ХХ ғасырда әлем картасынан ЖОЙЫЛЫП КЕТКЕН ЕЛДЕР

0
1 871

Олардың арасында ешкім білмейтіні де бар.


ХХ ғасырда әлем картасынан ЖОЙЫЛЫП КЕТКЕН ЕЛДЕР

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ХХ ғасырда адамзат екі дүниежүзілік соғысты бастан өткерді. Ғарышқа жол ашып, атом энергиясын бағындырды. Ағзаларды трансплантациялауды үйреніп, ДНҚ құрылымдарын ашты. Осындай айтулы оқиғалар мен жаңалықтардың тізімін жалғастыра беруге болады. Бірақ біз бүгінгі мақалада саяси тарихқа жүгініп, ХХ ғасырда әлемнің саяси картасынан жоғалып кеткен елдер жайлы сөз қозғаймыз. Бір қызығы – өткен ғасырда көптеген елдер пайда болса, кейбір мемлекеттердің «өмірі» тоқтап жатты.


1. Бейтарап Мореснет

Егер, ХІХ ғасырда еуропа елдерінің шекараларына Наполеон соғысы мен 1815 жылғы Вена конгресі әсер етсе, ХХ ғасырда Еуропа картасының өзгеруіне екі дүниежүзілік соғыстың ықпалы мол болды. Наполеон империясының күйреуінен кейін Голландия мен Пруссия шекарасындағы 3,5 км2 аумақ ешкімге қарамайтындықтан, мұнда бейтарап Мореснет мемлекеті өмір сүрді. Ондағы тұрғындардың азаматтығы болмағанымен, мемлекеттің барлық атрибуттары болған. Яғни үкіметі, елтаңбасы мен туы. Дегенмен, әлемдік көшбасшылар Еуропаның шекараларын қайта қараған кезде, дәлірек айтсақ, 1920 жылы Мореснет деген ел жойылып, Бельгия корольдігінің құрамына кіріп кетті.


2. ГДР және ГФР

Тарих бойынша, Гитлер бастаған Германия және оның одақтастарының басқа елдермен күресі бірте-бірте дүниежүзілік соғысқа айналған. ГДР мен ГФР-дің құрылуы осы соғыстың жемісі десек болады. Себебі, Гитлерге қарсы коалиция басып алған Германия төрт бөлікке бөлінген. Дегенмен, 1990 жылдың қазан айында екі Германия бір мемлекет ретінде ресми бірігіп, 4 күн өткен соң, бұқара неміс халқының бөлінуінің символы ретінде әрекет ететін Берлин қабырғасын бұзды.


3. Австрия-Венгрия империясы

Еуропаның көптеген халықтарын біріктірген бұл империя 1867 жылы құрылған. Ал, бірінші дүниежүзілік соғыстағы жеңілістен кейін, бірде-бір ел Австрия-Венгрия империясынан артық шығынға ұшыраған жоқ. Тиісінше, қанды соғыста жеңіске жеткен Антанта елдері бұрынғы күшті жауды мүмкіндігінше әлсіретуге тырысқан. Сөйтіп, Австрия жерінің бір бөлігі көрші мемлекеттерге кетәп, Италия ауқымды аумаққа ие болды. Венгрия тәуелсіз мемлекетке айналып, Шығыс Еуропаның саяси картасында жаңа мемлекеттер пайда болды.

Империяның ыдырауына негізгі себеп – мемлекеттік білім берудегі этникалық қайшылықтар. Бұл империяда бірыңғай қарым-қатынас тілі де болмаған. Сондықтан Австриялық монархтардың қол астындағы халықтар бостандыққа ұмтылып, ақыры империяны тарихтан жойып жіберді.


4. Осман империясы

Тарихтан жойылған келесі империя – кезінде ең қуатты державалардың бірі болған Осман империясы. Бұл империя қуатты армия құра отырып, көптеген елдерді жаулап алған. Әлем картасында 1299 жылы пайда болған бұл мемлекет 6 ғасырдан астам уақыт өмір сүрді.

Сман империясы күшіне еніп тұрған кезде Азия, Еуропа мен Солтүстік Африкадағы кең аумақтарды басқарған. Ал, бірінші дүниежүзілік соғыстың басында осы алып империяның кішкентай көлеңкесі ғана қалды.

1922 жылы Тәуелсіздік соғысы түріктердің жеңісімен аяқталып, Мұстафа Кемал Ататүрік жаңа мемлекет құру туралы жариялады. Сөйтіп, картада Түркия пайда болды.



5. Чехословакия

Бірінші дүниежүзілік соғыстағы жеңілістен кейін Австрия-Венгрия империясы ыдырап, оның аумағындағы тәуелсіз мемлекеттер құрылды дедік. Сөйтіп, Антанта елдерінің белсенді қолдауымен 1918 жылдың жазы мен күзінде жаңа Чехословакия мемлекеті қалыптаса бастады. 1920 жылы Конституциясы қабылданды. 1939-1945 жылдары Чехословакия территориялары фашистік Германияның қол астында болды және Богемия мен Моравия протектораты деп аталды.


Гитлер әскерлерінен босатылғаннан кейін бұл аумақта Кеңес үкіметі құрылып, Чехословакия елдердің Социалистік лагеріне кірген. Ал, 1990 жылы КСРО-ның ғұмыры үзіліп, 1993 жылы Чехия мен Словакия бөлек мемлекеттерге айналды. Сөйтіп, екі мемлекет бейбіт жолмен, қарулы қақтығыссыз бөлінді.



6. Югославия

Австрия-Венгрияның ыдырауы 1918 жылы сербтер, хорваттар мен словендер патшалығының пайда болуына әкелді. Ол – Югославия корольдігі болатын. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде патшалық Гитлерге қарсы коалиция елдерінің жағында болды. Соғыс аяқталғаннан кейін көшбасшы Броз Тито мықты Тәуелсіз мемлекет құруға тырысып, 1946 жылы Югославия Социалистік Федеративтік Республикасы құрылды.

90-шы жылдары бұл республиканың ішінде ұлттық негізде өткір қарулы қақтығыстар басталды. Қанды азаматтық нәтижесінде 1992 жылы Югославия 6 мемлекетке бөлінді. Соңғы ыдырауы ХХІ ғасырда аяқталып, бұрынғы Югославия аумақтарындағы этникалық негіздегі қарама-қайшылық әлі де әлсін-әлсін жалғасып келеді.


7. Оңтүстік Вьетнам

Тарихи деректерге сәйкес, мұндай атау Үндіқытай түбегінің аумақтарына тән. Онда 1954 жылдан 1975 жылға дейін әр түрлі атаулары бар мемлекеттер болған. Бірақ, бәрінің астанасы әрқашан Сайгон болып, кейінірек Хошимин деп өзгертілген.

Барлығы 1954 жылы француз әскерлерінің жер аударылуынан басталған. Сол сәтте Вьетнам коммунистік жүйемен Солтүстік Вьетнамға және демократиялық оңтүстікке бөлінгісі келген. Оның арты Америка Құрама Штаттары тартылған қанды соғысқа ұласты. Әскери сәтсіздіктен кейін 1973 жылы американдықтар өз әскерлерін шығаруға мәжбүр болады. 1975 жылы соғыс іс жүзінде тоқтап, бір жылдан кейін екі Вьетнам біртұтас мемлекетке айналды.



8. Тибет

Ежелгі заманнан өмір сүріп келген Тибет территориясы 1913 жылға дейін тәуелсіздікке қол жеткізе алмаған. Ал, Қытайдағы төңкерістен кейін Тибет тәуелсіздігін жариялай алды. 40 жылға жуық уақыт ішінде Тибет өзінің Үкіметі мен заңдары бар мемлекет болып саналды. Бірақ, Қытай да, Ұлттар Лигасының мемлекеттері де жаңа мемлекеттің тәуелсіздігін мойындамады. Соғыстан кейін билеушілер елді модернизациялауға тырысып, жергілікті тұрғындардың қарсылығына тап болған. Ал, Қытайда Мао Цзэдун билікке келгеннен кейін Тибетке Қытай әскерлері кірген. Нәтижесінде, 1951 жылы қос тарап ҚХР құрамынан Тибет автономиялық ауданын құру туралы келісімге қол қойды.


9. Біріккен Араб Республикасы

Израильдің пайда болуы жердің осы бөлігіндегі жағдайдың тұрақсыздығына соқтырды. Дегенмен, Араб әлемі Египет президенті Гамаль Абдель Насердің бастамасымен бірігуге тырысты. 1958 жылы Египет пен Сирия ресми түрде біртұтас араб мемлекетіне біріктірілді. Бірақ, елдер арасындағы қайшылықтар ешқашан толық бірлікке әкелмеді.

Ортақ шекара құру әрекеті 1967 жылы жасалғанымен, алты күндік соғыста Израиль жеңіске жеткен. Нәтижесінде жойқын жеңіліс Араб Республикасының саяси ұстанымдарына қатты әсер еткен. 1970 жылы Египет президенті Насер өлтіріліп, ол құрған бірлестік бір жылдан кейін, яғни 1971 жылы ыдырады.



10. Сикким

VIII ғасырдан 1975 жылға дейін болған бұл шағын мемлекет туралы естіген адам аз. Саяхатшы және Тибет буддизмінің негізін қалаушы Гуру Ринбоче жаңа мемлекетке батасын берген екен.

Дегенмен, Үндістан мен Тибет арасындағы кішкентай мемлекет ақыры жоғалып кетті. 1955 жылға дейін Сикким монархтың билігіне бағынған. Бір қызығы – шағын аумақтағы адамдар он бір түрлі тілде сөйлескен екен.

Алайда, монархия құлап, Сиккимде демократиялық өзгерістер болды. 1975 жылы шағын мемлекеттің премьер-министрі Сиккимді Үндістанның жаңа штаты ретінде қабылдауға кіріседі. Осылайша, ерекше мемлекеттің ғасырлар бойғы тарихы аяқталған.



11. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы

Әлемдегі алғашқы жұмысшы мемлекет 1922 жылы желтоқсанда құрылған. Бұл мемлекет жаңа аумақтарды қосу арқылы үнемі кеңейіп отырды. 1945 жылға қарай Одақ құрамында 15 республика болды. Ал, 1980 жылдардың басында ұлттық қайшылықтардың күрт шиеленісуіне себеп болған ауыр экономикалық дағдарыс басталды. Саяси билікте де талас өршіді. Осы факторлардың нәтижесінде 1991 жылы КСРО 15 тәуелсіз мемлекетке ыдырады. Олардың бір бөлігі 8 желтоқсанда ТМД құрамына кірді. Бұл мемлекетаралық бірлестік экономикалық байланыстарды біржола жоғалтпау үшін құрылған. Қазіргі геосаяси әлемдегі Кеңес мемлекетінің мұрагері – Ресей.


Жалпы, елдің әлем картасынан жойылуы тарихта өте сирек кездесетін жағдай. Революция, соғыс пен ұлтаралық қақтығыстар мемлекеттік құрылымдардың күйреуіне негізгі себеп болады. Бірақ, бұл жағдай жаңа нәрсенің бастауы болып саналады. Өйткені, ХХ ғасырда жоғалып кеткен кейбір империялар көптеген халықтың азаттық алып, жаңа мемлекет құруына әсер еткен.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Туристер Европаның ЕҢ КІШКЕНТАЙ еліне неге құмар?


САҚИНА ЖАСЫРУ, БАРАБАН СОҒУ, ЗЕҢБІРЕК АТУ: Рамазан айындағы ҚЫЗЫҚТЫ ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАР