұратын болсын. Баяу әрі тыныс алыңыз. Тыныс алған кезде оң алақаныңыз арқылы от қуаты қолыңыздың бойымен тарап, екі төс ортасына келгенін ойша елестетіңіз. Енді ауаны сыртқа шығарумен бірге, екі омырауыңыздың ортасына кеп тоқтаған от қуаты сол қолыңызға қарай жылжығанын елестетіңіз. Сол қолыңыздың бойымен жылжып, енді ол сол алақаныңыз арқылы шығып, жанып тұрған отқа кіріп ғайып болсын.

Егер бұл медитациялық әдісті орындау қиындық тудырса, онда балауызшамға алақандарыңызды, сосын табандарыңызды кезек-кезек 3-5 минут тоссаңыз да болады.

Сонымен қатар жанып тұрған отқа көздеріңізді жартылай жұмып 5-10 минут қараудың да пайдасы зор. Бұл әдіс те биоөрісті тазалайды.

Отпен тазалану барысында бүкіл ойды, денеңізді максимальды босатып, еркін әрі терең тыныс алып отыруды және «От менің физикалық және нәзік денелерімді, биоөрісімді тазалап жатыр. Физикалық, энергетикалық барлық блоктар жойылып жатыр» деген аффирмацияны үш рет қайталауды ұмытпаңыз.


ТҰЗБЕН ТАЗАЛАУ

Ертеректе тұз – бүкіл теріс қуатты өз бойына тартып алады деген түсінік болған. Десек те, тұзбен үйді, денені тазалауды бүгінде қолданатындар бар. Тіпті, мамандар жүйкені тыныштандыру үшін және шаршағанда емдік тұз ваннасын қабылдауды ұсынады. Бұндай емдік ванна теріге де, тәнге де, сонымен қатар жүйке жүйесіне де пайдасылы.

Жүйкеңіз шаршағанда, стресс алғанда, торыққанда, эмоцияларыңызды меңгере алмай жатқаныңызда дәрігер тыныштандыратын дәрі береді. Солай ғой. Емдік тұз ваннасын сондай тыныштандыратын дәріге теңеуге болады.

Рас тұз денені тыныштандырады, сонымен бірге теңіз тұзы немесе ас тұзы қосылған жылы ваннада 15-20 минут жату – адам биоөрісін тазалауға да көмектеседі.

Ваннаға тұз саларда «Тұз менің физикалық және нәзік денелерімді, биоөрісімді тазалап жатыр. Физикалық, энергетикалық барлық блоктар жойылып жатыр» деген аффирмацияны үш рет қайталаңыз. Ал, тұзды ваннаға кез келген эфир майының бірер тамшысын қоссаңыз, нәтиже арта түседі. Өйткені, биоөрісті маймен тазалау әдісі де бар. Оны ароматерапия деп атайды.



МАЙМЕН ТАЗАЛАУ

Биоөрісті тазалауда апельсин, лаванда, мелисса, арша, розмарин, лимон, тимьян майларын қолданады. Майды суға тамызып онымен шомылуға, бетті жууға болады. Немесе майды денеге жағып сылаңыз. Я болмаса благовония жағып қойыңыз.

Благовония тек биоөрісті ғана емес, үйіңізді, айналаңыздағы кеңістікті де тазалайды. Сондықтан да оны медитация, йога жаттығуларын жасау кезінде жағады.



ДҰҒАМЕН ТАЗАЛАУ

Бұл тәсіл де барлық халықта бар рәсім. Мұсылман халқы ауырған адамға Құран сүрелерімен дем салса (негізі әр адам өзі оқыса нәтиже артады), буддистер мантра айтады, ал христиандар «Отче» оқиды. Бұл екеуі де дұға және белгілі бір мақаммен айтылады.

Дұға оқу арқылы адам биоөрісі ғана емес, киімі, қолданатын заттары, ас-ауқаты бәрі-бәрі тазарады. Егер, Құран сүрелерін оқу қиындық тудырса, аудиожазбасын тыңдаңыз.



ТҮТІНМЕН ТАЗАЛАУ

Шырша қысы-жазы жасыл түсін өзгертпейтіндіктен ертеде халық оны қасиетті өсімдік деп санаған. Шырша тұрған жердің қуаты күшті болады деп, жаңа жыл мерекесінде оған тілек айтып ойыншық ілген. Шыршаның, аршаның қылқанжапырақты бұтақтарын кептіріп өртеп үйді, ауру адамды аластаған. Бұл адыраспанды түтетуге ұқсайды.

Медицина мамандарының шыршаны фармацевт ағаш деп атауы да бекерге емес шығар. Оны өртегенде емдік, ауаны тазалайтын заттар бөлетін көрінеді. Олай болса, шыршаны (немесе аршаны) түтетіп, сағат тілінің бағыты бойынша басыңыздан бастап, аяқтарыңыздың ұшына дейін айналдыра аластаңыз. Оның орнына адыраспанды пайдалансаңыз да болады.


Осы әдістер көмегімен жыл аяқталғанша биоөрісіңізді тазартсаңыз, 2020 жыл сәтті басталады дейді экзотериктер. Егер, жыл соңына дейін үлгермей қалсаңыз уайымдамаңыз, биоөрісті кез кез келген айда орындауға болады.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Арман ҚАЙТКЕНДЕ орындалады?


Сіз қарым-қатынаста ҚАНДАЙСЫЗ? (1 минуттық психологиялық тест)