​ШАҢҒЫ ТЕБУГЕ барсаңыз, МЫНАНЫ естен шығармаңыз!

0
3 273

Тау шаңғысына бірінші рет барғанда осыны ескермегендер қатты өкінеді.


​ШАҢҒЫ ТЕБУГЕ барсаңыз, МЫНАНЫ естен шығармаңыз!

Тауда шаңғы тебу – белсенді демалыстың ең керемет түрлерінің бірі. Алайда оған еш дайындықсыз барсаңыз, керемет түгі де болмайды. Керісінше, өкініп қайтуыңыз әбден мүмкін.

Сондықтан, тау шаңғысымен айналысуға ниеттеніп, бірінші рет барғалы жүрсеңіз, мына кеңестерді ескеріңіз.


Шаңғы не сноуборд тебу үшін қажетті құралдарды сатып алу міндетті емес. Өзіңізде болғанын қаласаңыз да, сатып алуға асықпаңыз. Кез келген тау шаңғысы курортында мұндай құралдар жалға беріледі. Сатып алу кезінде дұрыс таңдау жасау үшін де алдымен жалға берілетін түрлерін қолданып көрген жөн. Бірнеше түрімен танысқан соң өзіңізге керегін дөп басып таңдай аласыз. Немесе бұл спорт түрі сізге ұнамайтын болып шығуы, тез жалығып, бас тартуыңыз да бек мүмкін.

Жалға беруші маманға бойыңызды, салмағыңызды және дайындық деңгейіңізді айтуыңыз керек. Сол мағлұматтар арқылы ғана ол сіз үшін барлық қажетті жабдықтарды таңдай алады. Себебі, шаңғы не сонуброд таңдауда осы үш критерий маңызды.


Сноуборд

Өлшем – сантиметрдегі тақтаның ұзындығы. Әр адамның бойына сәйкес таңдағанда оның ұзындығы иегіне дейін келуі керек. Әсіресе, жаңадан үйренгелі жатқандар үшін бұл – бұлжымас ереже.

Қаттылық. 1-ден 10-ға дейінгі деңгейлермен өлшенеді. Әмбебап тақта – 4 немесе 5-деңгейлі болып келеді.

Пішін. Сноубордтың екі басы симметриялы немесе асимметриялы болуы мүмкін. Сондай-ақ бүгілу деңгейлері әртүрлі, жиектері түрлі пішінде болып келеді. Жаңадан үйренушілер үшін әмбебап симметриялы пішінді алған жақсы.

Сноубордтың бүгілу деңгейінің өзі төрт түрге бөлінеді: камбер, рокер, жалпақ және гибридті. Рокер және гибрид – жаңадан бастайтындар үшін ең жақсы нұсқалар. Әйткенмен, сізге қайсысының дұрыс келетінін түсіну үшін жалға беруші маманнан кеңес сұраңыз.


Шаңғы

Қаттылық. Жұмсақ, орташа және қатты болады. Жаңадан бастағандар үшін жұмсақ, өзіне сенімділер үшін орташа түрі дұрыс. Ал кәсіпқойлар еш қиналмастан қаттысын таңдайды.

Бел ені – бұл шаңғылардың орта тұсындағы ең жіңішке болып келетін жерінің ені. Ені 75 мм-ге дейін болып келетіндері тау шаңғысы курорттарының беткейлері үшін қолайлы. Одан да басқа кез келген беткейлер үшін бел ені 75-тен 100 мм-ге дейінгі түрі, курорттардан тыс табиғи беткейлерде тебу үшін үшін 100 мм және одан да көп түрі таңдалады. Жаңадан бастаушылар үшін 75 мм-ге дейінгісі қолайлы.

Кесу радиусы. Бұл бел-саусақ-өкше арақатынасы, әрқайсының мәнімен есептеліп анықталады. Жаңадан бастаушылар үшін әдетте 11–14 м тура келеді. Сенімділер үшін 14–17 м, кәсіпқойлар үшін 17–30 м.

Бүгілу деңгейі сноубордпен бірдей дерлік. Камбер, рокер және гибрид бар. Жаңадан бастаушыға гибридті таңдағаны жақсы.

Ұзындығы. Сноуборд сияқты шаңғының да ұзындығы иегіңізге дейін болуы керек.


Қандай киім киіп бару қажет?

Бәтіңке

Бәтіңкені өзіңіз киіп баруға немесе сол жақтан жалға алуға болады. Ол да 1-10 аралығында қаттылық деңгейімен өлшенеді. Жаңадан үйренушілер үшін 3, 4, 5 аралығындағы деңгей қолайлы. Егер бәтіңке аяғыңызды қысса, дереу ауыстырған абзал.

Шлем

Сізге шақ келетін шлем баста арлы-берлі қозғалмай, тығыз отыруға тиіс. Мәселен, кеңдеу болып, желкеге қарай сырғып кетсе, маңдайыңыз ашылып қалады. Ескеріңіз, шлем мен маска арасында ашық жер қалмауы керек. Сондықтан екеуін бірге киіп таңдаңыз.

Маска

Маска бетті, көзді желден, қардан, күннен қорғау үшін керек. Линза түсінің әртүрлі болуы көру мүмкіншілігіне еш әсер етпейді, сондықтан ұнағанын ала беріңіз. Ал күңгірттендіру деңгейі 0 мен 4 аралығында жіктеледі. 3 немесе 4-деңгейлісін таңдасаңыз, айнала шағылыспай, анық көрінетін болады.

Қорғаныс бөлшектері

Қар жұмсақ қой демеңіз, қорғаныс бөлшектерін міндетті түрде тағыңыз. Ол бес бөлшектен тұрады: білек, шынтақ, тізе, арқа бөлшектері және шорты.

Киім

Тау шаңғысымен айналысуға барарда күнделікті қарапайым киім кию жарамайды. Олар кем дегенде, су болып, денеге ылғал өткізеді. Шаңғыға арналған киімдер мембраналық матадан белсенді демалыс үшін арнайы тігіледі. Мысалы, шаңғы күртелерінің құрылымы жұқа, сондықтан шаңғы тебу кезіндегі қозғалыстарыңыз шектелмейді. Ал пиджак денеден жылу бөлінуіне байланысты қызады. Шаңғы шалбарының да өзіндік қызметі бар. Шаңғы киімнің негізгі міндеті – жылуды сақтау, денеден бөлінген терді сіңіру және теріні ылғалдан қорғау.

Сондықтан арнайы киімнің базалық, жылытқыш және қорғаныс – осы аталған үш қабаты да түгел болуы шарт. Біріншісі денеге су тигізбеу үшін, екіншісі жылуды сақтау үшін, үшіншісі суық пен су өтуден сақтану үшін керек. Базалық қабатқа термоішкиім (асты-үстімен) және тау шаңғысына арналған шұлық киіледі. Жылытқыш қабатта флис кеудеше кию керек. Үшінші – қорғаныс қабатында арнайы күртеше, арнайы шалбар, балаклава немесе баф, тау шаңғысына арналған қолғап киіледі.


Ұсақ-түйек емес...

Жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңыз, әсіресе, медициналық сақтандыруыңыз бар екенін дәлелдейтін құжат жаныңызда болсын. Өзіңізбен бірге ыстық түсіретін, ауырғанды басатын, асқазан бұзылысын емдйтін дәрі-дәрмек және таңғыш дәке мен антисептик міндетті түрде алыңыз. Қандай да бір дертіңіз болып, оған қатысты дәрі-дәрмектер қабылдайтын болсаңыз, оларды да өзіңізбен ала жүру міндетті. Осыларға қосымша, жарақаттанғанда жағатын мазь, күннен қорғайтын крем, ерінге арналған бальзам сындыларды алсаңыз, артық болмайды.

Бой үйрету үшін...

Тау шаңғысы курортына алғаш рет келсеңіз немесе бұрын да келіп, бірақ әлі өзіңізге сенімсіз болсаңыз, бірінші кезекте нұсқаушы көмегіне жүгініңіз. Достарымның айтуымен үйреніп кетемін деу қауіпті. Ең қарапайым, тегіс трассада теуіп көріңіз. Содан соң барып жалпыға арналған трассаларға шығуға болады.

Трассадағы тәртіп

Көпшілікпен бірге трассаға шығып шаңғы не сноуборд теуіп жүрсеңіз, жалпыға ортақ ережеге бағыныңыз. Тәртіп бұзу, қауіпсіздік техникасын сақтамау біреудің өміріне қауіп төндіруі, денсаулығына зақым келтіруі мүмкін. Айналаңызға мұқият болыңыз.

1. Өз шаңғы тебуіңіздің деңгейін, мүмкіншіліктеріңізді, ауа райы мен трассадағы адамның көптігін үнемі есепке алып отыру керек.

2. Біреу құлап қалған жағдайда көмекке асығыңыз. Құтқарушыларды міндетті түрде шақырыңыз.

3.Алдыңыздағы кетіп бара жатқан адаммен соғысып қалмауды қадағалау – сіздің міндетіңіз.

4.Басып озғыңыз келсе, айналып өтуге жетерліктей арақашықтық бар екеніне сенімді болсаңыз ғана жасауға болады.

5.Трассаға түсетін не шығатын кезде біреумен соғысып қалмау үшін оңға-солға бірдей қарап, жақындап қалған шаңғышының жоқ екеніне көз жеткізген соң барып жылжыңыз.

6.Трассаның тар немесе нашар көрінетін тұсында тоқтамаңыз. Құлап қалған жағдайда дереу шетке қарай аунап не сырғып кетіңіз.

7.Егер жаяу көтеріліп не түсетін болсаңыз, жолдың шетімен ғана жүріңіз.

8. Трасса бойындағы белгілер мен ескертпелерге қатаң түрде бағыныңыз.

Әр мезгілдің өз кереметі болады. Жақсы демалыс үшін жазды күту міндетті емес. Қыс қызығынан қалып кетпейін десеңіз, тым болмаса бір рет тау шаңғысы курортына барып көріңіз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Әлемнің ЕҢ ҚОРҚЫНЫШТЫ 6 жеріне саяхаттауға БАТЫЛЫҢЫЗ ЖЕТЕ МЕ?