ШЕТЕЛДЕ ОҚУ: құжат қана емес, БҰЛ да дайын болсын

0
2 309

АҚШ туристерінің екі жүз мыңға жуығы қылмыстың құрбанына айналады екен.


ШЕТЕЛДЕ ОҚУ: құжат қана емес, БҰЛ да дайын болсын

Бүгінгі жастардың біразы өз елімізбен шектелмей, шетелде де білім алғысы келеді. Олардың арасында арманын мақсатқа, мақсатын шынайылыққа айналдырып жатқандар аз емес. Сен де солардың бірі болғың келе ме? Ендеше, жақсылап дайындал.


Дайындық барысында сынақ тапсыру, құжаттарды түгелдеу, киім-кешекті реттеумен қатар, басқа да ескеру керек нәрселер бар.


Көбірек мәлімет керек

Өзің қалаған оқу орны ғана емес, орналасқан қала, ел туралы барынша көбірек мәлімет білген дұрыс. Әсіресе, ондағы тұрмыс-тіршілік жағдайы, адамдардың менталитеті, заң, саясат, билік пен халықтың қарым-қатынасы, адамдардың бір-біріне арақатынасы, салт-дәстүрі мен мәдениеті, ауа райы – бәрі туралы ақпарат жина. Жаңа жерде не күтіп тұрғанын алдын ала білу бейтаныстар ортасына тезірек сіңісуге, өзіңді жайлы сезінуге көмектеседі.

Ізденіс барысында ғАламтормен шектелме. Өз еліміздегі Сыртқы істер министрлігінен ресми, сенімді ақпараттар ал. Мекеме тарапынан қандай да бір қауіпті ескерту, сол елге байланысты жағымсыз жағдайлар, т.с.с. болмауы маңызды.


Денсаулық туралы да ұмытпа

Адам болған соң ауырмай-сырқамай тұрмаймыз. Сондықтан, денсаулықтың қамын да алдын ала жасаған дұрыс. Ауыра қалған жағдайда медициналық қызмет алу үшін не керек, қандай құқықтарың бар, медициналық сақтандыру қажет пе, талап етілетін екпелер – оның бәрін сол елдегі Қазақстан елшілігіне хабарласып, анықтап ал. Егер бұрыннан үнемі қабылдап жүретін дәрі-дәрмектерің болса, сен баратын елде оған тыйым салынбаған ба, сатылымда бар ма – мұны да алдын ала нақтылау керек.


Кетер алдында көшірме жаса

Кетер алдында бір қажеті болады-ау деген құжаттардың бәрінің көшірмесін жаса. Жеке куәлік, шетелдік төлқұжат, жүргізуші куәлігі, несие карталары, авиабилет, маршрут сызбасы, жол төлемдері чектері, оқуға түсу құжаттары, келісімшарт, басқа да көптеген қағаздардың ешбірі артық болмайды. Көшірме болсын, электронды нұсқа болсын – бәрін туыстарыңа қалдырып кет. Кейбірін нотариуспен куәландырып, жақын туысыңа сенімхат жазып берсең де болады. Шетелде жүргенде төтенше жағдай, жазатайым оқиғалар бола қалса, осы көшірмелердің көп көмегі тиеді.


Туыстарыңа толық ақпарат бер

Жақындарыңа оқу сапарың туралы барлық ақпаратты бер. Тіпті, бүге-шігесіне дейін жазып қалдырсаң да болады. Қай күні, қай уақытта, қандай авиакомпаниямен ұшатыныңды, барған соң қайдан түсесің, кім күтіп алады, қандай көлікке отырасың, баратын мекенжайың – тағы да басқа барлық мәліметті толық білулері өте маңызды.


Байланыстың барлық түрін қолдан

Елде қалған туыс-достармен байланысқа шығудың бір ғана жолын қолданба. Телефон қоңырауынан бөлек, электронды пошта, факс, басқа да жолдары біршама. Қанша мүмкіндік бар, соның бәрін анықтап, қажетті гаджеттерді, қосымшаларды қамдап, ата-ана, туыс-бауырларыңа қалай қолдануды көрсетіп, үйретіп қойған жөн. Өзің қолданып жүрген мобильді құрылғы сен баратын елде жұмыс істей ме, ондағы ұялы байланыс операторлары, тариф түрлері – бәрімен таныс.


Жол жүгіңнің тізімін жаз

Өзіңмен алып шығатын жүк, киім-кешек, әсіресе, құнды заттардың өздерін түгелдеп, сөмкеге салумен іс бітті деме. Олардың бәрін қағазға не смартфон қосымшасына тізіп жазып, суретке түсіріп ал. Жазылған күні, уақыты туралы да мәлімет болғаны абзал. Жолсөмкең жоғалған немесе заттарың түгел болмай шыққан жағдайда осы тізім қажетке жарайды.


Бір ғана статистикалық мәлімет айтайын, жыл сайын АҚШ-қа келіп-кетіп жататын туристердің екі жүз мыңға жуығы қылмыстың, бақытсыз жағдайлардың, аурудың, басқа да күтпеген жағымсыз оқиғалардың құрбанына айналады екен. Елшілік, басқа да мемлекеттік мекемелер оларға көмек көрсетуден бас тартпайды. Алайда, ол үшін керекті құжаттар, туыстармен байланыс деректері, т.б. болуға тиіс. Мұндай мәліметтер болмаса, көмек көрсету қиындайды, уақыты ұзарады, басқа да кедергілер көбейеді. Сондықтан өзге елде жүргенде қыдыру, көру, танысу, көңіл көтеру, демалу, білім алудан да бұрын, үнемі бірінші кезекте қауіпсіздікті ойлау керек. Болуы мүмкін барлық жағдайдың алдын алып, «қауіпсіздік жастықшаларын» қамда.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

Әлемдегі ЕҢ ЕРЕКШЕ 4 театр: біреуі – ТҮРКІСТАНДА

Адамзат тарихындағы ЕҢ ЖОЙҚЫН жер сілкінісі қай елде орын алған