​Қайрат Нұртас қайда демалып жатыр?

0
2 915

Желіде Қайрат пен жары Жұлдыздың демалысынан жолданған суреттер саны артуда. Артқы фондағы керемет табиғат көрінісі сүйкімді жұптың сәнін одан әрі кіргізіп, көрген жанды еріксіз өзіне тартады. Бұл — әншінің өз парақшасында жариялағанындай, Мальдив аралдары. Елдің сүйікті өнерпазы демалып жатқан өлке жайлы толығырақ білгіңіз келе ме?


​Қайрат Нұртас қайда демалып жатыр?

фото: adrianerdedi.com

Желіде Қайрат пен жары Жұлдыздың демалысынан жолданған суреттер саны артуда. Артқы фондағы керемет табиғат көрінісі сүйкімді жұптың сәнін одан әрі кіргізіп, көрген жанды еріксіз өзіне тартады. Бұл — әншінің өз парақшасында жариялағанындай, Мальдив аралдары. Елдің сүйікті өнерпазы демалып жатқан өлке жайлы толығырақ білгіңіз келе ме?


Мальдив Республикасы — Үнді мұхитындағы маржан аралдары тобынан құралады.

Астанасы — Мале қаласы (архипелагтың орталығында орналасқан).

Климаты — тропиктік. Экваторға жақын орналасқандықтан, мұнда ауа райы тым құбылмалы емес. Дегенмен, маусымдық жауын-шашын байқалады. Ауа райы ең жайлы болатын кез — қараша-сәуір айлары. Мамыр айында өткінші жауын маусымы басталып, ол қазан айының соңына дейін жалғасады.

Валютасы — руфия. Дегенмен, мұнда АҚШ долларымен немесе кредиттік картамен төлем жасауға тоықтай мүмкіндік бар. Сондықтан, валюта айырбастау міндетті емес.

Мальдив аралдары жердегі жұмақтардың бірі екенін адамзат әлдеқашан мойындаған. Мұндағы мыңдаған аралдардың 70-тен астамы туристік курорт ретінде жасақталған. Әсіресе, қол ұстасқан жұптар үшін бақытты толық сезінуге таптырмас мекен. Теңіздің жылы, жайлы да мөлдір суы, жағалаудағы ақ шағыл құм — бәрі-бәрі ғашықтардың ішкі сезімімен астасып, үйлесім тауып жатады. Әлем үздіктері қатарынан орын алатын қонақүйлер жарасым тапқан жұбайлармен қоса, дайвинг, серфинг сынды су спортымен шұғылданушыларды да құшақ жая қарсы алады.

Ел астанасы Мале қаласынан саяхатшылар ислам орталығын, көне мешіттерді, ұлттық мұражай мен президент сарайын аралап тамашалай алады. Мұндағы жасанды жағажай, кәдесый дүкендері мен базарлар да туристер назарынан тыс қалмайды.

Ал, өзіңіз тоқтаған бір ғана аралмен шектелмей, бірнеше аралға экскурсия жасаймын десеңіз, бұл үшін арнайы қызмет түрі қарастырылған. Бір күнге жоспарланған саяхатта балықшылар елдімекенімен, өзге де туристік арал-курорттармен, тіпті, елсіз аралдармен де таныстырып, жағалауда түскі ас ұсынады.

Балық аулауды ұнататындар үшін арнайы су көлігі қызметкерлерімен қоса ұсынылады. Ал, кешкісін өзіңіз аулаған теңіз өнімінен кешкі ас әзірлеп береді.

Су тереңіне сүңгіп, балықтармен бірге жүзуді жаныңыз қаласа, бұл үшін Мальдив аралдарынан артық жер таппайсыз. Әлемнің әр түкпірінен дайвинг әуесқойларының ағылып келіп жатуы осының дәлелі. Архипелагтың суасты бөлігінен сан мыңдап табылатын маржанды үңгірлер — мүлде өзге әлем. Оны тек көзбен көру керек. Осыны ескерген әрбір қонақүй дайвинг орталығын ашқан. Онда тіпті жаңадан қызығушылық тудырушыларға да дайвингтің қыр-сырын үйретіп, су астына саяхаттауына жағдай жасайды.

Су тереңіне сүңгуге жүрексінесіз, бірақ, ол әлемді өз көзіңізбен көргіңіз келеді ме? Ендеше, сіз үшін шынытүпті қайық бар. Мұндай қайықпен серуендеу балалар мен түрлі себептермен суға түсе алмайтын ересектер үшін аса ыңғайлы.

Мальдив аралдарына саяхаттау үшін қазақстан азаматтарына алдын ала виза жасатудың қажеті жоқ. Тек, ұшақтан түскенде қалтаңызда мына құжаттар болса болғаны:

  • кем дегенде 3 ай мерзімге жарамды шетелдік төлқұжат;
  • ұшу уақыты көрсетілген қайту билеті;
  • туристік қызмет көрсетуге берілген кепілхат;
  • валюта (елде болатын әр күн үшін 100-150 доллардан есептеледі).

Алайда, бұл 30 күнге ғана жарамды. Егер, Мальдив аралдарында одан ұзақ уақыт тұрақтар болсаңыз, елшілікке барып виза жасатуға тура келеді.

Мальдивте қоғамдық көлік мүлдем жоқ. Сондықтан, тек таксимен жүруге тура келеді. Кейбір тәжірибелі туристер мотоцикл жалға алады. Ал, аралдар арасында «дони» деп аталатын ағаш қайықпен қатынау мүмкіндігі бар.

Алдын ала медициналық сақтандыру құжаттарын реттегеніңіз жөн. Олай болмаған жағдайда, жарақат ала қалсаңыз, ем-дом өте қымбатқа түседі. Аралдарда дәріханалар мүлдем жоқ деуге болады. Сондықтан, өзіңізбен кішігірім дәрі-дәрмек қобдишасын ала жүргеніңіз дұрыс.

Мальдив аралдарында теңіз тасы, суасты маржаны, ұлу бақалшығы, тіпті акуланың тісіне дейін кәдесый ретінде сатылады. Алар болсаңыз, тауар чегін елден шыққанша сақтаңыз.

Дайындаған - А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ