Ауасы мен бағасы шілдедегі саяхатқа сай келетін 5 ел

0
2 233

Шілде — жылдың ең ыстық айы. Бұл айда қайда демалуға болады? Назарыңызға елдерді климаттық-маусымдық ерекшеліктеріне және тур бағасына сай екшеген топтаманы ұсынамыз.


Ауасы мен бағасы шілдедегі саяхатқа сай келетін 5 ел

фото: www.rockandco.co.uk

Шілде — жылдың ең ыстық айы. Географиялық орналасу жағдайы Қазақстанмен ұқсас көптеген елдерде солай. Сондықтан, шетелдегі демалысыңыз осы айға түссе, ондағы ауа райын ескеруді естен шығармаңыз. Ойланарлық тағы бір нәрсе — туристік маусымға түсіп қалу мәселесі. Өзіңіз секілді туристерден аяқ алып жүргісіз елде тыныштықта тынығу қиындау болары сөзсіз. Әр мезгілде мың құбылып тұратын тур бағасы да біз үшін маңызды. Сіз үшін де солай ма? Ендеше, елдерді климаттық-маусымдық ерекшеліктеріне сай екшеген топтаманы ұсынамыз. Біздің назардан баға да тыс қалған жоқ.

Түркия

Шілдеде туристердің ең жоғары қызығушылығына ие болатын ел. Оған себеп те жоқ емес. Бұл кезде Түркия бағасы ең төменгі деңгейді маңайлайды. Мұнда курортты аймақтар мен «бәрі қосылған» қонақүйлердің көптігі таңдау мүмкіндігін кеңейте түседі. Жылдың бұл мезгілінде ең дұрыс таңдау — Эгей және Жерорта теңіздері аралығында орналасқан Мармарис қаласы болар еді. Туризмі дамыған елде баламен демалуға да бар жағдай жасалған.

  • Ауа температурасы: 21-340С
  • Су температурасы: 25-290С
  • 1 апталық тур бағалары: шамамен 160 000-350 000 теңге аралығында.

Қырым

Шілде айында ауа райының жайлылығы жөнінен алдыңғы орынға шығатын аймақтардың бірі. Оған тур бағасының төмендігін қосыңыз. Қонақүйлер санының аздығы мен турист толы жағажай, қызмет сапасының төмендігі сынды кемшіліктерін көзге ілмеуге осы екі фактор жеткілікті.

  • Ауа температурасы: 26-300С
  • Су температурасы: 23-250С
  • Баға көрсеткіші: шамамен 15 000-100 000 теңге аралығы.

Испания

Коста Брава, Коста Дорадо және Тенерифе — аталған елдегі алдыңғы қатарлы курорттар. Әдетте, қызықты экскурсия мен жайлы демалысты біріктіргісі келетіндер және отбасылық демалысты таңдайтындарға кеңес етіледі. Климаты жұмсақ елде аптап ыстықты еш сезінбейсіз.

  • Ауа температурасы: 25-290С
  • Су температурасы: 21-230С
  • 1 апталық тур бағалары: шамамен 250 000-470 000 аралығы.

Сейшель аралдары

Жазғы жағажайлық демалысқа ең қолайлы аймақтардың бірі. Шілде айында мұнда шіліңгір ыстық та, маусымдық жауын да мазаңызды алмайды. Архипелагтың ең сұранысқа ие бөлігі — Маэ аралы.

  • Ауа температурасы: 23-280С
  • Су температурасы: 240С
  • 1 апталық тур бағалары: 450 000-нан басталып, 1 000 000 теңгеден асып жатады.

Грекия

У-шулы орта мен белсенді демалыстан бас тартып, тыныштықта тыныққанды қалайтындар үшін мамыражай, жанға жайлы демалыс сыйлайды.

  • Ауа температурасы: 22-270С
  • Су температурасы: 250С
  • 1 апталық тур бағасы: 250 000 теңгеден басталып, 1 000 000 теңгеден жоғарыға дейін барады.


Егер сізді жылы теңіз суы, құмды жағалау, салтанатты қонақүй ғана емес, ауқымды мәдени шаралар да қызықтырса, әлемдік фестивальдерді де есепке алыңыз. Шілде айында мәдени фестивальдермен ерекше есте қалатын елдер:

  • Испания, Мадрид. Мұнда 12-14 шілде аралығында ірі еуропалық музыка фестивалі — Mad Cool өтеді. Сахнасында әлемдік жұлдыздар өнер көрсететін музыка мерекесіне бір күндік билет бағасы — 34 000 теңгеден жоғары.
  • Франция, Париж. Француздар 14 шілдеде Бастилияның алынған күні мерекесін тойлайды. Ауқымды түрде аталып өтілетін атаулы күннің есігі туристерге де ашық әрі көптеген қызықтарға кенелтетінінде дау жоқ.
  • Хорватия, Сплит. Музыкаға әуестігі бар жандар үшін тағы бір айтулы мереке — Ultra Europe фестивалі дәл осы елде, дәл осы айда өтеді. Нақтырақ айтсақ, 6-8 шілде аралығында. Үш күнге созылатын музыка мерекесінде әуен ырғағына армансыз тербелгіңіз келсе, билет үшін 70 000 теңге төлесеңіз болғаны.

Ескерту! Нақты тур бағасын мезгіл, мекен, күн саны мен көрсетілетін қызметтерге сәйкес туристік фирма ғана айта алады.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ