Адамзат тарихындағы ЕҢ ЖОЙҚЫН жер сілкінісі қай елде орын алған

0
2 508

800 000-нан астам адамды құрбан еткен апатты білесіз бе?


Адамзат тарихындағы ЕҢ ЖОЙҚЫН жер сілкінісі қай елде орын алған

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Осыдан бірнеше күн бұрын Түркияда 7,8 баллдық жойқын жер сілкінісі орын алғанын бүкіл әлем біледі. Осы табиғи апаттың салдарынан ондаған мың адам қаза болды, жүздеген мың тұрғын жарақат алып, көптеген ғимарат қирап қалды. Сондай-ақ, осынау жер сілкінісінен Сирия мен басқа да бірнеше ел зардап шекті.

Дегенмен, адамзат тарихындағы ең жойқын жер сілкінісі бұл ғана емес. Тарихқа сүйенер болсақ, жер ғаламшарында бұған дейін әртүрлі дәрежедегі миллиондаған жер сілкінісі орын алған. Олардың 100-ге жуығы ерекше күшті болыпты. Сондықтан, бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, ең жойқын жер дүмпулерінің қайда, қашан және қалай болғаны жайлы әңгіме өрбітпекпіз.


Жапония тарихындағы ең жойқын жер сілкінісі

1923 жылдың 1 қыркүйегінде Жапонияның Канто аймағында адамзат тарихындағы ең қауіпті жер сілкіністерінің бірі орын алған. Оның магнитудасы 8,3 баллды құрап, Токио мен Йокогама толығымен жойылып кеткен. Ресми мәліметтерге сүйенсек, осынау табиғи апаттың салдарынан қаза тапқандар саны 174 мың адамды құраған. 542 000 адам жоғалып кеткен. Зардап шеккендердің жалпы саны шамамен 4 миллионға жуық болған. 694 000 үй мен нысанның 381 000-ға жуығы толығымен немесе ішінара қираған.


Ирандағы ең қауіпті жер сілкінісі

856 жылдың 22 желтоқсанында Дамганда болған жер сілкінісінің күші 7,9 баллды құрапты. Кейінірек анықталғандай, эпицентр қалаға жақын болған. Аймақтың геологиясы күрделі болғаны соншалық, жер сілкінісінен Альборц тауларының бойындағы шамамен 350 шақырым жер қираған. Атап өтсек, Ахевану, Астан, Таш, Бастам және Шахруд қалалары зардап шеккен. Жақын маңдағы барлық ауылдар толығымен жойылып, апат шамамен 200 000 адамның өмірін қиған.



Гаитидегі жер сілкінісі. 200 000-нан астам құрбан

2010 жылдың 12 қаңтарында Гаити Республикасында болған жер сілкінісі 222 570 адамның өмірін қиды. Ресми мәліметтерге сәйкес, 311 000 адам түрлі дәрежеде жарақат алып, 869 адам хабар-ошарсыз кеткен. Апаттан болған материалдық шығын көлемі 5,6 миллиард еуроны құрайды. Жер сілкінісінің эпицентрі Гаити Республикасының астанасы Порт-О-Пренстен 22 шақырым жерде болған. Бірінші жер сілкінісінің күші 7 балды құраса, одан кейінгі көптеген сілкіністің қуаты 5 ұпайдан жоғары болыпты.



Ганджадағы жер сілкінісі

1139 жылы 30 қыркүйекте Ганджа қаласының маңында 230 000-ға жуық адамның өмірін қиған жер сілкінісі болды. Тарихшылардың айтуы бойынша, элементтер соққысының күшті болғаны соншалық, оның кесірінен Қапаз тауы құлап, тау арқылы өтетін Ахсу өзенінің арнасы жабылып қалған. Нәтижесінде аймақта сегіз көл пайда болды – олардың бірі Гейгель. Ол қазір 1965 жылы құрылған Гейгель қорығының бөлігі болып саналады.



Алепподағы жер сілкінісі

1138 жылдың 11 қазанында 8,5 баллдық жер дүмпуі орын алып, 230 000-нан астам адам өлім құшқан. Өкініштісі сол, аталған апаттың салдарынан Алеппо халқы бірнеше ғасырдан кейін ғана қалпына келген. Жалпы, Алепподағы жер сілкінісі 1138-1139 жылдары орын алған. Сонымен бірге, осы апаттың бір бөліктері қазіргі Сирияның солтүстігінде, Түркияның оңтүстік-батысында, кейінірек Иран мен Әзірбайжанда болған.


Қазіргі тарихтағы ең қауіпті жер сілкінісі Үнді мұхитында орын алған

Түрлі дереккөзге сүйенсек, бұл апаттың салдарынан 228000-нан 300000-ға адамға дейін қайтыс болған. Жер сілкінісі 2004 жылы 26 желтоқсанда Үнді мұхитындағы Суматра аралының жанында басталған. Түрлі бағалауларға сәйкес, жер сілкінісінің қуаты 9,1-ден 9,3 баллға дейін жеткен екен. Бұл тарихтағы ең жойқын жер сілкінісінің үштігіне кіреді. Осы жер сілкінісінің әсерінен цунами туындап, толқыны 14 елдің жағалауына жетеді. Тіпті, эпицентрден 6900 шақырым қашықтықта орналасқан Оңтүстік Африкадағы Порт-Элизабет жағалауына да барған. Кейбір жағалауларды биіктігі 20 метрден асатын толқын шайған деседі.



Гансу мен Шэньсидегі жер сілкінісі. Ең қайғылы оқиғалардың бірі

1920 жылы 16 желтоқсанда Қытайдың Ганьсу және Шэньси провинцияларында жойқын жер сілкінісі болды. Оның алғашқы соққысының күші 7,8 балға жеткен. Содан кейін үш минутқа созылған серпілістер сериясы орын алған. Сілкіністің күшті болғаны соншалық, олардан пайда болған жер қыртысы бүкіл ауылдарды жермен жексен еткен. Бұл табиғи апаттан қаза тапқандардың жалпы саны 270 000 адамды құрады. Көптеген адам үйлерінен айырылып, суықтан қайтыс болған. Қытайдың жеті провинциясы мен ауданы зардап шегіп, қирау аумағы 3,8 мың шаршы шақырымды құраған.


Византия империясының тарихындағы ең ауқымды жер сілкінісі

Тарихшылардың айтуынша, 526 жылғы Антиохия жер сілкінісі кезінде 250 000 адам қаза тапқан. Ол Сирияның іргелес аймақтарын қамтитын Византия құрамына кіретін Антиохияда болды. Жер сілкінісінен туындаған өрт те ғимараттардың басым бөлігін жалмап кеткен.



Таншандағы ең жойқын жер сілкінісі

1976 жылы 28 шілдеде Қытайдың Таншань қаласында апатты жер сілкінісі болды. Оның магнитудасы 7,8 баллды құраған. Алғашқы соққыдан-ақ қаладағы барлық ғимараттардың 90 пайызы қираған. Ресми мәліметтерге сәйкес, сол апат 242 419 адамның өмірін қиыпты. Бейресми дерек бойынша, құрбандар саны 655 000-ға жеткен. Мұншама адам шығынының болуына бір себеп – жер сілкінісінің негізгі соққысы түнде болғандығы.


Тарихтағы ең қауіпті жер сілкінісі. Тағы да Қытайда

Адамзат тарихындағы ең қауіпті жер сілкінісі 1556 жылы 23 қаңтарда Шэньси провинциясында болды. Бұл – «Ұлы қытай жер сілкінісі». Онда 830 000-нан астам адам қаза тапты! Эпицентрде 20 метрлік шұңқырлар мен жарықтар пайда болды. Дүмпу жер сілкінісінің эпицентрінен бес жүз шақырым қашықтықтағы аумақтарға да әсер еткен.

Мұндай орасан зор адам шығыны адамдардың көп бөлігі берік емес үйлерде, сондай-ақ тау бөктеріндегі қазылған үңгірлерде өмір сүргендігімен түсіндіріледі. Алғашқы дүмпулерден кейін ғимараттар борпылдақ топыраққа батып, үңгірлер құлап, сел ағындарымен су астында қалған екен.



Тарихтағы ең күшті жер сілкінісі. Чили, 1960 жыл

Адамзат тарихындағы ең қуатты жер сілкіністерінің бірі 1960 жылы 22 мамырда Чилиде болды. Магнитудасы 9,5 баллды құраған бұл апатты «Ұлы Чили жер сілкінісі» деп те атайды. Қатты соққылары 200 000 шаршы шақырым аумақты дүр сілкіндірген. Жер сілкінісі цунами тудырып, толқын биіктігі 10 метрге жеткен. Олар тіпті эпицентрден шамамен 10 мың шақырым жердегі Хило қаласына жетіп, айтарлықтай зиян келтірген. Цунамидің әсері Жапония мен Филиппин жағалауларында да байқалған.

Бір таңқаларлығы – осындай қорқынышты апат болғанына қарамастан, бұл жер сілкінісіндегі құрбандардың саны басқаларға қарағанда едәуір аз болған. Бұл – негізгі соққының халық аз қоныстанған жерлерге түсуімен түсіндіріледі. Айта кетсек, жер сілкінісі салдарынан 6 мың адам қаза тапты.


КСРО тарихындағы ең қорқынышты жер сілкінісі

1988 жылы 7 желтоқсанда КСРО тарихындағы ең ауыр жер сілкінісі болды. Бұл – Армян КСР-нің солтүстік-батысындағы Спитак қаласында 25000 адамның өмірін қиған және Армения территориясының 40 пайызын қамтыған табиғи апат. Апат салдарынан 140 000 адам мүгедек болып, 514 000 адам баспанасыз қалды.

Жер сілкінісінің магнитудасы 6,8 баллды құрап, эпицентр болған қала мен іргелес жатқан 58 ауыл қираған. Жерасты дүмпулері 21 қала мен 300 елді мекенге айтарлықтай зиян келтірді. Апаттың жалпы шығыны шамамен 10 миллиард рубльді құрады.



Түркиядағы жер сілкінісі

2023 жылдың 6 ақпанында таңертең Түркияда 7,8 баллдық жер сілкінісі орын алды. Кейіннен тағы бірнеше жер сілкінісі тіркеліп, олардың бірі таңертеңгідей күшті болды. Еуропалық-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мамандары бұл дүмпудің эпицентрі Кахраманмараш провинциясында орналасқан Эльбистан қаласынан 7 шақырым жерде екенін анықтады. Күшті жер сілкінісі Сирияға және басқа да бірнеше көрші елдерге әсер етті.

Түркияның онға жуық қаласын тас-талқан еткен бірнеше жойқын жер сілкісінен соңғы деректер бойынша қаза тапқандар саны 40 мыңнан асты.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Қыста ЖАЗДАҒЫДАЙ демалыс сыйлайтын ЕҢ АРЗАН бағыттар


Швейцария барған адам 24 сағаттың ішінде 6 ЕЛГЕ САЯХАТТАЙ АЛАДЫ