Мұхитқа саяхаттап, КИТТЕРМЕН бірге шомылуға болады

0
4 928

Ғаламшардағы аралдар мен құрлықтарды қоршап жатқан тұтас су айдынына, яғни мұхиттарға барып демалуға бола ма? Әрине болады! Бүгінгі мақалада біз Сіздерге ең танымал бағыттардың бірі – Үнді мұхитындағы демалыс туралы ақпараттар ұсынамыз.


Мұхитқа саяхаттап, КИТТЕРМЕН бірге шомылуға болады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Тынымсыз өткен жұмыс күндерінен кейін барлығын ұмытып, тыныштықта демалғымыз келеді. Демалыс жоспарын құратын кезде қайда баратынымыз жайлы ойланамыз және көбіне тау етегін, көл, теңіз жағалауларын, демалыс орындарын таңдаймыз. Ал, мұхиттардағы керемет демалыс әртүрлі болуы мүмкін. Барлығы сіз таңдаған орынға байланысты.


Үнді мұхитындағы демалыс

Үнді мұхиты – тартымды, романтикалық демалыс сыйлайды. Мұнда келіп пальма мен жергілікті аборигендердің ортасында керемет шомылу маусымын өткізуге, теңіз өнімдерімен тамақтануға және су спортынан ләззат алуға болады.


Бағыттар тізімі:

1. Гоа, Үндістан

Үндістандағы бұрынғы португал колониясы жыл сайын су мен мұхиттағы демалысты жақсы көретін 2 миллионнан астам туристі қабылдайды. Гоаға барған адамдардың жағажайда демалуға, иогамен айналысуға және үндістердің «аюрведа» деп аталатын халықтық емінен шипа алуға мүмкіндігі болады. Сондай-ақ, бұл жер Солтүстік (мұнда жастар және қаржы үнемдегісі келетін туристер көп барады) және Оңтүстік (ең қымбат орын деп есептеледі) болып екіге бөлінеді.


Артықшылықтары:

• демалысқа ыңғайлы;

• таза жағажайлар;

• дамыған туристік инфрақұрылым;

• ағылшын тілі кең таралған;

• радикалды ыстық кезеңдер болмайды.



2. Мальдив

Мальдив Республикасы Үнді Мұхитындағы жүздеген шағын аралдардан құралған. Мұндағы кез келген аралды таңдап, шулы қаладан алыс жердегі мұхит демалысынан, дайвинг пен серфингтен рахат таба аласыз.


Артықшылықтары:

• Мальдив аралдарына бару үшін виза қажет емес;

• жағажайлары таза;

• экзотикалық жемістер көп;

• судағы қонақүйлерге тұрақтауға болады;

Ең басты ерекшелігі – Мальдивте алып киттермен бірге шомыла аласыз!



3. Маврикий

Маврикий аралы Шығыс Африкаға жататын, «Додо» құсы мекендейтін жалғыз мемлекет. Мұнда да жағажай демалысы үшін керемет жағдай жасалған. Ең бастысы – қауіпсіз, яғни қылмыстық әрекеттер өте сирек кездеседі.



Артықшылықтары:

• кез келген талғамға сай жағажайлар, қонақ үйлер мен мейрамханалар бар;

• маржанды рифтерді көруге болады.



4. Сейшель аралдары

Сейшель 115 аралдан құралған Шығыс Африкадағы мемлекет. 1971 жылы мемлекет аумағында халықаралық әуежай ашылғаннан кейін, туристер көптеп келе бастаған. Мұнда келген туристер жағажайда демалып, балық аулай алады және мұхит жағасында үйлену тойын өткізуге де мүмкіндіктер жасалған.


Артықшылықтары:

• виза қажет емес;

• ақ құмды жағажайлар;

• дамыған туристік инфрақұрылым;

• қауіпсіз;

• Эден Айленд аралындағы асханаларда әлем елдерінің тамқтарына тапсырыс бере аласыз.



5. Бали, Индонезия

Бали – Малай архипелагындағы үлкен арал. Бір орында отырмай, әр жерді көріп-біліп жүріп демалатын адамдар үшін тамаша таңдау. Себебі, Балидегі әрбір демалыс маусымында жағажай демалысымен бірге мәдени-танымдық бағдарламалар, ойын-сауық кештері ұйымдастырылады. Яғни, мұхиттағы демалыстың арқасында Индонезия мәдениетімен танысып қаласыз.



Артықшылықтары:

• аралда халықаралық әуежай бар;

• қоғамдық көліктер, такси мен бензин бағасы арзан;

• табиғаты алуан түрлі.



6. Шри-Ланка

Шри-Ланка – Үнді мұхитындағы арал. Бұрын Цейлон деп аталған Шри-Ланка қазір мұхиттағы демалысқа арналған әлемдегі ең танымал орындардың бірі және арал жыл сайын 2 миллионнан астам турист қабылдайды. Бұл жерде де жағажай демалысынан рахат алып, жергілікті мәдениетпен танысуға және «аюрведадан» ем қабылдауға болады.



Артықшылықтары:

виза алу оңай;

жылы және таза теңіз;

алуан түрлі табиғат: таулар, джунгли, жазықтар, жағалау;

жол жүйесі сапалы, қоғамдық көлікен жүру арзан;

жағажайдан тыс серуен үшін түрлі көрікті орындар бар;

саудаласып, бағаны түсіруге болады;

қонақүйлер арзан.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДА демалғыңыз келсе, МАУСЫМ айында мына елдер ыңғайлы


ҚАРА ТЕҢІЗ жағалауы, РАУШАН ГҮЛІ ФЕСТИВАЛІ - Болгарияға саяхаттап көрдіңіз бе?