Абдулабад және Базарқақпа тұрғындары қоғамдық келісімді қолдайды

0
495

Тұрғындар ең бастысы елде тыныштық болсын дейді.


Абдулабад және Базарқақпа тұрғындары қоғамдық келісімді қолдайды

Шымкент қаласындағы Абдулабад және Базарқақпа тұрғын алаптарында жергілікті жұртшылықпен кездесулер өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің және Еңбекші аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік этносаясаттың жүзеге асырылу барысы» тақырыбында тұрғын алаптарында жергілікті жұртшылықпен тұрақты кездесулер өткізіліп тұрады.
«Қазіргі кезде елімізге ең қажеттісі – ел бірлігі екені белгілі. Айналамызда бүгінгідей алмағайып заманда сан түрлі ұлттар мен ұлыстардан тұратын кең-байтақ еліміздегі тыныштыққа тіксіне қарайтындар да жоқ емес. Елдің біртұтастығын әрбіріміз көздің қарашығындай қорғауымыз керек. Ол үшін барлығымыз қолданыстағы заңнамаларды орындасақ, мемлекеттік тілдің мерейін асырсақ, барша жастарымыз міндетті әскери борышын уақтылы өтесе, барлық этностар қазақ халқының маңына топтасса жетіп жатыр», - деді кездесулерде қатысқан «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Е.Байқонақов.
Жалпы, бүгінге дейін Абдулабад пен Базарқақпа тұрғын алаптарына қатысты қандай да бір теріс жағдайлар, келеңсіздіктер орын алған емес. Қоңыртөбел тірлік кешіп жатқан тұрғындар ең бастысы елде тыныштық болсын дейді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің мәліметінше, былтыр «Достық» үйінде ашылған «Бірлік» алаңына жүктелген маңызды төрт міндеттің бірі – этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету болатын.
Бүгінде Шымкент қаласындағы «Достық» үйінің «Бірлік» алаңында қолға алынған мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысушылар саны артып келеді. Қазіргі таңда 30-ға жуық этнос өкілдері аптасына екі рет бас қосып, қазақ тілін оқып-үйренуде.
Сондай-ақ, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» бірлесе қолға алған жоба аясында жастарға сабақтан, жұмыстан тыс уақытта тіл үйрену курсына қатысуына жағдайлар жасалған.