"5 мың долларға сатып жіберген" - құлдықта болған шымкенттік бойжеткен үйіне оралды

0
1 925

Барлық жәбірленушіге тиісті әлеуметтік, құықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр


Бахрейнде тұтқында болған шымкенттік бойжеткен үйіне оралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Елімізде адам саудасы өршіп тұр. Әсіресе, жақсы жалақынының соңынан шетелге кетіп, сексуалдық құлдыққа түсетін қыз-келіншектер саны көбейген. Жақында Ішкі істер министрлігі мен Интерпол бірлесіп, еліміздің 39 азаматшасын елге қайтарды.

Өзгеге құл болған бойжеткеннің бірі - Шымкент тұрғыны. Оның айтуынша, осыдан бір жыл бұрын оны алыс туысы жоғары жалақылы жұмыс бар деп алдап, Бахрейн Патшалығына жіберген. Өзге мемлекетке қонған бойдан, азаматша құжатынан айырылыпты.

«Күтіп алған кезде менің құжаттарымды қолына алып алды. Сосын біз қонақ үйге өтеміз. Қонақ үйге жайғастырғаннан кейін бұл кісі маған, сенің құжаттарың менің қолымда болады. Мен сені сатып алғанмын, деді. Мен түсінбеймін, не үшін сатып алды, не істегенін. Сонымен, не деп жатсыз десем, сені сатып жіберді деді», - дейді тәнін саудалауға мәжбүр болған Шымкент қаласының тұрғыны.

Төлқұжатын тартып алған Бахрейндік отандасымызға жезөкше боласың дегенде, азаматша тәнін саудалаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Бірақ, жұдырық пен тепкінің астында қалған соң, амалсыз келістім, дейді.

Қараңғы қапаста өзге қазақстандықтармен отырып, Бахрейнде пақыр тиын да таппаған бойжеткен алыс туысы оны 5 мың долларға сатып жібергенін де кейін біліпті.

«Анықталған жәбірленушілер елімізге қайтарылып, өз отбасыларын жеткізілді. Оларға қазіргі таңда қандай да бір қауіп төніп тұрған жоқ. Уәкілетті органдармен барлық жәбірленушіге тиісті әлеуметтік, құықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде», деді ҚР ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Қазір осы іс бойынша 19 адам күдікке ілініп, 15-і қолға түскен. Қазір оларды Қазақстанға әкелу туралы келіссөздер жүруде. Тағы үш күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Сондай-ақ соңғы екі аптада Біріккен Араб Әмірліктері және Түркияда жөзекшелікпен айналысқан тағы 6 қазақстандық келіншек анықталған. Олар қылмыскерлердің қолынан қашып шыққан соң, елге өз беттерінше орала алмапты. Қиындыққа тап болғандарды отандық дипломаттар тауып, Қазақстанға жеткізген. Бүгінде елімізде жеңіл жүріске мәжбүрлеу бойынша жалпы саны 133 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Дереккөз: Еуразия Бірінші арнасы