Шетелге саяхаттағанда ТАКСИСТ, ҰРЫ және ЖАН-ЖАНУАРЛАРДАН сақтану керек

0
542

Барлық адамның жоспары тура өзі ойлағандай орындала бермейтіні сияқты, саяхатқа шыққан көптеген туристер де күтпеген жағымсыз жағдайларға жиі тап болады. Сондай-ақ, ол жағдайлар қауіпті болуы мүмкін және олардың қашан, қалай болатынын болжау өте қиын.


Шетелге саяхаттағанда ТАКСИСТ, ҰРЫ және ЖАН-ЖАНУАРЛАРДАН сақтану керек

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бөгде елге демалысқа барғанда туындайтын қауіп-қатерден зардап шекпес үшін бүгінгі мақалада өте пайдалы қауіпсіздік ережелерін ұсынамыз.


Өзіңізге абай болыңыз

1. Қауіпті орындарға бас сұқпаңыз. Өзіңіз барамын деп жоспарлаған жердің қауіпті немесе қауіпсіз екенін туристік сайттардан оқып немесе жергілікті тұрғындардан сұрап білуге болады. Сонымен қатар, қараңғы түскен соң көшелерде жаяу жүру өте қауіпті.

2. Қыздарға: түнгі уақытта қаншалықты маңызды жер болса да жалғыз бармаңыз.

3. Саяхаттап жүргенде денсаулығыңызды ойлаңыз және өзіңізге таныс емес дәрі-дәрмекті қолданбаңыз.

4. Бейтаныс елде немесе қалада алькогольді сусындарды тұтынбаған дұрыс.


Ұрылардан сақтаныңыз

5. Заттарыңызды ұшақтың немесе автобустың жүксалғышына тапсырған кезде, аузын мықтап бекітіңіз және өзіңіздің немқұрайлы адам емес екеніңізді байқатыңыз.

6. Ешқашан жүксалғышқа тапсыратын сөмкеңізге құнды заттарыңызды қалдырмаңыз.

7. Мейрамханаға барғанда ешқашан сөмкеңізді үстелде қалдырмаңыз.

8. Жалғыз болсаңыз: Егер, Сіз бір жердегі (мысалы, мейрамханадағы) дәретханаға шығатын болсаңыз, құнды заттарыңызды өзіңізбен алыңыз. Ал, үлкен затыңыз болса, көрші үселдегілерден немесе қызметкерлерден қарай тұруын өтініңіз.

9. Әдетте жағажайда демалушылардың бірі суға түсіп жатқанда, екіншісі заттарға қарап отырады.

10. Суретке түсіретін адам фотоаппаратты мойынға немесе иыққа іліп алғаны дұрыс.

11. Шалбардың артқы қалтасына бағалы заттар салмаңыз.

12. Автобустағы жоғарғы сөреге, әсіресе түнде ешқандай затыңызды қоймаңыз. Ұрылар сіздің бағалы затыңызды тап сол ұйқыға кеткенде үптеп кетуі әбден мүмкін. Үлкен сөмке – жүксалғышқа, кішігірім рюкзак – орындық астына, ең бағалы заттар – бел сөмкеде тұрғаны дұрыс.

13. Алтын, жақұт сияқты сәндік әшекейлерді үйде қалдырыңыз.


Ақшаны қайда сақтау керек?

14. Бүкіл ақшаны қолма-қол алып жүру - үлкен қателік. Бір бөлігін қалтаға, екінші бөлігін банктегі түрлі шоттарға салып, қалғанын жақындарыңызға: «Керек кезде сұраймын» деп беріп кеткен дұрыс.

15. Қонақүйге тапсырыс беру үшін жеке картаны қолданған жөн.

16. Қолма-қол ақша мен карточкаларды әмиянға, ал әмиянды бел сөмкеге салып қойған дұрыс.

17. Жағажайда жалғыз демалып жүрсеңіз, заттарды сақтау бөлімінің көмегіне жүгініңіз немесе арнайы ақша мен карточкаларды салуға жасалған су өткізбейтін қорап сатып алыңыз.


Құжаттарды да сақтаудың ережесі бар

18. Сіздің құжаттарыңыз әдетте ешкімге қажет емес, сондықтан оларды сөмкеде немесе қонақ үйдегі үлкен жолдорбада сақтауға болады.

19. Бірақ, төлқұжатты ешқашан кепілдікке бермеңіз! Әсіресе жалға мотоцикл немесе велосипед берушілер төлқұжатты кепілге алып, содан кейін өз затынан жоқ жерден сынық тауып, туристерді үлкен шығынға ұшыратады.

20. Сонымен қатар, қонақүйдегі қызметшіге де төлқұжатты тастап кетпеңіз. Мәліметтерді жазып алып, бірден қайтарып беруін талап етіңіз. Себебі, көп елдерде құжаттың көшірмесін жасап алып, түрлі заңсыз әрекеттер жасайтындар жиі кездеседі. Кейін, олардың ісіне сіз жауап беретін боласыз.


Құрылғыларды қонақүйге қалдыру

21. Сіз тұрақтаған қонақүйде сейф жоқ немесе ол тым кішкентай делік. Ал, ноутбукты жағажайға апару ыңғайсыз. Мұндай жағдайда кез келген құрылғыңызды үлкен сөмкенің астына салып қою - ең дұрыс шешім.


Ұрыларға тап болғанда не істеу керек?

22. Егер, Сіз ұрыларға кезігіп қалсаңыз, онда жай ғана қалаған нәрселерін беріңіз. Оларға қарсыласу - денсаулығыңыз бен өміріңізге қауіп тудыруы әбден мүмкін.

23. Жалғыз ұрының бетіне тіке қараңыз, сонда ол райынан қайтуы мүмкін. Өйткені кез келген ұры Сіздің есіңізде қалғысы келмейді.


Басқа адамды тонап жатқанын көрсеңіз...

24. Мұндай кезде араласпаңыз және ажыратпаңыз. Себебі, бейтаныс адамдардың заттары Сіздің денсаулығыңыз бен өміріңізге тең келмейді. Дұрысы – ұрылар қашып кеткеннен кейін көмек көрсету.


Шетелдік таксиде де қауіп бар

25. Кейбір елдерде туристік орталықтардағы таксистер қонақтарды мінгізіп алып, кейін қару-жарақпен қорқытып, ақшасын және бағалы заттарын тартып алатын жағдайлар кездеседі. Сондықтан, өзге елге барғанда тек ресми такси орталықтарына қоңырау шалып, көлік шақыртқан дұрыс.

26. Тек қана артқы орындыққа отыру керек.

27. Бағалы заттарды жолдорбамен бірге жүксалғышқа салмай, өзіңізбен алып отырыңыз.

28. Жеткізу бағасын алдын ала келісіу қажет немесе таксометрді бақылап отыру қажет.

29. Мототаксиге отырар кезде дулыға беруін талап ету керек.


Қауіпті жануарлар мен жәндіктер

30. Экзотикалық жерлерге барар алдында онда қауіпті жануарлар немесе жәндіктердің бар-жоғын анықтап алыңыз. Олар сіздің денсаулығыңыз бен өміріңізге қауіп төндіреді.

Шын мәнінде, бұл ережелерде күрделі ештеңе жоқ және барлығы пайдалы. Өз қауіпсіздігіңіз – өз қолыңызда!

Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Мұхитқа саяхаттап, КИТТЕРМЕН бірге шомылуға болады

КӘУӘП, РАТАТУЙ, ПАЛАУ мен БАЛМҰЗДАҒЫ әлемге танылған қай елдер?
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет