Саяхатқа жалғыз шығудың қандай ерекшеліктері бар?

0
4 914

Көптеген адамдар саяхаттағысы келеді, бірақ қасына серік табылмай жатады. Ал, жалғыз саяхат жасап, одан қалай ләззат алуға болады?


Саяхатқа жалғыз шығудың қандай ерекшеліктері бар?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Саяхатқа шыққың келгенде қасыңнан бірге баратын адам табылмай қалуының бірнеше себептері бар. Мысалы: біреулерін жұмыстан босатпайды, басқаларында қаражат жоқ, енді бірі саяхаттауға дайын емес. Мұндай жағдайда Сізде «жалғыз саяхаттау» деген таңдау болады. Бірақ одан қорықпаңыз, оның да артықшылықтары бар. Олар жайлы төменде тарқатып айтамыз.


«Өзім – би, өзім – қожа»

Жалғыз саяхаттағанда, бір адамның көңіліне, қалауына қарап тұрудың қажеті жоқ, барлығы өз қалауыңызбен болады.Мейлі, Сіз күні бойы дүкендер мен барған жеріңізді аралаңыз немесе күні бойы тапжылмай жатыңыз, өз еркіңізде.


Тілді дамыту

Әдетте, белгілі бір топпен саяхаттаған адамдар сол аудиторияның ішінде ғана сөйлеседі. Ал, жеке жүргенде Сізге жергілікті тұрғындармен тілдесуге тура келеді. Мысалы: жол сұрау, мейрамханада тағамдарға тапсырыс беру және т.б. Ең бастысы – қатемен болса да айтуға қорықпаңыз!

Сондай-ақ, көп тіл білмейтін адамға аудармашы көмектесе алады.


Бейтаныс адамдармен танысу мүмкіндігі

Жалғыз болған кезде, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау оңай екені психологиялық тұрғыдан дәлелденген. Тек, әрқашан күлімсіреп, мейірімді, ашық-жарқын болу жеткілікті. Сондай-ақ, күтпеген танысулар адамдардың өмірін өзгертетіні де рас.


Батылдық пен тәуелсіздік

Жалғыз барып келген бірінші сапардан кейін Сіздің өзіңізге деген сенімділігіңіз арта түседі. Бұл тұлға ретіндегі деңгейдің көтерілуінің бір белгісі. Одан кейін, Сіз басқа саяхаттарда да өзіңізді еркін сезініп, өз қалауыңызға құлақ түретін боласыз.


Ауыр жүк алмау

Есіңізде болсын, мұндай саяхатта барлық затты өзіңізбен бірге алып жүруге тура келеді! Сол себепті ауыр жүк алуға болмайды. Сонымен қатар, бұл — үнемдеудің тамаша тәсілі. Себебі, көптеген авиакомпаниялар жеңіл қол жүгін тегін тасымалдайды.


Көп қаржы жұмсауға дайын болыңыз

Жалғыз саяхаттау қымбатқа түседі. Өйткені, азық-түлік, такси немесе автокөлікті жалға алу шығындарын өзіңіз ғана төлейсіз. Мұны сапарды жоспарлау кезінде ескеру керек. Оның ішінде ең көп шығын кететіні – қонақүй.


Құжаттардың көшірмелері

Сапар алдында төлқұжаттың, визаның, медициналық сақтандырудың бірнеше көшірмесін жасап алыңыз. Оларды ыңғайлы қалтаға, тағы бір жинын жолдарбаға салу керек, тек түпнұсқадан бөлек. Сондай-ақ, сканерленген құжаттарды электрондық поштаға жіберуге немесе браузердегі «облакоға» жүктеуге болады. Содан кейін, оларды керек кезде оңай алуға болады.


Телефонның маңызы

Кез келген жағдайда шұғыл қызмет көрсететін орталықтың, шетел болса Қазақстан елшілігінің байланыс телефондары болуы керек. Сондай-ақ, қойын дәптерге жақындарыңыздың нөмірлерін жазып немесе артық телефон салып алыңыз.


Ақшаларды әртүрлі жерлерде сақтау

Саяхатқа өзіңізбен бірге қолма-қол ақша және бірнеше төлем картасын алыңыз. Бірінші картадағы ақшаны таксиге, дүкенге немесе т.б. төлейсіз. Ал, екінші картаны үлкен дүкендерде, мейрамханаларда пайдаласыз. Сондай-ақ, қолма-қол ақшаны көп ұстамаңыз.


Қонақүй қызметшілерінен кеңес алу

Қонақүй қызметшісі – таптырмайтын көмекші және құнды ақпарат беруші бола алады. Одан ең жақын дәріхана, азық-түлік дүкені, жақсы мейрамханалар және т.б. жайында тегін жауап алуға болады. Сондай-ақ, консьерж мейрамханаға алдын-ала тапсырыс беріп, такси шақырта алады.


Өз қауіпсіздігіңізге қамқорлық жасау

Қауіпсіздік кез келген адамға да, елге де маңызды. Сондықтан, әрқашан туыстарыңызбен және достарыңызбен байланыста болыңыз. Ең тамаша байланыс – what's Арр бағдарламасы, оның көмегімен хабарлама мен суреттерді тегін алмасасыз. Сонымен қатар, Wi-Fi болса, қоңырау шалуға да болады.

Сондай-ақ, бейтаныс жерде қоғамдық көлікпен немесе заңды таксимен жүрген жақсы. Қаланың шетіне шығудан, қымбат әшекейлер тағып жүруден аулақ болыңыз.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


АЗ ҚАРАЖАТПЕН қай елге САЯХАТТАУҒА болады?


Туристер ең көп баратын 10 қала: Оларды не қызықтырады?