Еңбектен қашқан құмырсқа – ертегі. Айым Алтайқызы

0
851

Басқа жәндіктер гүлге қонып, бау-бақшаны аралап ұшып, сауық-сайран салып жатқанда құмырсқалардың тіршілігінде еш қызық жоқтай көренетін.


Еңбектен қашқан құмырсқа – ертегі. Айым Алтайқызы

Ерте, ерте, ертеде құмырсқалар патшалығыда бір кішкентай құмырсқа өмір сүріпті. Ол да өзінің ұяластары секілді таң атқаннан, кеш батқанға дейін тыным таппай еңбек ететін. Бірақ күндердің бір күнінде құмырсқаны осы тіршілігі жалықтыра бастайды. Күнделікті бір нәрсені қайталай беруден әюден ығыры шықты. Құмырсқалар күні бойы илеуді тереңірек қазып, ішіне азық тасумен айналысады. Басқа жәндіктер гүлге қонып, бау-бақшаны аралап ұшып, сауық-сайран салып жатқанда құмырсқалардың тіршілігінде еш қызық жоқтай көренетін.


Құмырсқа ойлады:


“Осы біздің тірлігіміз тым сұрқай, ісіміз өнімсіз емес пе? Өмірге келгелі әйтеуір тыраштанып келеміз. Адамдар болса әне, біз туғалы көкпен таластырып қаншама биік үйлер салды. Ал біз қара жерді тырмалаймыз да жатамыз, тырмалаймыз да жатамыз… Биікке ұмтылудың орнына, жердің астына бұға беретініміз қалай? Мен сірә мұндай сұрықсыз тіршілік үшін жаралмасам керек…“


Құмырсқаның осы ойы өзіне ұнап, бір түнде заттарын жинап илеуінен көшіп кетеді. Бір құмырсқа кетті екен деп алып патшалықтың жұмысы тоқтаған жоқ. Таңнан бастап қызу жұмыс қайта жалғасын тапты. Ал, құмырсқа болса кетуін кетсе де абдырап қайда барарын білмей біраз сенделді.Көп жүріп ағаш діңіндегі аралар патшалығына ат басын тіреді. Сөйтсе, гүлге қонды деген аты болмаса аралардың өмірі бұлардан да ауыр екен. Ешкімнің дем алуға, бір-бірімен сөйлесуге уақыты жоқ. Дегенмен, аралардың ұялары әлдеқайда үлкен әрі әсем екен. Еңбектің қиынынан қашып келген құмырсқа бұл патшалықта тұрақтағысы келмеді. Бұдан соң, өмірлері көңілді шығар деген оймен құмырсқа көбелектер қалашығына келді. Расында да көбелектеркөп еңбектенбейді екен. Дайын жемістің шырынын ішіп, күндіз билеп, кешке ән айтып, түнде ұйқыларын қандыратын көбелектердің өмірі құмырсқаға ұнап қалды. Бір күні құмырсқа бір көбелектен сұрады:


- Айналайын, қанатты досым, маған айтшы. Осы сендердің өмірлерің өте қызық. Отбасы құрмайсыңдар, оны асырамайсыңдар, біздің патшалықтағыдай үлкейіп, әлсіреп қалған ата-әжелеріңнің жағдайын жасамайсыңдар. Үй де салмайсыңдар. Қай гүл әдемі, сол гүлдің жапырағын жастанып жата бересіңдер. Тіпті, артығымен азық алып қойып жатқандарыңды көрмедім. Сонда, күн суығанда қайда тұрып, немен қоректенесіңдер?


Бірақ, құмырсқаның сұрағына ешкім жауап бере алған жоқ. Себебі, көбелектер алғашқы салқын білінгенде-ақ бүрісіп, тіршілігін тоқтататын еді. Әзірге біреуі де өздерін не күтіп тұрғанын білмейтін. Құмырсқаға осындай қамсыз өмір қанша ұнаса да қанатты жәндіктердің арасында ұзақ тұрақтап қала аламады. Жаңбыр жауғанда қай жерді пана қыларын ойламайтын көбелектердің бір күндік сауығының да қызығы тез басылды. Осылайша құмырсқа, әрі қарай жолға шықты. Құмырсқа енді өзіне жұмбақ болып келген адамдардың өмірін көрмекке бет алды. Бақшадан шығып ұзақ-ұзақ жол жүріп, алғаш төбесі көрінгенүйге кіре салуды ұйғарды. Есік-тесікті жағалап үйге кірсе отбасы мүшелері кешкі ас ішіп отыр екен. Құмырсқа ас үй еденінің астынан ыңғайлы жер тауып, сол жерде түнеп шықты.


Ұйқысынан тұрса үйдегі адамдардың біреуі де жоқ екен. Құмырсқа ас үйде ашық қалған тамақтардан тойғанынша жеп қайта ұйықтауға кетті. Күн сайын адамдардан қалған тамақтарды бөлмесіне тасып алып, қорек ету оның әдетіне айналды. Көп күн өткеннен кейін құмырсқа бір өзінің тым көп тамақ жеп жүргенін, егер патшалықты осында көшіріп алып келсе құмырсқалар ауыр еңбектен құтылып дайын асқа қарық болатынын ойлады. Осы оймен ол қайта илеуіне барып барлық құмырсқаларды керемет шаһарға ертіп баратынын айтып, қоныс аударуға шақырды. Қалыпты тіршілікке еттері үйреніп кеткен құмырсқалар бірден келісім бере қойған жоқ. Бірақ құмырсқа барлық жерлестерін жарқын болашаққа сендіріп көшуге көндірді. Осылайша бір түннің ішінде құмырсқалар илеуін тастап, адамдардың үйіне көшіп келді. Күн көзі көп түспейтін, кең әрі жарық мекенге көшіп келгеніне әсіресе балалар қуанышты еді. Үлкендер болса, бастапқыда жан-жағына жатырқай қарап өздерін жайлы сезіне алмады. Бірақ, дайын ас пен тыныш өмір кімге ұнамасын?! Көп ұзамай құмырсқалар әулеті бұл жерге де бой үретіп алды. Енді бұлар ұйқыдан қалаған кездерінде тұрады, зиянкестер аулап әуре болмайды, тіпті, илеу қазудың да қажеті жоқ. Істейтін іс, ұмтылатын мақсат та жоқ.


Құмырсқалар үй иелерінің жерге түсірген қиқымымен қоректеніп жүретін. Бірақ, балалар дастархан үстіндегі әлдеқайда дәмдірек тамақтарды жегісі келетін. Бірақ, патшалықтың ақсақалдары «біреудің адал асына қол сұғушы болмаңдар!» деп оларды тыйып отыратын. Жайлы өмір, жақсы күндерге үйреніп алған балар бір күні дастарханға шығып алып тәтті тоқаш, нан мен бәліш атаулының бәрінің дәмін көреді. Сол күннен бастап олар дастархан, қала берді сөреде тұрған тамақтарды жеп кететінді шығарды.


Ал, үлкен құмырсқалардың хәлі тіпті мүшкіл еді. Олар ештеңемен айналыспаған соң әлсіреп, табиғат аясын сағынып, кейбіреуіқұсадан сырқаттанып та қалып жатты. Жұмысшы құмырсқалар қажыр-қайратын қайда жұмсарын білмей бір-бірімен төбелесетінді шығарды. Бұрын илеу салып, азық тасып жүргенде ата-аналар өсіп келе жатқан бала құмырсқаларға жол көрсетіп, еңбекке баулитын. Ортақ іс болмаған соң отбасы мүшелері бір-бірімен сөйлесуден қалды. Осылайша бұрынғы дүркіреп тұрған «Құмырсқалар патшалығы» бір сәтте бар береке-бірлігінен, абырой-беделінен айырылды. Бірақ, бұл да ең жаман жаңалық емес. Бір күні үй иелері дастархан бетін жайлаған құмырсқаларды көріп қояды. Адамдардың келгенін көріп үлгерген бала құмырсқалар еденнің қуысына қашып үлгерді. Болған жайтты үлкендерге баяндап жатқаны сол еді еден қуысынан ащы сұйықтық төгіліп бұлардың қонысын басып қалды. Адамдар құмырсқалар мекенін улап жатыр екен. Патшалықты осында көшіріп әкелгені үшін құмырсқа алғаш рет өкінді. Осындай қиын кезде жауапты шешімді тез қабылдамаса бәріне қауіп төніп тұрғанын сезген ол:


- Уа, құмырсқа патшалығының тұрғындары. Адамдар бізге у шашып жатыр. Тезірек елімізге қайтпасақ аман қалуымыз екіталай.


Бұл кезде улы сұйықтыққа тұншыққан қарттар мен балалардың жағдайы нашарлап, өз беттерімен жүруге жарамайтын хәлде еді. Осы кезде құмырсқа өзін дереу қолға алып былай деді:


- Жұмысшы құмырсқалар. Мен сендердің өздеріңнен екі-үш есе ауыр жүкті қалай таситындарыңды көргем. Осы жерде әлсіреп қалған құмырсқаларды арқалап, бұрынғы илеуімізге қайтайық.


Ешкімнің ойлануға да, қарсыласуға да шамасы келген жоқ. Бәрі бала-шағасы мен үлкендерін арқалап жолға шықты. Бір кештің ішінде олар адамдар мекенінен алыстап, өз илеулеріне қалжырап жетті. Табиғат аясына келгенде әлсіреген балалар да, үлкендер де естерін жиды.


Кішкентай құмырсқа болған оқиға үшін барлық патшалық тұрғындарынан кешірім сұрады да, жұмысшыларғақұм басып қалған илеуді тазалауды тапсырды. Бірнеше күннен кейін бұлар қалыпты өмірлеріне қайта оралды.


Ең қызығы, құмырсқаның қателігін ешкім есіне де алған жоқ. Қайта оның, бұрынғыдан өзгеріп, көбірек еңбектенітінін көрген тұрғындар кішкентай құмырсқаны патша етіп сайлады. Құмырсқа патша болғалы бері бұл жерде көп нәрсе өзгерді. Ол бұрын аралар ұясын сондай әдемі етіп салатынын көргені естеріңде ме?! Енді құмырсқалар да аралар сияқты илеулерін ерекше өрнектеп, зерлеп салатын болды. Бұрын кішкентай құмырсқа көбелектердің көңілді тұрмысына да қызыққан еді. Қазір, құмырсқалар патшалығында аптасына бір мәрте ән-би кешін ұйымдастырылып жүр.


Адамдар үйіндегі жайлы өмірге қызығып, патшалықты көшіргені кішкентай құмырсқаға үлкен сабақ болғаны анық. Еңбекпен келетін нанның ғана тәтті, жан жағыңа пайда тигізсең ғана тіршіліктің мәнді болатынын сендер біліп жүріңдер, балалар!


Махаева Айым Алтайқызы. 2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты.