Өзге елдер «Әйелдер күнін» ҚАЛАЙ тойлайды?

0
3 088

Гүл мен сыйлық – мерекенің көркі!


Өзге елдер «Әйелдер күнін» ҚАЛАЙ тойлайды?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Халықаралық әйелдер күнін тойлауда белгілі бір саяси мақсат жоқ. Тек көктемнің алғашқы әрі айтулы мерекесі ретінде әйелдердің сұлулығы, нәзіктігі мен жан байлығына құрмет көрсету, аруларға жасы мен мәртебесіне қарамастан бірдей көңіл бөлу күні деп түсіну керек.

Алдымен мерекенің пайда болу тарихына тоқталсақ

1910 жылы Копенгагенде қызметкер әйелдердің екінші Халықаралық конференциясы өтіп, сол жерде Германия социал-демократиялық партиясы әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин «Халықаралық әйелдер күнін» тойлау идеясын, ол мерекені әр елде жыл сайын 8 наурызда атап өтуді ұсынады. Сондай-ақ, «бұл мерекені атап өту 1857 жылдың 8 наурызында Нью-Йоркте басталған», - деген пікірлер де бар. Дегенмен, Біріккен ұлттар ұйымының шешімі бойынша 1975 жылы "Халықаралық әйелдер күні" ресми мәртебесіне ие болды.


«8 наурыз» тойланбайтын елдер


Қытай

Қытайда 8 наурыз күні дүркіреген мереке болмайды, қыз-келіншектерге сыйлық жасап жүрген жергілікті тұрғындарды да көрмейсіз. Аспанасты елінің көшелерінен әйелін құттықтап жүрген туристерді ғана кездестіруге болады.


Италия

Мұнда 8 наурыз – әйелдер күні. Алайда, мерекені әйелдердің өздері ғана мейрамхана немесе дәмханада ерлерсіз, құрбыларымен бірге тойлайды. Оның үстіне Италияда бұл күні демалыс болмайтындықтан, жұмыстан кейін атап өтуге мүмкіндік бар.


Франция

«Әйелдер күні» Францияда айтулы мереке емес, сондықтан кең көлемде тойланбайды. Бірақ, мамыр айында француз әйелдеріне құрмет көрсетілетін «Аналар күні» мерекесі белгіленген. Сондай-ақ, бұл күннің жас қыздарға ешқандай қатысы жоқ, ал оларды құттықтағысы келген адам «Әулие Валентин» күнін күтеді.


Болгария

Болгарияда да 8 наурыз мерекесі дәстүрге айналмаған, керісінше қалыпты жұмыс күні. Сондықтан, ерлер жұбайы мен әріптестерін ғана құттықтайды. Соңғы уақытта Болгар әйелдерінде 8 наурыз мерекесіне деген қызығушылық төмендеп кеткен. Өйткені, олардың көбі бұл мейрамға социалистік дәуірдің бір белгісі ретінде қарайды.


Германия

Германиялықтар да бұл мерекені социалистік дәуірмен байланыстырады. Мысалы, Шығыс Германиядағы немістер өз әйелдерін құттықтап жатса, Батыстағылар тым-тырыс жата береді. Бірақ, қарт аналарға міндетті түрде құрмет көрсетеді.


Меркені дүркірете тойлайтын елдер


Қазақстан

Халықаралық әйелдер күнінде Қазақстандағы ерлердің басым бөлігі бірінші кезекте анасына, содан кейін әйелі, әпкесі мен қарындасы және қыздарына ерекше сыйлық дайындайды. Өйткені, қазақ халқы анасы мен қыз-келіншектерді өте қатты құрметтейді. Оған қоса, бұл мерекеге арнайы демалыс беріліп, түрлі кештер, республикалық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылады және көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар сұлуларға арналған қайырымдылық акциялары өтеді.


Түркіменстан

8 наурыз – Түркіменстан тұрғындары үшін айтулы мереке. Онда билік өкілдерінің арнайы тапсырмасымен барлық әйелдерге қаржылай сыйлық беріледі. Сонымен қатар, зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақы алатын, аспирантурада, докторантурада, клиникалық ординатурада оқитын түркімен әйелдерге, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілеріне президент сыйлығы тапсырылады.


Польша

Польшадағы «әйелдер күніне» демалыс берілмесе де, жұмыстан кейін әркімнің қалауынша кең көлемдегі мерекелік іс-шаралар мен кештер өтеді.


Вьетнам

Бір таңғаларлығы – Вьетнам тұрғындары бұрыннан 8 наурыз күні осыдан екі мың жыл бұрын өз Отанын қорғаған апке-қарындастарын еске алу күні ретінде атап өтетін болған. Оған «Әйелдер күні» қосылып, үлкен мерекеге айналып кеткен.


Куба

Кубалықтар үшін 8 наурыз мерекесі өте маңызды. Сондықтан, олар жұмыстан демалып, нәзікжандыларға гүл сыйлап, ерекше атап өтеді.


Уганда

Уганда халқы «Халықаралық әйелдер күнін» өздерінің салт-дәстүрлерімен байланыстыра отырып атап өтеді. Мерекеде әйелдер әсем әшекей тағынып, би билеп, бастағы мәселелерді бір сәтке ұмытады, түрлі концерттер мен фестивальдер өтеді.


Жапония

Жапонияда наурыз айында екі мереке бар. Біріншісі – 3 наурызда өтетін «Хина Мацури», екіншісі – әйелдердің және шабдалы гүлінің мерекесі. Әйелдер күні 14 наурызға белгіленген. Дәстүр бойынша, бұл күні сыйлықтар мен құттықтауларды тек Әулие Валентин күні өз сүйіктілеріне бір зат сыйлаған әйелдер ғана қабылдай алады.


Ресей

Уақыт өте келе әйелдер күні саяси маңыздылығын жоғалтып, бұл күн Ресейде 2002 жылы мемлекеттік мерекелер тізіміне ресми түрде енгізілген. Ол күні ресейліктер аналар, әйелдер мен қыздарға құрмет көрсетіп, үй жұмысына араластырмай, сыйлық беріп қуантады.


Дайындаған: А.Мейірхан,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Көктемде ҚАЙДА және ҚАЛАЙ саяхаттаған дұрыс?

Әлемнің ЕҢ БИІК шыңын ҚИНАЛМАЙ-АҚ тамашалауға болады