Бұрын ҚОҚЫС ТАСТАҒАН жер бүгін ТАҢҒАЖАЙЫП демалыс орнына айналған

0
4 599

Әлемдегі таңғажайып жағажайлар.


Бұрын ҚОҚЫС ТАСТАҒАН жер бүгін ТАҢҒАЖАЙЫП демалыс орнына айналған

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жуырда жазғы демалысқа шығатын адамдардың қайсысы жағажайда демалғысы келмейді деп ойлайсыз. Әлбетте, теңіз жағасында күнге қыздырынып, суға түсуге барлығы дерлі к құмар-ақ. Сонымен қатар, жағажайға барғанда да ерекше көрініспен көмкерілгеніне барған дұрыс шығар. Түрлі-түсті құм, жарқыраған кристалдар мен ерекше пішінді жартастар — бұл кереметтің барлығын біз айтқалы отырған таңғажайып жағажайлардан тамашалауға болады.


Боулинг Болл жағажайы, Калифорния

Түрлі түске боялатын құм немесе биіктей көтерілетін толқындармен салыстырғанда, ерекше тастары бар Калифорнияның осы жағажайы туристердің қызығушылығына көбірек ілінеді. Өйткені, бұл жағажайға барып, құм үстінен үлкен боулинг шарлары сияқты ерекше тастарды көрген бірде-бір адам бей-жай қала алмайды. Мұндағы ең тамаша көрініс толқын соққан кезде пайда болады: бұл кезде симметриялы орналасқан тастар дәл сол жерге әдейі орналастырылғандай әсер қалдырады. Бірақ олай емес. Ол тастар сұйық тау жынысынан пайда болып, осы күнге дейін толқынның соққысына төтеп беріп келеді.


Харбор-айленд, Багам аралдары

Сіз өміріңізде өзгеше түсті, құлпынай дәмінен жасалған тәтті балмұздақ секілді құмда жүргеніңізді елестетіп көрдіңіз бе? Тек елестетіп жүре бермей, ондай тамашаны көзбен көруге де болады. Ол үшін Багам аралдарына бару қажет. Ақ құммен араласқан ұсақ корралдардың әсерінен пайда болатын қызғылт құмды жағажай Харбор аралының шығыс жағалауында созылып жатыр. Ал маңайында Pink Sands Resort атты қонақүй бар. Көзді жаулайтын қызғылт құмды соның балконында отырып та тамашалауға болады.


Шынылы жағажай, Калифорния

Бұл жағажай табиғаттың қоқысты да қазынаға айналдыра алатындығының керемет айғағы. Ол бұрын жартастармен қоршалған елеусіз орын болған. 1960 жылдардың аяғына дейін адамдар сол жартастардан қоқыс, соның ішінде ескі автомобильдер мен тұрмыстық техникаларды суға лақтыратын болған. Бірақ, жергілікті билік бұл бассыздықты тоқтатуға шешім қабылдап, бірнеше жылдар бойы бұл жерді тазарту жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде, қоқыс ретінде тасталған шыны бөлшектері мөлдір тасқа айналып, қазір жағажай тап бір зергерлік дүкенге ұқсап қалған. Бұрындары бұл жағажайдағы әдемі шыныларды адамдар өздерімен бірге әкететін болса, қазір оған тыйым салынған. Өйткені жағажай сол тастарымен ерекшеленіп тұр.


Ханзада Вильгельм Бұғазы, Аляска

Аляска шығанағының солтүстік нүктесіне жақын орналасқан бұл жағажай шынымен де өзге әлемге ұқсайды. Теңіздегі мұзды толқындар, таза ауа, кристалды судан көрінетін тау шыңдары, көк мұзбен қоршалған құм – барлығы ерекше әсер қалдырады. Сонымен қатар, бұл жағажайдан аймақтың жабайы жануарларын көре аласыз. Оның ішінде итбалықтар, теңіз итбалықтары, киттер, бүркіттер мен аюлар және т.б. көптеген аңдар бар. Ханзада Вильгельм бұғазы байдаркаға құмар туристер үшін де өте ерекше әсер қалдырады. Иа, судың бетінде мұздар бар кезде қайдағы байдарка деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, байдарканың орнын мұздар алмастыратынын естен шығармаңыз.


Папаколея, Гавайи

Жағажайлар туралы айтатын кезде есімізге бірден Гавайидағы жанартау аралдары түседі. Себебі, ол жерден көмір секілді қара, қан секілді қызыл және жасыл түсті құмды көруге болады. Құм түсінің олай өзгеруіне 10 000 жыл бұрынғы жанартаудың жарылуы нәтижесінде пайда болған кристалдар әсер етеді. Бұл кристалдардың салмағяы басқа да жанартаулық жыныстарға қарағанда ауыр болғандықтан, жағаны толқын шайған кезде де қимылсыз жата береді. Дегенмен, зерттеушілер бұл кристалдардың түсі су әсерінен өзгеріп, сұрланатынын айтады. Бірақ, жақын арада емес.

Міне, жер шарында осындай ереше орындар бар. Адам дүниеге бір рет келетіндіктен, мүмкіндік болса осындай жерлерді көргенге не жетсін!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Саяхат ЖАҢА қырларымызды ашып, ойдағыдай ӨМІР СҮРУГЕ көмектеседі! Қалай?


ЖАҺАНДЫҚ ТУРИЗМНІҢ дамуына Дүниежүзілік соғыстың ықпалы МОЛ болған