2019 жылдың сәуір айынан бастап Шымкент жастары мен әйелдерін не күтіп тұр?

0
2 860

Кәсіпкерлікті бастауға жылдығы 1 пайыздық несиемен басталмақ.


2019 жылдың сәуір айынан бастап Шымкент жастары мен әйелдерін не күтіп тұр?

Шымкент қаласы әкімдігінің 2019-2021 жылдарға арналған жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспары жарияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Біріншіден, кәсіпкерлікті бастауға жылдығы 1 пайыздық несие.

Екіншіден, қажетті коммуникациялармен жабдықталған дайын өндірістік кешендер кіші өндіріс орындарын ашу үшін ерекше тәсілмен жалға беріледі. Бірінші жылы жалға алу ақысы тегін, екінші жылы — 50 пайыз, ал үшінші жылы — 25 пайызбен беріледі, нарықтық бағамен.

Үшіншіден, электронды коммерциямен айналысқысы келетіндер үшін интернет дүкендердің Қазақстан мен Өзбекстан аумағында пошталық жеткізіп беру шығындарын жабу.

Төртіншіден, көше саудасы. Онда тіскебасар сататын, кіші дүкендер, шеберханалар ашу үшін техникалық жағдайы жасалған жер учаскелері беріледі. Басты шарт - сауда алаңдарының бекітілген стандарттарға толық сәйкес болу қажет.

Бесіншіден, қалада «ақылды» фермалар ашу үшін 1 гектар көлемінде жер учаскелері беріледі. Онда кәсібін жаңадан бастаған фермерлерге тамшылатып суғару құрылғыларымен жабдықталған жер учаскелері, тұқым, тыңайтқыш беріліп, техникалық қызмет түрлері ұсынылып және өндірілген өнімді сату жөнінде келісімшарт түзілуі мүмкін.

Алтыншы, жас кәсіпкерлер мен әйелдерге бизнесті ұйымдастыруға арналған франшизаны иеленуге (шығынның біраз бөлігін өтейміз) және өздерінің табысты бизнестерін франшизаға «буып түюге» көмек көрсетіледі.

Жетінші, Шымкентте бизнеске арналған супермаркет ашылатын болады. Кәсіпкерлер, оның ішінде кәсібін жаңадан бастағандар супермаркет принципі бойынша бизнесті жүргізуге қажетті дүниелерге қол жеткізеді. Қаржылық, кеңес беру, дайын бизнес жобаларға дейін қол жеткізе алатын болады.

Жоғарыда келтірілген жастар және әйелдер бизнесін дамытуға арналған жаңа шаралар 15 сәуірден бастап қол жетімді болады. Нақты талаптары, шарттары, ережелері 1 сәуірге дейін жарияланады.

Дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің ресми парақшасы